Ұлыбритания азаматы Аманжол Николас Мухамеджанов Макинтайр Келлетт Қазақстанға нағашы жұртын іздеп келген. Аманжолдың анасы – қазақ, әкесі – ағылшын. Олар қазақ жерінде танысып, қазір Лондонда тұрып жатыр. Қарындасы мен інісінің де есімдері қазақша – Жандос, Тоғжан. 25 жастағы жігіттің мамандығы – сәулетші.
Аманжол Лондоннан шілде айында шығып, бүкіл Еуропаны велосипедпен басып өтіп, Алматы қаласына қазан айында жеткен. Сол жерде туыстарының үйінде қонақта болып, шаһардың әсем жерлерін аралап, жаңа жылдың алдында Петропавлға келді.
– Қазақстанға, анамның туған жеріне велосипедпен келу менің арманым еді. Бұл саяхатқа бір жыл дайындалдым. Жұмсалған ақшаға Лондоннан Петропавлға ұшақпен барып-келуге болар еді. Бірақ өкінбеймін. Қазақстан жері кең-байтақ екен. Ең таңғалдырғаны – халқы. Адамдары өте қонақжай, мейірімді, – дейді Ұлыбритания азаматы.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».