«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сөз бен істің бірлігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия екенін көзі қарақты газет оқырманы жақсы білуі тиіс.

2022 жылы өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылып, Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы сияқты ауқымды өзгерістерге кеңінен жол ашылды. Аймақтарға қатысты саясатта маңызды қадамдар жасалып, бюджет мәселесінде дербестік арттырылды. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті. Жаңғырту мәслихаттарды да айналып өткен жоқ. Оның мемлекет пен жұртшылық арасындағы сындарлы қарым-қатынасы айқындалып, үйлесімді, әділетті қоғам құруға бағытталды. Мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылып, мазмұны жағынан жаңартылды. Мамлют аудандық мәслихаты өкілді орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып келеді. Жергілікті бюджет қаражатының ашықтығы мен есептілігі, тиімді жұмсалуын бақылау, шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелерге биліктің назарын аудару, тексеру комиссиялары мен депутаттардың қоғамдық-саяси белсенділігін нығайту жайын қамтамасыз ету мысалдары аз емес. Бұл орайда, басты ұстаным тұрғындардың мүдделерін білдіріп қана қоймай, өмір сүру сапасын жақсарту болмақ. Алға игі мақсат етіп қойылған іс-қимыл жоспарлары мәслихат құрамындағы «AMANAT» және «Ауыл» партиясынан сайланған 11 депутатқа, яғни түрлі сала иелері – мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет қызметкерлеріне, ауыл шаруашылығы құрылымы мен қоғамдық бірлестік жетекшілеріне «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын негізге ала отырып, жергілікті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге лайықты үлестерін қосу міндеттері жүктелген. Бұл бағыттағы атқарылған нақты іс-шаралардың нәтижесінде азаматтардың өкілді билікке деген сенімінің нығая түскенін байқау қиын емес. Белое ауылының тұрғындары тіршілік көзін көп жыл бойы жергілікті су жүйесінен пайдаланып келсе, халық қалаулыларының ықпалымен су тарату желісі тартылды. Белое-Щучье жолдарына орташа жөндеу жүргізілді. Сөз арасында «Белое-Агро», «Кулик» және «Тюркин» серіктестіктері елді мекендердің өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Балалар алаңы орнатылды, бастауыш мектептің бұрынғы ғимаратында спорт, ойын залдары, сауна, дүкен бар демалыс кешені жұмыс істейді. Клуб музыкалық аппараттармен жабдықталған. Алдағы уақытта сиыр малы етінен жартылай фабрикат жасайтын өңдеу цехын ашу жоспарланған. №4 сайлау округінен сайлаушылар сені-міне ие болған Марина Коробкова Дубровное, Новодубровное, Пчелино ауылдарында қабылдау өткізгенде тұрғындар науқастарға берілетін әлеуметтік төлемдер мен дәрі-дәрмек жайына, су құбырының жоқтығына, шағын орталық ашу қажеттігіне, Бостандық, Андреевка, Владимировка жұртшылығы депутаттарымыздың бірі Валерий Кейсарчукке жолаушылар тасымалының нашарлығына, дүкеннің жоқтығына, жолдарды жөндеу қажеттігіне шағымданды. Новомихайловкада салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктінің ғимараты құрылысы аумағында абаттандыру аяқталғанымен, жұмыс кестесінен едәуір артта қалғаны белгілі болды. Мұндай кемшіліктер Бексейіт, Покровка, Бостандық ауылдарында пайдалануға берілетін денсаулық сақтау нысандарында да орын алды. Вячеслав Щеголев аудандық ветеринарлық пункт-тің мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысып, малдәрігерлік анықтама, төлқұжат беру, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы деректерді жаңарту тәртібін түсіндірді. Беловка және Калугино тұрғындары жұмыспен қамту, АЕК алу, ауылды абаттандыру, қаңғыбас иттерге тыйым салу ұсыныстарымен жүгінді.

Кейбіреулер Мемлекет басшысы белгілеп берген «Заң мен тәртіп» қағидасын тек құқық қорғау саласына ғана арналған тұжырым деп жаңсақ түсінеді. Депутатттар елді мекендерді, мекемелерді аралағанда, жұртшылықпен кездесулерде бұлжымас заң мен темірдей берік тәртіп кемел демократияның тірегі екенін, өмір салтына айналдыру қажеттігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және одан бас тарту мәдениетін қалыптастыру жолдары жан-жақты ұғындырылды.

Бүгінге дейін мәслихаттың 37 сессиясы, тұрақты комиссиялардың 20 отырысы өткізіліп, 200-ге жуық мәселе қаралды, айтылған сын-ұсыныстар жете ескеріліп отырады.

Президент талаптарының бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмысты орнықтырудың диалог алаңдарын құру, адамдармен тікелей сөйлесудің басқа да тиімді тетіктерін ойластыру. Біз әркез халық қалаулыларының белсенді іс-әрекеттеріне сүйеніп отырамыз. Ондағы мақсат – мәслихаттың рөлін нығайту, тұрлаулы әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, тың бастамаларға қолдау көрсету. «Стан», «Новомихайловское – 2003», «Қызыләскер» шаруашылықтарының басшылары Қанат Бекеновтің, Вячеслав Щеголевтің, Валерий Кейсарчуктың, Мамлют мәдени орталығының жетекшісі Жұлдыз Мұстафинаның, Ленин орта мектебінің директоры Дархан Нұртаевтың, тағы басқаларының есімдері мақтанышпен аталады. Аудандық мәслихаттың 5,6,7,8 шақырылымдарының депутаты Қанат Жаңабайұлы қоғамдық мінсіз қызметі үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Ол бюджеттік саясат, экономиканы дамыту, кәсіпкерлік және экология жөніндегі тұрақты комиссияның жетекшісі ретінде де бастамаларға ұйытқы болып жүр. Құрамында депутаттар бар ведомоствоаралық сараптама тобының мүшелері Беловка және Калугино мектептеріндегі асханаларға рейд жүргізіп, оқушыларға бір мезгіл берілетін ыстық тамақтың сапасын тексерді. Ас мәзірінің әртүрлілігі мен қолжетімділігіне назар аударылды. Қызыләскер мектебінің шаруашылық меңгерушісі Гүлбану Раскұлованың мектепке көмір жеткізіп беру жөніндегі өтінішін В.Кейсарчук тап-тұйнақтай орындап берді. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Д.Нұртаев Бике ауылындағы Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына сараптама жасап, тротуарға өрнектас төсеудегі олқылықтардың дер кезінде түзетілуіне ықпал етті. Тұрғындардың жеке қабылдау кездерінде айтылған өтініш-тілектерінің бірде-бірі аяқсыз қалмайды. Жол жөндеу, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары құрылысы, сумен қамтамасыз ету, субсидияланған жолаушылар тасымалы, сүт бағасы мәселелеріне қатысты 35 депутаттық сауал тиісті орындарға жолданып, бақылауға алынды. Денсаулық сақтау объектілерін салу және жөндеу, жолдарды орта және ағымдық жөндеу жұмыстарына, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізілді. «AMANAT» партиясының аудандық филиалында қозғалған 15 мәселе шешімін тапты. Депутаттар қайырымдылық акцияларына белсенді түрде қатысып, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлер мен мүгедек жандарға көмектесіп отырады. «Балаларға күлкі сыйла», «Мектепке жол» акциялары аясында оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға киім-кешек, мектеп және спорттық формалар, кітаптар, ойыншықтар табыс етілді. Қарияларға, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді.

Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы кәсіпорындары және бизнес құрылымдарымен тығыз түрде ынтымақтаса отырып, ауданның одан әрі дамуына ықпал етудің барлық мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

Жанар КӘРІМОВА,

Мамлют аудандық мәслихатының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp