Қазақстанға сүт пен сүт өнімдері әртүрлі елдерден әкелінеді, өзімізде де өндіріледі. Дүкендерде түр-түрі бар. Байқағанымыз – отандық өнімге сұраныс жоғары.
Бүгінгі таңда облыста 110 тауарлы- сүт фермасы жұмыс істейді. Ондағы малдың саны – 50 мыңнан астам. Оның ішінде соңғы 6 жылда облыста 42 ферма іске қосылды. Олардағы сиырдың саны 20 мыңнан және жылдық өндіріс қуаты 103 мың тоннадан асады. Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша сүт өндіруден екінші орында тұр. Өткен жылы 347,2 мың тонна сүт сауылды.
Облыста жалпы қуаттылығы жылына 451,3 мың тоннаны құрайтын сүт өңдейтін 15 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Сүт өнімдерінің ассортименті 150-ден астам атаудан тұрады. Олар – қаймақсыз сүт, ашытылған сүт өнімдері, ірімшік пен сүзбе, сарымай және құрғақ сүт. Дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша өңіріміз бірінші орында екенін айта кеткен жөн.
Отандық өнімдерді өңірдегі дүкендердің кез келгенінен табуға болады. Жергілікті тұрғындар жиі баратын «Dostyq mall» сауда орталығындағы «Aimer» супермаркетінде 6 отандық сүт өнімі тұр. Олар – «Зенченко», «Milko Bo», «Петропавловское», «SUT», «Бескөлдік», «Наше» сүттері. Сапалы және қауіпсіз өнімді таңдау үшін әрбір тұтынушы бірнеше ережені білгені дұрыс. Алдымен қаптаманы мұқият тексеріңіз. Ол мыжылып майыспаған, бүтін болуы керек. Қаптамадағы ақпарат анық, оқуға оңай, сенімді және тұтынушыларды адастырмауы тиіс. Сүт техникалық регламентке сәйкес, көптеген түрлерге бөлінеді.
– «Нормаланған сүт» – сүт майы мен сүт ақуызының немесе сүттің құрғақ майсыздандырылған заттары болмаса, олардың үлесі сүтті өңдеу өнімін өндіруге сәйкес өндірушінің техникалық құжаты немесе көрсетілген стандарттарға сәйкестігі келтірілген сүт өнімдері;
– «Майсыздандырылған сүт» – сүттен сүт майын бөліп алу нәтижесінде алынған, сүт майлылығының массалық үлесі 0,5 пайыздан төмен емес сүт;
– «Байытылған сүт» – табиғи (бастапқы) құрамымен салыстырғанда өнімнің тағамдық құндылығын арттыру үшін ақуыз, дәрумендер, микро және макроэлементтер, тағамдық талшықтар, көп қанықпаған май қышқылдары, фосфолипидтер, пребиотиктер қосымша, бөлек немесе біріктірілген қалыпта қосылған сүт;
– «Ауыз сүті» – қаймағы алынбаған, майсыздандырылған, нормаланған, байытылған сүт. Сүт майының массалық үлесі 10 пайыздан төмен, термиялық өңдеуге, кем дегенде пастерлеуге ұшыраған, құрғақ сүт өнімдері мен су қоспасынсыз тұтыну ыдыстарына өлшеніп оралған сүт өнімі.