Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің Алматыдағы музей-үйінде құнды жәдігерлер, тарихтан сыр шертетін деректер, қаламгер қолымен ұстаған мүкаммал-мүліктер қоры мол жинақталған. Әр жәдігердің өз тарихы бар. Сондай құнды экспонаттарымыздың бірі – «Сатпаев» кітабы. 1980 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген орыс тіліндегі еңбектің авторы – жазушы Медеу Сәрсеке.
Кітаптың ішкі парағына М.Сәрсекенің әріптес аға-досы Ғабит Мүсіреповке арналған жылы лебізі жазылған: «Ардақты Ғаба ағама, асыл замандасы жайлы еңбегімді інілік ізетпен сыйға тартамын. Медеу. 12.ІV.1981. Семей». Қолтаңбаның төменгі жағында Ғабең өз қолымен: «Замечательная, благородная, глубоко научная книга. Читается как роман. Спасибо тебе, Медеу. Г.Мусрепов. І.-І.-82», депті. Не деген жүрекке жылы шуақ құятын лебіз, не деген қымбат қолтаңба! Бұл – атақты геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолы турасында баяндалған биографиялық туынды.
Роман-эсседе бала Қаныш пен дана Қаныш жүріп өткен жол, қиындықтар мен жеткен жетістіктер баяндалады.
Шығарма сюжеті Сәтбаев әулетін таныстырумен, Қаныштың ата-бабасының қажы, би, текті тұқым екендігін баяндаумен басталады. Романда ұлы геолог есімімен қазақтың талай майталман, алып тұлғаларының аты да қатар айтылады. Бір дәуірдің түлектері Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов ерекше баяндалады.
1917 жылы ақпан төңкерісінде Ресей империясы құлап, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнады. Бұл тұста Қаныш денсаулығы сыр беріп, ауруханада жатады. Сәтбаев ұстаздық еңбек жолын жаратылыстану пәнінен сабақ беруден бастайды. Ұстаздық ете жүріп инженерлікке деген қызығушылығы оянған. Алайда білімге құмар жас талап иесі сырқаты асқынып, өкпесі ауырғандықтан туған мекені – Баянауылға қайтуға мәжбүр болады. Ауылдың самал желі мен таңғажайып табиғаты, қымбат қорегі дертіне шипа болған Қаныштың беті көп өтпей бері қарай бастаған. Әкесі Имантай баласының шет өлкеде жалғыз-жырақ жүргенін құп көрмей, үйлену мәселесін Қанышқа шегелей бастайды. Сөйтіп, Смағұлдың қызы Шәрипаны Қанышқа атастырады. Баянауылда ұлан-асыр той болады.
Жас отбасы құрып, беті бері қараған Қаныштың өміріне шығармашылық серпін әкелген тұс профессор, геолог Усовтың Баянауылға келуі еді. Дертіне шипа, басына қорған іздеген Усов отбасымен Баянауылда біраз тұрақтайды. Шығармада Усовтың қазақ ауылына келуі, ауылдағылардың жатсынбай профессор отбасын құшақ жая қарсы алуы, Баянауыл табиғатына ғашық болған, құндылығын Қанышқа ұғындырған сюжеттері әсерлі жазылған. Усов жас Қаныштың алғырлығына, жас судья болғанына таңғалады. Мұны дала халқының жұмбақ жаратылысы деп санайды. Шипалы қымыз Усовтың денсаулығына пайдасын тигізді. Баянауылдың тылсым табиғатына үңілген геолог Қанышқа бұл өлкені зерттеу керектігін, жер байлығының қазынасы тереңде жатқанын, зерттеуді талап ететіндігін мәлімдейді. Осы идея Қаныш Сәтбаевтың ұлы геолог атануына жол ашты…
Қаныштың геология жолындағы алғашқы жетістіктері туралы Алаш зиялысы Міржақып Дулатов «Еңбекші қазаққа» мақала жариялаған. Бұл кезде Қаныш әке атанып, қызы Ханиса дүниеге келеді.
Роман-эссенің тағы бір кейіпкері – жұмбақ қыз Таисия. Роман-эсседе Таисия мен Қаныш арасындағы 1925 жылдан бастап жазылған хаттар беріледі. Таисия Кошкина – Қаныштың Семейде танысқан, Томда бірге оқыған сүйген қызы.
Қаныш Сәтбаев Ақмолада Атбасар түсті металл зауытында жұмыс істейді. Жезқазған қорын зерттеуді өзіне үлкен мақсат етеді. Ағылшындар бастаған Қарсақбай мыс қорыту зауыты қайта салынады. Осы кезде Қаныш пен сүйген ғашығы Таисия екеуінің тұңғышы Арыслан өмір есігін ашады. Қаныш творчествосындағы жаңалық «Қарсақбайда жыныс үлгілерін зерттеу» шеберханасының ашылуы еді. Жас отбасы жайлы баспананың жоқтығынан баласы Арысланға суық тигізіп алады. Ақыры нәресте дифтерия ауруынан мерт болады.
1931 жылы аштық дүрбелеңі басталды. Шығарманың осы тұсында бас кейіпкердің білімпаз, өнерпаз, жомарт қасиеттері кеңінен сөз болады. Қаныш Сәтбаев ауыл балаларын аштықтан аман алып қалу мақсатында оларды өз күнкөрісі мәз болмаса да, Қарсақбайға өз үйіне көшіріп әкеледі. Таисия екеуі бір топ ауыл балаларына қамқоршы болады. Бұл кезең Жезқазған өндірісінің дамып, біресе тоқтап тұрған шағы болатын. Қаныш іссапармен Мәскеу қаласына аттанады. Іс оңтайлы шешіліп, Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы басталады.
Қаныш Сәтбаев 1940 жылы Республика дербестігінің 20 жылдығында жасаған баяндамасында Менделеев кестесіндегі бар элементтердің бәрі дерлік Қазақстанда бар екенін хабарлайды. Геолог қызмет еткен 15 жылдық ерен еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталады. Артынша Ұлы Отан соғысы басталып, бар кәсіп соғысқа жұмылдырылды. Сәтбаев ішек туберкулезімен ауырып, сонда да жұмыс істеуін тоқтатпаған. Ғалымның ұйытқы болуымен Қоңырат, Ембі-Гурьев өнеркәсіп ошақтары ашылды. «Кеңес Одағындағы мысқа құнарлы құмдауыт кендер», «Қазақстанда қара металлургия өндірісін ашудың мүмкіндіктері» атты ғылыми монографиялары жарыққа шықты.
Қаныш Сәтбаев 1947 жылы Әлкей Марғұланның шаңырағында дәрігер Кәмила Досмұхаммедқызы Өтегеновамен танысады. Қаныш пен Кәмила арасында сезім оты тұтанады. Дүниеге Жәмила Қанышқызы келеді.
Саяси идеологияның күйесі Қаныш Сәтбаевты да айналып өткен жоқ. Ғалымға «Қарсақбай мен Атасу темір кендерін барлауды қасақана кешеуілдетіп, мемлекет мүддесіне зиян жасаушы», «Ғылыми ортаға сенімсіз және ұлтшыл адамдарды көптеп тартқан» деген қаралаулар тағылды. Осыдан кейін Қаныш жинақтаған «Ер Едіге» жыры тәркілене бастайды.
Басынан осынша үлкенді-кішілі қиындықты кешірген Қаныш Сәтбаев Баянауылға келіп әке-шешесінің басына Құран бағыштайды. Асқазандағы ісік дерті дендеп, қатты ауыра бастайды. Дерті асқынған қaзaқтaн шыққaн тұңғыш aкaдeмик, Кeңec Одaғының жәнe Қaзaқcтaнның мeтaллoгeния мeктeбінің нeгізін қaлaушы, Қaзaқ КСР Ғылым aкaдeмияcын ұйымдacтыpушы жәнe oның тұңғыш пpeзидeнті 1964 жылы өмірден озды. Былтыр тұғыры биік тұлғаның дүниеге келгеніне 125 жыл толды.
«Алтын кездік қын түбінде жатпайды». Сәтбаевтың есімі еліміз тәуелсіздік алған соң ортамызға қайта оралды. Көктегі жұлдыздардың біріне «Сәтбаев ғаламшары» атты атау берілді. Сәтбаев деп аталатын қала бар. Жаңа минералдардың бірі «сатпаевит» деп аталды.
1947 жылы наурыз айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Қаныш Сәтбаев Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчиллмен кездеседі. Ел аузында тараған: «Мен қазақтардың арасындағы ең кішкентаймын. Халқым менен де биік» деген академиктің бір ауыз сөзі Лондон сапарында алып тұлғасына таңданыс танытқан саясаткерге берген жауабы еді.
«Біздің республика ұлан-ғайыр табиғи байлыққа ие. Оның қойнында неше түрлі қымбат қазына жасырынып жатыр. Соларды іздеп тауып, үнемдеп қажетке жарату, тегінде, халқымыздың тұрмыс күйі мен рухани өсу деңгейін анықтайды. Әл-қуатымыз күшейіп, тірліктің көркеюі де, әсілі, осыған байланысты», – депті ғалым бір естелігінде. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Ол Жезқазған кенін зерттеуде, Орталық Қазақстанның металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірді. Бұрынғы геологиялық еңбектерге талдау жасап, нәтижесінде Жезқазған аймағында кең көлемде барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. Кеңес геологтары алғашында Қаныштың мүмкіндігіне күмәнмен қарап, барлау жұмыстарына қаржы бөле қоймайды. Ол жолында кездескен тосқауылдарға тоқтаған жоқ. Қаншама есікті қақты. Қара бастың қамы үшін емес, қазақтың ертеңі үшін. Ақыры айқын мақсатқа жетті. 1928 жылы Қарсақбай зауытынан алғашқы мыс алынды. Бұл елді елең еткізген жаңалық Сәтбаевтың келесі қадамдарын нақтылауына сеп болды.
«Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткер дәрежесіне дейін көтеріледі» депті академик.
Мөлдір Сағымбаева,
Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-кешенінің экскурсия жетекшісі.