«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДЕН ТОПЫРАҚ БҰЙЫРМАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ жылан жылы халық үшін жайлы болады деп жақсылыққа жорыған. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген тіркес те соған меңзеп тұрғандай. Бірақ 2025-тің қаңтары кіре қайғылы хабарлар көбейіп барады. Алғашқысы мұхиттың арғы жағынан жетті.

Қазақ жазба әдебиетінің тарихын бес ғасырға ары қарай жылжытқан ғалым, қарымды қаламгер Мұхтар Мағауинның АҚШ-та соңғы демі таусылды. Туған жерден жырақта жүрген жазушыға топырақ жат елден бұйырды. Өзінің ақырғы аманаты солай болыпты. «Балама да айттым: «Өлмейтін адам жоқ, өле қалсам, сүйегімді елге сүйреп әуре болмаңдар, қай жерде өлсем, сол жерге қойыңдар», – деп. Мұсылман зираттары Америкада да бар», – депті жазушы. Бұл – марқұмның өз таңдауы. Сондықтан сүйегін атамекенге әкелмеді деп біреуді кінәлау артық. Келісе алмай кеткені, елдегі кейбір жайттарға көңілі толмағаны анық. Оны өзі де сұхбаттарында бірнеше рет айтты.

Көкжиекке көз жүгіртсек, мүрдесі жат жұртта жатқан жалғыз Мағауин емес екен. Шамда жатқан әл Фараби мен Мысырдағы Бейбарыс сұлтанды, Үндістандағы Дулати мен Өзбекстандағы Төле биді айтпағанда, одан бері де талай қазаққа туған елден топырақ бұйырмады. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов бастаған Алаш қайраткерлері Мәскеуде, Мұстафа Шоқай Германияда мәңгілік тыныстап жатыр.

Бірақ жоғарыда есімі аталған тұлғалар тағдырдың жазуымен, басқа амалдың жоқтығынан сол жерде жерленді. Ал Мұхтар Мағауинның жөні мүлдем бөлек. Ер жігіттің көңілі бір атым насыбайдан да қалады деп жатамыз ғой. Тірісінде де атақонысқа ат ізін салмауы, «Алматыда өлгім келмейді» деуі көңілдегі кірбің тым тереңге кеткенін меңзегендей.

Қазір шекаралар ашылып, елдер бір-бірімен жақындай түсті ғой, демек зираты елеусіз қалады-ау деп қам жеуге еш негіз жоқ. Тәшкенге барған қазақ Төле биді, Берлинге барғандар алдымен Мұстафа Шоқайды іздейді, басына зиярат етеді. Аруаққа құрметпен қарайтын халық болғандықтан Америкаға ат басын бұрғандар да Мағауинге құран бағыштамай кетпейтіні анық.

Жазушы көзі тірісінде Қызылжар өңіріне де талай келіп, ел аузында сақталған әдеби мұраларды жинағанын білеміз. Алпысыншы жылдардың ортасында Шал ақынның өлеңдерін індете іздеп, Қошан Жантілеуұлы, Ғаббас Елеусізов, Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин сияқты ауыл ақсақалдарының аузынан мол мағлұмат жазып алған екен. Басқа да қазақ әдебиетінің жауһарларын қойын дәптеріне түртіп алғаны анық. Соның көбі «Үш ғасыр жырлайды» атты еңбегіне енді.

Мұхтар Мағауинге жоқтау айтып болмай жатып, арамызда жүрген тағы бір алыбымыз Мекемтас Мырзахметұлы да өмірден өтті деген суыт хабар жетті. Балалық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, тағдырдың талай тауқыметін тартқан, кішкентай қарындасын қасқырға тастап, анасы аман алып қалған жалғыз ұл кейін атақты ғалымға айналды. Белгілі абайтанушының ұлы ақынымыз Абай өмірге келген жылан жылы дүниеден өтуінде де біз білмеймін бір тылсым сыр бар сияқты.

Марқұмдардың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp