Елімізде метапневмовирус жұқтырғандар саны күн санап көбеюде. Біздің өңіріміздегі ахуал да алаңдатарлық.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде эпидемиялық маусым басталғалы тұмауға жатпайтын вирустарды жұқтырудың 100-ге жуық жағдайы тіркелген. Атап айтқанда, 34 адам риновирусқа, 28 тұрғын аденовирусқа, 23 науқас парагрипке, 5 адам бокавирусқа шалдыққан. Төрт адам метапневмовирус жұқтырған.
Мамандардың айтуынша, метапневмовирус – көптеген елде бұрыннан таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталған. Метапневмовирус негізінен ауа арқылы таралады. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, бас ауруы. Әлемде бұл дертті нақты емдеу жолы жоқ болғандықтан, симптоматикалық емдеу әдісі қолданылады.
Санитар дәрігерлер аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар жандарға қатысты. Сондай-ақ үй-жайларды үнемі желдету, қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету қажет. Ал ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көрініп, ем алған жөн.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».