«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы – жыл сайын өткізілетін танымал жоба. 2007 жылы дана Абайдың қарасөзін оқудан басталған акция осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 51 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынды.
2024 жылы көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын ел болып оқыдық. Көпшілік кітапханалар жыл бойы жоспарға сай түрлі инновациялық іс-шаралар ұйымдастырды.
Биыл ел болып оқитын кітапты таңдау барысында комиссия мүшелерінің ұсынысы мен пікірі тыңдалып, облыстық кітапханалар, оқырман және зиялы қауым өкілдері ұсынған шығармалар мен авторлар ескерілді. Жеңістің 80 жылдығына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, мерейтойы аталып өтетін қазақ қаламгерлерінің туындылары және барлық жастағы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын кітаптар мен авторлар ұсынылған.
Комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқу туралы шешім қабылдады. Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы Тәкен Әлімқұловтың шығармалары таңдалды. Поэзия жанры бойынша жыл бойы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары оқылмақ.
Балзия ҚЫЛЫШБАЕВА,
Қызылжар аудандық орталық кітапханасының бөлім меңгерушісі.