Ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет сияқты салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген жас мамандар аз емес. Олар ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуда. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шапағатын көрген жас маманның бірі – Сәния Бекмұратова.
Сәния Серкешқызы 2003 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда дүниеге келген. Атасы мен әжесінің қолында өскен қыз Новоишим қазақ орта мектебін тамамдаған соң 2020-2023 жылдар аралығында Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алады.
– Бала кезімнен аурушаң болдым. Өскенде дәрігер боламын деп армандайтынмын. Кішкентайымнан бағып-қағып өсірген атам да болашақта дәрігер болғанымды қалайды. 7 сыныпта оқып жүргенде балалық арманымнан бас тартып, бастауыш сынып мұғалімі боламын деп шештім. Жоғары сыныпқа көшкенде атамның денсаулығы сыр беріп, қатты ауыра бастады. Сол кезде атама «Дәрігер боламын, сізді өзім емдеп аламын» деп уәде бердім. Осылайша медицина саласын таңдадым, – дейді ақ халатты жан.
Еңбек жолын Петропавлдағы №3 қалалық емханада бастаған маман бір жылдан кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылындағы емханаға жұмысқа орналасқан. Қазір аудандық емханада медбике болып қызмет атқарып келеді. Әріптестерінің айтуынша, жас маманның жауапкершілігі мол, мейірімді, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете біледі.
– Бұл бағдарлама жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жәрдемақы және бюджеттік несие түріндегі әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға бағытталған. Мен де бағымды сынап, осы бағдарламаға өтінім бердім. Құжат жинау барысында қиындықтар туындағаны рас. Көп өтпей өтінішімнің қабылданғанын білдім. Әкімдіктегілер маған үй берді, – дейді жас маман.
Сәния медицинада мол тәжірибе жинап, білімін одан әрі шыңдағысы келеді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».