«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАНЫ ТӨМЕНДЕТУ БАЛАҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗБЕСІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында елу шақты мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Онда мыңдаған бүлдіршін тәрбиеленуде. Ата-аналар сәбиінің күтімінен бастап тамақтануына дейін балабақшаға сеніп тапсырады. Перзентінің қарны тоқ болуы үшін мемлекет бекіткен ақысын да төлейді. Жекеменшік мекемелерде ата-ананың бергенін бір айға жеткізіп, бүлдіршіндерді тамақтандыру кәсіпкердердің мойнында. Олар өз бетінше бағаны төмендетіп яки қымбаттата алмайды. Тамақтану құнын есептеудің арнайы ережелері бар. Алайда осы бір норма қаладағы біраз кәсіп иесіне кедергі келтіріп отырған жайы бар.

Кәсіпкер Ольга Жаркованың сөзінше, өткен жылы балабақшалар мен мектептерде балалардың тамақтануына төленетін ақы кеміген. Асхана иелері азық-түліктің қымбаттағанына қарамастан тамақтандыру қызметінің арзан бағаланып отырғанына қапалы.

– Білім бөлімінің бұйрығымен ата-аналардың балабақшадағы тамақтануына төлейтін ақысы әр категория бойынша орта есеппен 2000 теңгеге арзандатылып отыр. Былтырғы меже 2023 жылдың желтоқсанындағы азық-түлік бағасы негізінде белгіленген еді. Қымбатшылыққа қарамастан биылға тамақтану құны төмендеген. Бұл бүлдіршіндерге берілетін тамақ сапасына, түптеп келгенде, олардың денсаулығына әсер етеді. Кәсіпкерлер порцияларды азайтып, арзанырақ азық-түлік алуға көше бастайды. Алайда балаларға тамақ берудің нормалары мен стандарттары бір. Біз оны да бұза алмаймыз. Қазіргі жағдай кәсіпкерлер үшін тиімсіз болып отыр. Жекеменшік балабақшалар азық-түлікті бөлшек саудадан алса, мемлекет меншігіндегілері тендер жариялайды. Алайда 2-3 рет тендер жарияласа да тауар жеткізушіні таба алмай отырғандар бар. Өйткені белгіленген бағаға ешкім азық-түлік әкелгісі келмейді, – дейді кәсіпкер.

Былтыр әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 13 түрінің бағасы өскен. Оған коммуналдық қызмет құнын қосыңыз. Осыған қарамастан балабақшадағы тамақтану 10 пайызға арзандаған. Ольга Жаркова бұл мәселе ата-аналардың құлағына жетсе, олардың да алаңдаушылық білдіруі мүмкін екенін айтады. Дәл осындай жағдай мектеп асханаларында да орын алып отыр. Биылғы баға былтырғыдан арзан. Бұл ата-аналардың қалтасы үшін азын-аулақ үнем болғанымен балалардың тойып тамақ ішпеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

– Егер бұған дейін мектеп балаларын орта есеппен 614 теңгеге тамақтандырып келсек, бұл көрсеткіш 600 теңгеге дейін төмендеуі ықтимал. Негізі мектеп оқушыларының тамақтануы 3 категория бойынша жүргізіледі. Бастауыш балалары үшін төлем жоғары сыныптарға қарағанда арзан. Бұрын үш категорияның бағасын қосып, ортақ құнын шығаратын. Сол есептеу кәсіпкерлерге тиімді еді. Ал қазір әр категория бойынша қанша баланы тамақтандырсақ, сонша аламыз. Мектептерде бастауыш сыныптың білім алушылары көп болғандықтан орташа қызмет көрсету құны да арзандады, – дейді кәсіпкерлердің мұңын жеткізген «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Усольцева.

Ал облыстық білім басқармасындағылар балалардың тамақтану құнын есептеудің арнайы тәртібі бар екенін жеткізді. Есептеулер соған сай жүргізіледі екен. Өңірде баланың қай топқа баратынына қарай тамағы үшін ата-аналар айына 15-20 мың аралығында ақша төлейді.

– Балабақшалардағы ата-аналардың тамаққа төлейтін ақысы 2024 жылғы жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағасы туралы статистикалық деректерге сүйеніп жасалады. Сондықтан біз бағаны негізсіз арттыра алмаймыз. Экономикалық тергеу департаменті жүргізген тексерулер кей жағдайда бірінші реттен тендер өткізе алмағандардың бағаларды өсіріп көрсеткенін анықтады. Олармен тиісті жұмыстар жүргізіліп, олқылықтар ретке келтірілді. Бүгінде балабақшалардың төлемі кіші топтарда 2 мың, жоғары топтарды 1800 теңгеге төмендеді. Қазіргі нормаларға сай баға осылай есептеледі. Оны аттап өте алмаймыз. Тамақ сапасы бізді де алаңдатады. Егер оның құнын арттырғымыз келсе, ата-аналардың келісімі керек. Өйткені балаларды тамақтандыру шығыны солардың есебінен өтеледі, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Бұл мәселеге қатысты бақылаушы мекемелердің айтар өз уәжі бар. Ондағылар кәсіпкерлердің бәрі өз міндетіне адалдық танытпайтынын айтады. Тиісті нормаларды белден басып, өз пайдасы үшін заң бұзушылыққа баратындар көп екен. Сатып алу кезінде дүкендегі бағадан бірнеше есе көп бағаны көрсететіндердің әрекеті облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандарының назарына іліккен. Мұның бәрі бірлі-жарым деректер емес. Көптеген балабақшаларда осындай жағдай орын алып жатқанға ұқсайды.

– Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын көтеріп көрсеткендерді анықтадық. Материалдарды экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураға жолдадық. Өз өкілеттілігіміздің аясында біз конфидециалды ақпаратқа қол жеткізіп, шот фактураларға талдау жүргізе аламыз. Осы талдаулар түгел дерлік балабақшаларда бағаны көтеру дерегі кездесетінін көрсетті. Тіпті азық-түлік құнын бірден 300-400 пайызға асырғандар бар. 100 теңгенің өнімін бірнеше есе қымбатқа алғандар анықталды. Оның бәрі тиісті органдарға жіберілді. Біз ата-аналардың ақшасын үнемдеп қана қоймай, барлық сатып алудың талапқа сай болуын қадағалауымыз керек, – дейді облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.

Мұндағы тараптардың ұстанымдары түсінікті. Ал жоғарыда келтірілген деректерге қатысты тиісті органдар тексеру жүргізіп, нақты шешім шықпағандықтан қандай да бір қорытындыға келуге әлі ерте. Олардың бекерге іс қозғамайтыны аян. Егер сатып алу кезінде бағаны бірнеше есеге қымбаттатқандар анықталса, заң аясында тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Алайда бұл басқаларға қатысты көзқарастың өзгеруіне әкелмеуі керек. Ал мұндай баға өсірулер балабақшалардың көпшілігінде орын алып жатса, демек расымен де қысқа жіп күрмеуге келмей жатуы мүмкін. Сондықтан бұған қатысты біржақты ұстанымнан аулақ болған жөн. Мемлекет бағаны бекітіп, бірқалыпта ұстап тұруға тырысқанымен, нарықтың өз заңы бар екені анық. Нарық заңына қайшы түбегейлі шешімдер экономикадағы теңгерімді бұзып, кәсіпкерлерді тығырыққа тірейді. Алыпсатарлардың да бағаны белгіленген мөлшерден асырып жіберуі ғажап емес.

– Мемлекеттік балабақшалар азық-түлікті тендер жариялау арқылы алады. Біз сияқты жемекеншік балабақшаларға керек-жарақты бөлшек саудада алу тиімсіз. Сатушылар нарықтан төмен бағаға тауар бергісі келмейді. Белгіленген бағамен азық-түлік алу үшін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына да жүгіндік. Ондағылар ұсынысымыздан бас тартты. Мысалы норма бойынша кәсіпкер сүттің литрін 393 теңгеге сатып алуы керек. Алайда дүкендегі 0,9 литр сүттің өзі 369 теңге тұрады. Ал жергілікті сүттің литрі – 404 теңге. Сүтті алыпсатарларсыз зауыттан алған күннің өзінде баға осы, – дейді Ольга Жаркова.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

­ТҮЙІН:

Кәсіпкерлер баға есептеулерінің нарыққа сай жүргізілмейтініне наразы. Ал жауапты мекемелер тиісті қаулының орындалуы керек екенін айтуда. Алайда бұл ретте бәрінен де маңызды дүние бар. Ол – күндізгі уақытының басым бөлігін мектепке дейінгі білім беру ұйымында өткізетін бала тамағының сапасы. Біздің бар қазынамыз – кішкентай бүлдіршіндер. Сондықтан олардың денінің саулығы, көңілінің жай, дамуының қалыпты болуы кімнің мүддесінен болсын жоғары. Кәсіпкерлер төмен бағаға шақтаймыз деп сапасыз өніп алып, оның арты балабақшадағы оқыс жағдайға ұрындармасына кім кепіл. Жауапты мамандар қағазбастылыққа салынып, есеп-қисапқа ғана сүйеніп шешім шығаруды, кәсіпкерлер өз қалтасының қалыңдығын емес, ең алдымен, баланың дұрыс тамақтануын ойлағанда оңтайлы шешім шығады. Осындай маңызды мәселеге келгенде ата-аналардың да үнсіз қалмағаны жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp