С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жазушы, журналист, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Айтбай Сәулебектің «Толғауы терең Тоқсан би» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Алматы, Астана, Қостанай, Көкшетау, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған қалаларынан арнайы келген меймандар қатысты.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов туынды авторы Айтбай Сәулебекке алғыс білдіріп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті.
Дала данышпаны атанған, әділдігімен үш жүзге аты жайылған Тоқсан би туралы кітаптың тұсауын тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып, белгілі ақын, журналист Ақылбек Шаяхмет, Омбы қаласындағы Қазақ мәдениеті орталығының жетекшісі, Қазақ станның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жүнісова мен облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев кесті.
Содан кейін сөз алған Аманжол Күзембайұлы, Бауыржан Жақып, Бүркітбай Аяған, Алтынай Жүнісовалар өмірі мен шығармашылығы әлі толық зерттелмеген Тоқсан би туралы мәліметтерді жинап, оқырмандар қауымына ұсынып отырған А. Сәулебекке жүрекжарды лебіздерін білдіріп, кітап туралы пікірлерімен бөлісті. Сөз алғандардың қатарында кітапқа «Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген» атты еңбегі енгізілген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет көршілес жатқан Қостанай облысының атынан кітап авторының арқасына шапан жауып, кеудесіне «Бейімбет Майлин» төсбелгісін тақты. Шараға қашықтан қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдин авторға шығармашылық табыстар тіледі.
– Ұлттық ғылым академиясының мұрағатында Тоқсан бидің араб тілінде жазған шешендік сөздері бар. Құнды дүниені қазақ тіліне аудардым. Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақталған дүниелерді де пайдалануға тура келді. Кітапта Ресей мұрағатынан алынған құжаттар да көрініс тапқан. Тоқсан би бабамыздың кесенесін тұрғызуға, ас беруге, жинақ шығаруға қол ұшын берген Қызылжар азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Айтбай Сәулебек.
Автор бұл туындысын құрастырарда «Soltüstık Qazaqstan» газетінде 1998-2000 жылдары жарияланған «Аңыз бен ақиқат» (С.Жұмабаев), «Тоқсан бидің бейіті ескерусіз қалмасын» (С. Жұмабаев), «Әр сөзі алтын болған асыл баба» (З. Әкімжанов), «Тоқсан бидің бейіті табылды» (К. Қопышев, Қ. Мұқанов, С.Жұмабаев) мақалаларын да пайдаланғанын айта кеткеніміз жөн болар.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.