Айыртау ауданындағы Кутузовка елді мекенінде биенің саумалын ұнтақталған күйде шығаратын кәсіпорын салынып жатыр. Осы мақсатқа ауыл маңынан 5,2 гектар жер бөлінген. Жаңа зауыт биыл тамыз айында пайдалануға берілмек.
«Север Агро ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Армантай Әбіловтің айтуынша, нысанның жалпы аумағы 2 мың шаршы метр.
«Біз бұл идеяны Германиядан алдық. Ол жақта құрғақ сүт шығаратын кәсіпорындар аз емес. Құрғақ қымыз өндірісін жолға қою жағын ойластыра бастадық. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге, соның 1,5 млрд. теңгесі «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы беріл- ді», – дейді Армантай Әбілов.
Бұл нысан – «Север Агро ЛТД» серіктестігінің республикадағы екінші кәсіпорыны. Мамандар бұған дейін дәл осындай зауытты Қостанай облысында салған. Ондағы зауыт өкілдері бүгінде өнімді экспортқа дайындау жұмыстарымен айналысуда. Өнім Германия мен Қытайға жіберілмек. Немістер бұл өнімнен косметика өндірмек.
Кутузовка маңында салынып жатқан құрылыста қазіргі уақытта 50 адам еңбек етуде. Зауыт қолданысқа тапсырылған кезде 15-20 адам жұмысқа алынбақ.
«Саумалдың ағзаға пайдасы өте көп. Бие сүтін сауғаннан кейін 2-3 сағат ішінде ішу керек. Оған адамдардың барлығының бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Біз саумалды сауылған күйдегідей сақтау үшін сублиматор деп аталатын қондырғыны қолданбақпыз. Бұл құрылғы арқылы сауылған сүт пастеризациядан өтеді, кейін төмен температурада оны қатырады. Сосын сүт құрамындағы ылғал жойылып, нәтижесінде құрғақ сүт қала- ды», – дейді Армантай Әбілов.
Ферма 400 биеге шақталған. Кәсіпкерлер Мұғалжар тұқымды жылқы алуды жоспарлап отыр. Биенің құрғақ сүті 100, 200 грамм және бір келілік қаптамада шығарылатын болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».