Биыл құрылғанына 30 жыл толатын Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихи тұрғыдан қас-қағым уақыт ішінде қоғамдық институтқа айналып, түрлі қоғамдық күштермен жан-жақты байланысы нығая түсті. ҚХА-ның XXXIII сессия шешімдері шеңберінде стратегиялық мақсаттарға жету жолдары айқындалып, қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға бағытталған 13 арнайы жоба бекітілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымына қарасты этномәдени бірлестіктері «Бірлігіміз – әр алуандықта» бағдарламасына асқан ықыласпен белсене қатысып келеді. Жыл басынан бері мазмұны жағынан әр алуан сипаттағы көптеген іс-шаралар өткізілді. Соның бірі – түрік ағайындардың елімізге еріксіз түрде жер аударылуының 80 жылдығына арналған «Көз жасы жолы» атты еске алу кеші. «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Ахмад Ведшиевті құрметті қонақ ретінде шақырып, оның бастан кешкен қиындықтарын жиналғандар үлкен тебіреніспен тыңдады. Бейнебайланысқа Астанадан «Ахыска» түрік орталығы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Аскер Пириев, Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты, жергілікті этномәдени бірлестік төрайымы Камилла Дургалова қосылып, әзірбайжан, татар, поляк, украин, орыс, молдован, болгар, армян, тағы басқа этнос өкілдерінің қаншама қуғынға ұшыраса да, рухының беріктігі мен күш-жігеріне, қазақ халқы тарапынан көрсетілген көмекке, ортақ мақсат үшін жұдырықтай жұмылған халық арасындағы қолдау мен өзара түсіністікке қатысты ойларын ортаға салды. Шыңғыс Құрбанов (әзірбайжан мәдени орталығы), Зарема Героева («Вайнах» шешен қауымы), Любовь Литвинова («Видергебурт» неміс мәдени бірлестігі) өз ұсыныстарын білдірді.
«Жомарт жан» жобасы аясында атқарылған қайырымдылық істер – өз алдына бір төбе. Белсенді қоғамдық күштермен бірлесіп, су тасқыны кезінде зардап шеккендерге, атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сырқат, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, «Қайырымдылық керуені» «Мектепке жол», «Жақсылық жаса», «Қайрымды ел», «Жылуыңмен бөліс», «Белый Бим» сияқты шаралар қамтылды. «Ассамблея айнасы» арнайы жобасы үлкен танымалдылыққа ие. Валентина Корнева жетекшілік ететін Журналистер клубының мүшелері оның қызметі жайлы ақпараттар ұсынып отырды. Осылайша «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жазылушылардың саны едәуір артты. «Еңбек адамы» айдары аясында танымдық мақалалар жарияланды. Этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелер әлеуметтік желілерде дербес парақшалар ашты. «Саламатты сана» бағдарламасына Жұлдыз Саттарованың жетекшілігіндегі Аналар кеңесі белсене қатысып, әділеттілік пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Әсіресе, нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдерге қарсы ұстанған ымырасыз күрес үлгі етуге тұрарлық. Солтүстік Қазақстан фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының қолдауымен «Жасыл сертификат» жобасын іске асыра отырып, құрамында есірткі бар дәрілік заттардың заңсыз таралуына тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, полиция департаментімен, Әкелер кеңесімен, басқа да мүдделі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. «Адал азамат» арнайы жобасы Қазақстан халқының іргелі құндылықтары негізінде жастар мен балаларды тәрбиелеуге бағытталған. Ақсақалдар кеңесі жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрлерін құрметтеуге әркез бағыттап отырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның бөлімшелері жастар тәрбиесін назардан тыс қалдырған емес. «Жаңа толқын» арнайы жобасы бірінші кезекте қазақстандықтардың жас буынына арналған. Жобаның басты ұраны – жасампаздық және өрлеу. «Ассамблея жастары» облыстық өкілдігінің белсенділері «Қызылжар Fest» жастар слетін өткізді, оның жүргізуші спикерлері – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александр Урмашов пен қалалық мәслихаттың депутаты Закиржан Мамлютов болды. Өкілдік жетекшісі Дариға Смайылованың белсенді қызметі лайықты бағаланып, «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Аталған бағдарламаларды іске асыруда этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары Алексей Хан, Владимир Витченко, Худайберген Афандиев, Мария Татаренко, Убайдулло Раджабов, Елена Семидоцких, Наиль Абраев, Залибек Мхоян, Диляра Хасанова және тағы басқалары өлшеусіз үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да жұртшылықтың назарына озық жобалар ұсынылып, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелердің, азаматтық сектордың кең ауқымды диалогы мен ынтымақтастығына негізделген мүмкіндіктер кеңінен қарастырылатын болады. Мұның бәрі ортақ құндылықтарымыз – бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен жасампаздықтың біріктірушілік рөлін нығайтуға негізделеді.
Болат БАЗАРБАЕВ,
«Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы.