«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылқы дегенде елең етпейтін қазақ кемде-кем. Осы бір ауыз сөзді естігенде ішің уылжып сала беретіні несі екен? Құдды ұшы-қиыры жоқ жерде ауыздығымен алысқан жүйрікке мініп жүйткіп келе жатқандай әсерде боласың. Иә, біз «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп төрт түліктің төресі – жылқыны қадірлеп өскен елміз. Арғы аталарымыз пешенесіне жазылған дәулетті жылқының санымен бағалаған. Байлықтың қадірін білген бабалар қыздың қалың малын, тіпті адамның құнын жылқымен есептеген. Оған қазақтың классик жазушыларының шығармалары дәлел бола алады.

Қазақ халқының өз тарихын ықылым заманнан жылқымен сабақтастырғанын айтып мақтансақ та, төрт түлік төресінің сырт мүшелерінің қалай аталатынын біле бермейтініміз жалған емес. Әсіресе жастарға көп сын айтылады. Қазақтың әр баласы жылқыға қатысты танымдық дүниелердің барлығын жатқа білуі тиіс.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2023 жылы шыққан №27 санынан қазақтың белгілі ақыны, көрнекті көсемсөзші Мырзан Кенжебайдың «Төрт түліктің төресі» мақаласын кездейсоқ оқып қалдым. Мақалада автор «Жылқының сырт мүшелері туралы ақпаратты 1990 жылдары Арал ауданы Құланды жылқы зауытының білгір маманы Серік Себетов деген марқұм боп кеткен ағамыздан алып едім. Суретте жылқының тұла бойындағы бүкіл бөліктерінің, мүше-мүшелерінің 84 атауы бар екен. Ал бұл бізге белгілі болғаны ғана», – деген мәліметтер келтіріпті. Халқымыз киелі жануардың құйрық-жалының қылына, оның түр-түсіне шейін зерттеп, зерделеп әрқайсысына ат қойған, сол атауларды қаз-қалпында ұсынуды жөн көріп отырмын.

Жылқының жалпы денесі ірілі-ұсақты 205 сүйектен құралады. Бұл сүйектер буын арқылы қозғалып, жұмсақ әрі берік шеміршек-сіңірлер мен бұлшық етке бекиді. Мұндай ақпарат белгілі журналист, жазушы Бекен Қайратұлының мақалаларында жиі кездеседі. Ол кісінің айтуынша, жылқы сүйектерінің негізгі құрылымы мыналар:

• бас сүйек;

• мойын және арқа сүйек буындары;

• қабырға сүйектері;

• алдыңғы-артқы аяқ сүйектері.

Бас сүйектің құрылымы: екі жақ сүйек (астыңғы және үстіңгі), маңдай және төбе сүйегі, көз ұясы, кеңсірік, азу және қасқа (маңдай) тістер, таңдай сүйегі, сояу тіс жатады.

Алдыңғы аяқ сүйектеріне: жауырын, тоқпан жілік, кәрі жілік, жіліншік, бақай сүйектері және тұяқ жатады.

Артқы аяқ сүйектеріне: жамбас, ортан жілік, асық жілік, тірсек, жіліншік, жетім сүйек, бақай және тұяқ жатады.

Қабырға сүйектерін үш топқа бөледі. Біріншісі – төс сүйекке бітіскен бұғана қабырғалар, екіншісі – қара қабырғалар, үшіншісі – сүбе қабырғалар.

Мойын және арқа сүйек буындарына: желке құйысы, мойын буындары, шоқтықтың буын-сүйектері, арқа буындары, сауыр құйысқаны, құйрықтың жіңішке буын-сілбе сүйектері жатады.

Буынның құрамы – буын ұясы, шеміршек қабығы және сарысудан (сұйық зат) тұрады. Бұл құрам буын сүйектерінің үйкелісін реттейді. Яғни, буын қозғалысқа енген жағдайда еркін қызмет атқару мүмкіндігін жасайды.

Буындарды – жікті буын, тұтасқан буын, қозғалмалы буын деп үш топқа бөліп қарастырған жөн.

Жікті буынға – жік арқылы тұтасқан бас сүйек буындары және жамбас-жауырын жігі мен төс сүйек жіктері жатады.

Тұтасқан буынға – мойынның жеті буыны, шоқтықтың 18 буыны, арқаның 6 буыны, жаяның 6 бітеу буыны, құйрық буындары (жылқының жасына байланысты 13-19 буын) жатады.

Қозғалмалы буынға – жылқының қозғалысын қамтамасыз ететін, яғни, бүгіліп-жазылатын барлық буындар жатады. Буын қозғалыстарын иінді және жабық иінді деп екіге бөледі.

Иінді буынға – жылқының күрделі қозғалысын қамтамасыз ететін аяқ буындары мен шүйдеге тұтасқан (қарақұс) мойынның ауыз буыны мен кеудеге тұтасқан соңғы буыны жатады.

Жабық иінді буынға – қабырға сүйектерінің арқаға тұтасқан үстіңгі бунақтары және төс сүйекке байланған бұғана қабырға буындарын жатқызамыз.

Қозғалмалы буындарды орналасуына қарай – алдыңғы және артқы буын тізбегі, арқа-қабырға-төс буын сүйектері деп бөледі.

Алдыңғы буын тізбегіне – жауырын мен тоқпан жілік қоспасы, жіліншіктің үстіңгі буыны, тізенің 6 буын сүйегі, бақай және тұяқтың ұсақ буындары жатады.

Артқы буын тізбегіне – жамбас қоспасы, тобық, асық буыны, жіліншік пен бақай қоспасы және тұяқ буын сүйектері жатады.

Арқа-қабырға-төс буын сүйектеріне – төс пен қабырға, арқа мен қабырғаның тұтасқан шеміршекті буындары жатады.

Темірлан ЖАДРИН,

Бескөл ауылының тұрғыны.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp