Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қала маңында салынып жатқан туристік құрылыс нысандарын аралады. Петропавл аумағында тұрғындар мен туристер үшін жаңа санаторлық-курорттық кешен пайда болады. Жергілікті кәсіпкер бұрынғы «Волна» балалар лагерін қайта жаңғыртып, оны жыл бойы жұмыс істейтін кешенге айналдырмақ. Жоба үшжылдық, ал инвестиция көлемі – 2,5 млрд. теңге. Жаңа нысанда 500 адамға арналған 150 бөлме болады, демалушыларға сауықтыру процедуралары ұсынылмақ. Кешеннің ашылуы демалыстың сапасын жақсартып қана қоймай, 150 тұрақты жұмыс орнын құрады. Бұл жоба өңірде медициналық туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар облыс орталығында жаңа «Самовар» қонақүйі ашылмақ. Бұл жобаға 1 млрд. теңге инвестиция салынған. «Даму» қорынан мемлекеттік қолдау көрсетілген. Қонақүйде 34 орын болады, 15 адам жұмыспен қамтылады. Жалпы Петропавлда қазір 26 қонақүй бар, олар 800 демалушыны қабылдай алады.
Одан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 16 жобаны жүзеге асырып, экоотельдер мен глэмпингтер салуда. Мұндай жобалар туристік инфрақұрылымды және қызметтердің сапасын жақсартуға, жаңа инвесторларды тартуға, халықты жұмыспен, өңірімізді қосымша табыс көздерімен қамтуға ықпал етеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.