Тарихы сонау 1928 жылдан басталатын «С.М. Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы Мәскеуде құрылып, 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Петропавл қаласына көшірілген. 1942 жылы алғашқы өнімдерін майданға аттандырады. Зауыт кеңес әскерін түрлі радиоқұрылғылармен қамтамасыз етіп отырды. Бүгінде өндіріс орны заман талабына сәйкес бейімделіп, арнайы байланыс құралдарын, цифрлық теледидарларды, темір жол автоматикасын, телемеханика мен қауіпсіздік жүйелерін шығарумен айналысуда. Зауыт директорымен болған әңгімеміз кәсіпорынның қазіргі тыныс- тіршілігі тақырыбында өрбіді.
– Алмас Мұсайұлы, Сіз С.М.Киров атындағы зауытты 2023 жылдың наурызынан бері басқарып келесіз. Бұл қызметке кіріскенде алдыңызға алдымен қандай міндеттер қойдыңыз?
– С.М.Киров атындағы зауыт – елдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Былтыр зауыттың 96 жылдығын атап өттік. Кәсіпорын тарихы 1928 жылы шағын шеберханадан басталған. Соғыс жылдары зауыт майдандағыларға керек радиоқондырғылар жөнелтіп отырған. Жеңістен кейін мұнда көпшілік қолданысқа арналған радиоқабылдағыш құрылғылар құрастырыла бастады. 1960 жылдары «Волна» радиоқабылдағышы мен «Земля-2» геодезиялық құрылғысы халықаралық көрмелерге шығарылып, мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Кейін магнитолалар өндірісі жолға қойылды. Күні кеше жұртшылықтың сұранысына ие болған «OTAU TV» қондырғылары да осында шығарылғанын айта кеткен жөн.
2018-2020 жылдары мемлекеттік қолдау аясында жаңа өндірістер ашылып, көпқабатты баспа палаталары мен SMD- монтаж жасауға қажетті құрылғылар алынды. Бұл электронды өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік берді. Бүгінде Орта Азияда баламасы жоқ 16 қабатты баспа палаталары бәріміздің мақтанышымызға айналды.
Біздің ұстанған саясатымыздың басты бағыты – кәсіби мамандардың ұйымшыл ұжымын құру. Ол үшін біз зауытқа білікті кадрларды тартып, штат құрамын жаңарттық. 2024 жылы зауытқа жаңа тапсырыстар түсе бастады. Бұрынғы әріптестерімізбен байланысты жандандырып, келісімшарттар жасастық. Ендігі міндет – зауыттың ұзақ уақыт жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау.
– Зауыт мамандары бұрынғы өндірісті қайта жандандырып, жаңа өнімдер шығаруды жолға қоя алды ма?
– Иә, біз шығарылатын өнім түрін едәуір арттырдық. Зауыт байланыс, қорғаныс салалары және мұнай-газ кешені мен темір жолға арналған өнімдер шығарады. Біз өнім сапасына ерекше назар аударамыз. Кәсіпорын электронды құрылғылар шығарудың толық циклы құрылған отандық машинажасаудың көшбасшысы саналады. Өткен жылы наурызда жұмыс сапарымен зауытта болған Үкімет басшысы Олжас Бектенов атқарылған ілкімді істерге жоғары баға берді. Соңғы бір жыл ішінде өндіріс көлемі едәуір өсім көрсетті. Жыл басындағы көрсеткіштеріміз де жаман емес. Барлық бөлімдердің жауапты жұмысының арқасында серіктес болғысы келетін компаниялар қатары артып келеді. Біз сапалы өнім шығарып, тапсырысты уақытында жеткізу міндеттемелерін мүлтіксіз атқарып келеміз.
– Әлеуметтік капиталды арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Қызметкелердің игі- лігі үшін нендей жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Біз өз қызметкерлеріміздің денсаулығына үнемі қамқорлықпен қараймыз. Кәсіподақ және әкімшіліктің шешімімен 21 адам шипажайға жолдама алды. Мұндай жолдамалар, ең алдымен, ұзақ еңбек өтілі бар, қиын жағдайларда жұмыс істейтіндерге беріледі. Кәсіподақтың қолдауымен қызметкерлер фитнес-орталықтарға тегін бара алады. Мерекелік сыйақылар мен сыйлықтар да бар. Қиын жағдайда қалған, сырқаттанған жандар да кәсіподақтың қамқорлығынсыз қалмайды.
Былтыр зауыт ерікті сақтандыру туралы шарт жасасты. Оған сай кәсіпорын қызметкерлері мен отбасы мүшелері сырқаттанған жағдайда ақылы клиникаларда тегін ем қабылдап, кә- сіпорын есебінен дәрі-дәрмек, стамотология, массаж қызметтерін ала алады. 2023 жылдан бері 3 және одан көп балалары бар және жалғызбасты аналар мен әкелер тегін тамақтанып келеді. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға материалдық көмек беріледі.
Біздің бір жетістігіміз – өндірістегі жарақаттың жоқтығы. Еңбек жағдайын дұрыс ұйымдастырып, қауіпсіздікке мән беру оқыс жағдайлардың алдын алады. Ұзақ жылдан бері бұл жұмыстармен техникалық басшы Виктория Буракова айналысып келеді. Былтыр Астанада өткен салалық еңбек қауіпсіздігі байқауында кәсіпорын бірінші орын иеленді. Қызметкерлердің саламатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылыстарына үнемі қолдау көрсетіледі. Кәсіпорынның өз спорт залы, футбол, волейбол алаңдары бар. Қызметкерлеріміз бос уақыттарында түрлі спорттық ойындар ойнайды. 2023 жылы ұжымымыз елордада өткен республикалық спартакиадада екінші орын иеленді.
– Облыс орталығында жұмысшы мамандықтар бойынша кадр даярлайтын оқу орындары аз емес. Ондағы жастар үшін өндірісте тәжірибе жинауға мүмкіндік бар ма?
– Биыл біз Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті және жергілікті М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен меморандумға қол қойдық. Еуразиялық университетінде өткен байқауда зауыт «Үздік тәжірибе базасы» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Өзге оқу орындарымен де байланыс жандана түсті. 2024 жылы кәсіпорында 72 жас өндірістік тәжірибеден өтті. Бір топ студент ақылы тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті университет жастары қолына диплом алып осында еңбек жолын бастайды деп үміттенеміз. Ұйымшыл ұжым оларды қуана-қуана қарсы алады.
– Зауытта жастарға жол көрсететін тәжірибелі мамандар бар ма?
– Кәсіпорында 45 жыл жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер бар. Мысалы Александр Мальцев осында 1982 жылдан бері еңбек етеді. Самковскийлер отбасының балалары ата- анасының жолын жалғап зауытта тер төгуде. Олардың жалпы еңбек өтілі 118 жылдан асады екен. «Еңбек жолы-2023» өңірлік байқауында бұл отбасы бірінші орынға ие болды.
Жаңа жылдың алдында зауытта 45 жыл еңбек еткен Мидхат Сүтішевтің құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуы өтті. Соның 26 жылында ол директорлық қызмет атқарып, өндірістің өрге басуына үлес қосты. 1942 жылы еңбек жолын 16 жасында темір жонушы болып бастаған ол қызметтің барлық сатысынан өтіп, 1961 жылы директор болып тағайындалды. Мидхат Усманұлы басқарған жылдары зауытқа кәсіби мамандар көптеп келіп, өнім сапасы артты. Өндіріс басшысының есімі облыс орталығының тұрғындарына де кеңінен таныс.
Біз еңбек ардагерлерін де естен шығармаймыз. Зауытта қаладағы ең белсенді ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Бүгінде оның 580 мүшесі бар. Жыл сайын оларды сый-сияпатқа бөлеп, қаржылай қолдау көрсету дәстүрге айналған.
– Өндірісті одан әрі дамытудың қандай мүмкіндіктері бар?
– Мұндағы шығатын өнім- нің өзіндік ерекшелігі бар. Кезінде зауытта құрастырылатын құрылғылар бүкіл әлем бойынша тарайтын. Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпорынның бұрынғы қуатын қалпына келтіру. Біз үнемі заман ағымынан қалыспауға тырысамыз. Былтыр ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі басталды. Бұл аппараттар ауыл шаруашылығы мен әскери салаға арналған.
Беларусьтік компаниямен жасалған келісім табысқа бастары анық. Оның аясында ірі компанияға жабдықтар жеткізетін боламыз. Серіктестік биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігімен ауқымды келісімдерге қол қойылды. Азаматтық салаға арналған өнімдердің жаңа түрін шығару жоспарда бар. Былтыр электромобильдердің кез келген түріне арналған қуаттағыш құрылғылардың өндірісін игердік. Алғашқы тапсырыс берушінің тауарын жөнелтіп те үлгердік. Оған қоса соққыға берік таксофон аппараттарын шығаруды бастадық. Бұл аппараттар түрме, аурухана, жатақхана, аэропорт, мектеп пен өндіріс орындарында кеңінен қолданысқа ие.
Қазіргі таңда кәсіпорынға инженерлік, техникалық және өндірістік мамандықтарды меңгерген кадрлар керек. Жуық арада жаңа станоктарды іске қосып, жұмысты оңтайландыруды көздеп отырмыз. Зауыттың осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осындағы қызметкерлердің арқасы. Биылғы жыл былтырға қарағанда өнімді, табысты болатынына сенеміз.
Сұхбаттасқан
Ринат ШАМШУТДИНОВ.