«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН МИЛЛИОНЕР (хикаят)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 АНАСЫНЫҢ ПАНАСЫ

Ол туғанда әкесі бірден: «Атын Жомарт қоямын» деді.

Анасы: «Ой, әкесі, жомарт болу үшін алдымен бай болуы керек қой, колхоздың қойын баққан әкесінен қалатын байлығы жоқ, ол кімге несін беріп жомарт болсын? Одан да Байбол деп қойсаңызшы, бай болсын», – деп қарсыласыпты. Дегенмен, еркектің аты еркек емес пе, ауылсәбетке барды да, баласының метіркесіне «Жомарт» деп жазғызып әкелді.

«Жомарт болады! Биылдан бастап қойларым егізден қоздап, мен озат шопан боламын, содан ұлыма мал жинаймын. Ержетіп, атадан қалған малға өзі ие болып қалғанда, одан әрі көбейтіп, баиды. Бай болғанда жәй бай емес, жомарт бай болады. Ағайынға дастарқаны жаюлы, жоқ-жітікке қайырымды, ауру-сырқауға мейірімді болады. Қолы ашық, көңілі жай, жомарт бай болады», – деп, ерекше қиялға беріліп, өмірге жаңа келген ұлына әке мейірі айрықша асып-төгілді. Содан кейін-ақ бойына ерекше қайрат біткендей болып, бір тыным таппайтын болды. Қайыстан қамшы, жүген өріп, таспа тіліп, арқан есіп, өз көңілін өзі аулап, қиялмен алдағы өмірге барып-келуді жиілетті.

Дүние-ай, арманға кім жеткен дейсің!

Жомарт беске толғанда әкесі қой төлдетіп жүріп, бірде қарасуыққа қалып, құрткеселге шалдықты. Аңдыған жау алмай қоя ма, арада жыл өтпей-ақ әкесі сол кеселден көз жұмды. Ерінен айрылып, аңырап қалған анасы колхоздың малын үкіметке тапсырып, көп ішінде күн көрейін деп, жалғыз үйлі қыстақтан ауылға көшіп келген. Әке-шешесі өмір бойы қыс –қыстауда, жаз жайлауда мал соңында жүріп, ел ішінен баспана алып қоюды да ойларына алмаған екен. Енді бастарына күн туып, ауылға оралғанда, қайғылы жесір мен жетім ұлға ағайындары аулаларындағы жаман лашықтарын да қимады. Соры қайнаған ана құлыншағын жетектеп, амалсыз мал қоралардың күзетшісіне арнап тұрғызылған жаман жер тамға келіп паналаған. Ферма бастығына жалынып жүріп, колхоздың арық-тұрық бұзау таналары мен тоқты-торымдарының қарауылдығына орналасты.

Баспана деген жаман тамдары қас қарайғанда қарауытып, көңілге үрей кіргізетін көп зираттың дәл тұсында еді. Апасы ымырт жамыла әкесінен қалған ескі күпіні иығына іліп, еркектің киер керзі етігін қолпылдата, қораларды шарлап, жем-шөптерін, қаратұздарын науаларға салып, темір шелек ілінген иін ағашпен су тасып күн өткізеді. Әкесі күшік кезінде алып келген Таймас деген ит қана қос зарлыққа адал, күні-түні үй күзетіп, ит міндетін мінсіз атқарады.

Қиыны түн баласы болатын. Апасы қоралардың арасын шарлап кетеді. Таймасы қасынан бір елі қалмай, ауыз жаппай үріп, қасына еріп жүретін. Жалғыз қалудан қорқып, «Мен де барайыншы!» деп жалынған ұлына: «қал, бір жерде шалынып жығыласың!» деп, зекіп, тастап кететін. Апасы қайтып келгенде, қой майына шылаған пілтемен өздеріне майшам жасап алып, екеуден-екеу кешкі астарын ішетін еді. Қыстың суығында қуықтай бөлменің бұрышындағы темір пештің аузынан жылтылдаған от сәулесін көңілдеріне медеу тұтатын. Көздеріне ұйқы тығылғанда, екеуі әкесінен қалған қасқыр ішікке оранып пеш түбіне жата кетісетін. Күні бойы митың жүріспен, үй шаруасын күйттеп, шаршаған апасы басы жастыққа тиісімен қор ете түседі. 

Таймасы қораны айнала бір үріп келіп, босаға күзетеді.

Анда-санда сиыр мөңірейді,  қой маңырайды.

Айсыз түнде оттың сәулесі сөнгенде, зират жаққа қарайтын бөлменің жалғыз көзді терезесінен көгілдір сәуле көкке қарай шалқып тұрғандай көрінетін. Анасы ондайда: «біссімілдә, біссімілдә!» деп күбірлеп, ұлын бауырына қыса түсіп, бесік жырын айтып, ұйықтататын. Шешесінің сол көгілдір-жасыл сәуледен қатты қорқатынын бала болса да байқаған  Жомарт кейін мектеп қабырғасында жүргенде, қараңғы күнде зираттар жақтан көрінетін сол құбылыстың сүйектерден шығатын фосфор сәулесі екенін білді. Жел сүріп, жауын езіп, ашылып қалған молалардан сол жұмбақ сәуле көрінетіні қорқынышты, әрине!

Анасы мен ұлы екеуі ара-тұра ауылдағы жалғыз дүкенге ас-ауқат алуға барады. Екі ара бір көш жер болғандықтан, кішкентай Жомарт шаршап қалатын. Апасы көбіне оны қайтар жолда арқалап әкелетін. Күн санап өсіп келе жатқан ұлды арқалау оңай емес, сондықтан, апасы амалын тауып, есек сатып алды да, енді екеуі есекке мінгесіп, шаршап-шалдықпай-ақ ауылға барып қайтатын болды. Есектері әбден қыңыр еді, ауыл жаққа аттап басқысы келмей, жамбасқа тоқпақтағанда барып, әрең басатын еді де, ауылдан кері қарай аяғы-аяғына тимей жорғалайтын.

Жомарт: «ауылда тұратындар қандай бақытты, үйлері бар, бау-бақшаларында тәтті алма, уылжыған өрік өседі. Көше толған балалар топтасып асық атып, доп қуалап ойнайды. Апалары бір-бірімен араласып, көрші болып шәй ішеді»,- деп қатты қызығады. Шөмеленің ортасына отырып алып: «апам екеумізге үй алып беретін әкем жоқ. Сондықтан біз осы қорада тұра береміз. Мен ана балалар сияқты оқығанда, мектепке қалай барам, алыс қой!», – деп қиналатын. «Көк есекпен барсам, мектепке кіргенде, есегімді қайда қалдырам? Ауылдың сыртына тұсап кетсем, мен қайтып келгенше біреу мініп кетсе ше?!» – деп уайымдайтын. «Кейін мен өскенде трәктір айдаймын да, көп ақша табам. Содан кейін ауылдан үй сатып әперем апама. Ол өрік, алма ағаштарын отырғызады. Мен егін орып жүргенде, апам ауылда көрші апалармен бірге шәй ішіп, дүкен аралайды», – деп армандайтын. Бар мақсаты – осы сүреңсіз қорадан құтылып, ауылға көшу,  ел қатарлы апасы әйелдермен, өзі балалармен араласу. Құла дүздегі мына жалғыздықтан анасы да қажып, өзі де жалыққан болатын.

Ештеңе ойламайтын, қиналуды білмейтін иті Таймас қана. Оған ана топырлап жүрген мал болса, бұл соны ертелі-кеш қуалап, қайырса болды. Жомарт болса, бұл соның жанында шапқылап, қолындағы нанын бөліп жесе,  анау ұзын көйлегі етегіне оралып, жаулығын шырт түйіп жүретін тынымсыз әйел болса, бұл соның қалайыдан жасалған аяғына құйған сорпа-суын ішіп тыңқиып алып, күндіз көлеңкені бермей, түні бойы қораларды аралап, үріп шықса. Таймасқа одан басқа ештеме керек емес, қайткенмен, ит емес пе!

Бірде апасы шеткі қорадан қызыл құнажынды үйге жақын қораға қарай жетектеді, Жомарт қолындағы жіңішке шыбығымен артынан айдап, көмектесті.

– Зойкам! Зойкам! – деп апасы мойнынан еркелете сипап қояды.

 – Апа, енді ол кіші қорада тұра ма? – деп сұраған Жомартқа:

 – Иә, балам. Зойка жақында туады. Сүт ішіп, уыз жейсің! – деді анасы. Ауыр тұрмыстан тұнжырап жүретін қабағы ашылып, жанарынан қуаныш ұшқыны көрінді.

Сол күннен бастап апасы Зойкаға шөптің жұмсағын іріктеп алып келеді де, балтамен турап береді. Күтімін қатты жасап жүрді. Қорасының да тесіктерін бітеп, жылылап берді. Апасы күтіп жүрген жақсылықты Жомарт та асыға тосты. Көңілі алаңдап, «бұзау қашан келеді?» деп апасынан сұрап қояды. Бір түні апасының үйге кіріп-шығып жүрген аяғының тарпылынан оянып кетті. Көзі бақырайып, құлағы едірейіп, шидей аяғы жалаң, жейдесі тізесіне түсіп, апасының алдынан шықты.

 – Жоматай, сен неге тұрып алдың?! Мына жүрісің не, тоңып қалдың ғой, – деп көтеріп ала жөнелді де, тонның ішіне әкеліп тықты.

 – Апа, сен қайда кеттің? – деді бала.

 – Зойка туды. Кішкентай қызыл бұзауың бар, қазір әкелем, – деп сыртқа қайта кетті.  Мына хабарды естіген соң, ұйқысы шәйдай ашылды. Мойны қылқиып, тонға оранып отырып, анасын күтті. Бір кезде апасы кірді бұзау көтеріп. Пештің екінші жағына тастады да, өзі от жағуға кірісті.

 – Жат енді, едіреймей. Бұзауыңмен ертең ойнайсың, – деді баласына. Жомарт апасының сөзін екі етпей, орнына барып жатты да, ертең қызыл бұзаумен ойнайтынын, Таймастың өздерін қуалайтынын қиялдап жатып, көзі ілінді.

Таңертең  оянып, көзін ашқанда:

 – Бұзауқаным, тұрдың ба? – деп қызыл бұзауды сипалап  отырған апасын көрді.

 – Апа, ол жүре ала ма?- деді Жомарт басын көтеріп, былшық басқан көзін уқалап.

 – Е, жарығым жануар деген туа салып төрт аяғын тең басады, балам. Адам ғой, ана сүтін еміп, бауырында алты ай жатады, одан төрт ай еңбектейді, жасқа толғанда барып қаз-қаз тұрады. Міне, бұзауың аяғын басып тұр! – деді.

Шынында, қызыл бұзаудың бойы пешпен бірдей, төрт сирағы дірілдеп, мойылдай қап-қара көздері бақырайып, Жомартқа қарап тұр. Апасы оны көтеріп ала жөнелді.

 – Шешесіне емізіп келейін. Тұра ғой, балам! – деп сөйлеп барады.

Сол күні екеуі уыз деген балдай тәтті бір тағам жеді. Апасы дастарқан басында уыз туралы әңгіме бастап:

 – Уызды жаңа туған сиырдың сүтінен жасайды. Енесінің уызын тойып емген төл тез ширайды, мықты болып өседі. Анасының уызын жақсы емген бала да күшті болады. Сол уыз ембегендерді қазақ «уызына жарымаған» деп ұнатпаған. Төрт түліктің әлсіз төлдеріне де айтады бұл сөзді. Қызыл бұзауың еміп болған соң, мен мына уызды артынан сауып алдым. Міне, қарашы, қандай ақірімшік болды, – деп, әппақ уызды уылжытып, баласының аузына тосты.

– Төлбасы туған кезде осындай уызды қатырып, көрші-қолаңды шақыратын болған. Әкең барда көктеудегі көршілерімізді шақырушы едік, «Ақ мол болсын!» деп тілек айтатынбыз. Енді екеуміз ғана отырып, қазір кімді шақырамыз, мен ертең уыз қатырайын, сен нағашыларыңа апарып бер,- деді анасы Жомартқа.

Түске қарай апасы есегін ерттеп, қолына кішкентай қамшысын ұстатып тұрып:

 – Жоматай, сен үлкен жігіт болдың! Жолда есегің үркіп кетпесін, сипай қамшылап, байқап жүр, мына уызды нағашы апаңа жеткіз! – деп, қалтаға салынған уызды ердің артына байлап берді де, біраз жетектей түсіп, ауылға баратын жолға салды. Жомарт еріп келе жатқан Таймасты иегімен нұсқап:

 – Апа, Таймасты ала кетейін, маған ерсін!- деп еді, анасы:

 – Болмайды, ұлым! Ауылға жақындағанда бүкіл ит шабаланып, есіңді шығарады. Есекке ит жүгірмейді. Ит – итке қас! Әрқайсысы өз күшін көрсеткісі келеді, – деді де, тізгінді Жомарттың өзіне ұстатты. Таймас арсалаңдап есектің алдына бір шықты да, үйге қарай беттеген әйелдің шақыруына жалт бұрылып, артынан ере жөнелді.

Жомарт өмірінде бірінші рет жалғыз өзі жолға шыққты. Апасынан алысымен шылбырға  қолы жабысып қалды. Екі көзі қара жолда. Жанары анау-у-у көз ұшында ағараңдаған ауылда. Есегінің арқасы ойқы-шойқы жерлерде қисалаң-қисалаң етіп, жамбасын ары-бері қозғап қояды. Сондай сәттерде құлап қалмайын деп, намысқа тырысып, тақымын қысып отыр.  Бір кезде көңіліне алаң кірді:

«Ана бейіт жақтан топ қасқыр шауып келсе қайтем? Өткенде «жоғарғы ауылдың бір есегін қасқыр тартып кетіпті» деген еді апам. Қасқыр есекке өш пе екен?» деген сияқты қорқынышты ойлар келді. Біреу өкшелеп  келе жатқандай, артына, жан-жағына бұрылып қарайын десе, қорқып, басы тіке қатып қалды. Жүрегі өрекпіп, қамшыны батыра салады. Есек те иесі қамшы салған сайын аяқ-аяғына тимейді.  

Сол жортқаннан жортып отырып, Жомарт нағашысының үйіне бірақ келді. «Әй, мына Жібектің ұлын қараңдар, жалғыз өзі қорықпай бейіт жақтан келіпті. Ой, батырым-ай!» деп нағашы апасы алдынан шыққанда, сол үйдегі балалардың алдында мерейленіп қалды. Есегінен әлдеқандай болып түсіп, оны қашаға байлап, апасы берген қалтаны нағашы апасының қолына тигізді. Анасының алғашқы тапсырмасын тастай етіп орындаған Жомарт күн ұясына отыра, аман-сау қора-тұрағына жақындады. Оны алдымен Таймас байқады. Көк есектің үстіндегі жұдырықтай қожайынын алыстан танып, үріп-үріп жіберді де, арсалаңдай алдынан жүгіріп шықты.

 – Таймас! Таймас! – деп Жомарт та айқай салды.

Өзі үлкен іс тындырып, нағашыларынан «Адам болып қалыпты!» деген мақтау естіп, мерейі өсіп келе жатқан бала үйге жақындаған сайын есегін бүйірге тебініп-тебініп қояды. Анасын көргенше асық. Апасы неге көрінбейді? Қораның қашасына есегін байлай салып, үйге жүгірді. Қолындағы шүберек қалтада нағашы апасының беріп жіберген сәлемдемесі бар еді. Анасының сәлемдемесін оларға жеткізіп, олардың сәлемдемесін анасына аман-есен әкелгеніне жүрегі алып-ұшып қуанып тұр. Жалғыз бөлменің сықырлауық ағаш есігін шалқайта ашып:

 – Апа! – деп айқайлады. 

Тым-тырыс, ешкім жауап бермеген. Үй іші алкөлеңке, жан баласы көрінбейді. Алақтап қайта далаға шықты. Қызылбұзаудың жанында шығар деп, кіші қораға жүгірді. Жанталасып жүріп, жапаға сүрініп жығылды. Абырой болғанда жерге жалп ете түспей, денесін тіктеп қалды. Тек қолындағы қалтасы анандай жерге ұшып түскен еді. Тағы да:

 – Апа! – деп үрейлене дауыстағанда, апасы:

 – О, не құлыным, – деп анасы қора ішінен шыға келді. Жомартты көріп, қуанып:

 – О, Жасаған бергенім! Келіп қойдың ба? – деп баласына ұмтылды.

Келе, кең құшағына орап алды. Апасының өзіне ғана тән әлемде жоқ иісі мұрнынан еніп, тұлабойын жайлап, жан дүниесін елжіретіп жіберді. Кішкентай қолдарымен кеудесінен орай, тас қып құшақтап, жібермеді. Қолы  сәл босаса, айырылып қалатындай. Анасы оның күн сіңген төбе шашынан мейірі қанғанша иіскеп тұрып, ерекше рахатқа бөленді.

 – Жоматай, жақсы жаңалығым бар, жаңа ғана қара құнажын да туды,- деді анасы.

 – Майка ма? – деп қуанып кетті Жомарт.

Анасы қызыл құнажын мен қара құнажынға Зойка, Майка деп ат қойып алған. Бұл екі сиыр да колхоздың малдары. Сонда да апасы жекеменшігіндей ерекше қарайтын. Әне, енді Майканың қара бұзауының үстін тазалап, үйге апарғалы жатыр. Екі құнажынды жаздай сауып, құрт жасап, май шайқап, ауылдағы дүкенші қайынсіңлісімен тіл табысып, қарындағы майын саттырып, ақша жинап жүрді. Екі ортаға қатынайтын Жомарт. Дәриға тәтесіне майды, құртты апарады. Ол берген ақшаны жанқалтасына аузын түйрегішпен түйреп апасына алып келеді.

Бір күні дүкеннен көңілденіп қайтып келе жатқан. Алдынан Таймасы шықпады. Есік алдында біргәдірдің қарагері байлаулы тұр екен. Кіші қораның алдында тәштек біргәдір шегірткенің айғырындай болып, өзінен биік апасына айқайлап, қолындағы қамшысын үйіріп тұр. Апасы басы төмен салбырап, жылап қалыпты. «Қолқоздың малын неге өз меншігіңе пайдаланасың! Құрт-май сатып ақша таптың! Сені саудагер, алыпсатар деп ұстатып берем! Түрмеде шірітем! Балаңмен қаңғытып жіберем!» деп қаһарланып, жіпсік көзінен от шашып, апасына тап-тап берді. Мына сұмдықтан шошыған бала есектен түсе сала, жүгіріп барып: «Ұрма, апамды» деп біргәдірдің балағына жармасты. Бойы жетпесе де, секіріп, қолындағы қамшысын тартып алмақ болды. «О, қасқырдың бөлтірігі! Сен немене?!» деп, біргәдір енді апасына көтерген қамшысымен Жомартты арқадан тартып-тартып жіберді. Баласының шар еткен дауысынан есін жинаған ана көзі қарауытып, еркектің жағасына жармаса кетті де, бір-ақ сәтте жерге алып ұрып, астына салды. Кішкентай еркек қайратты әйелдің бауырында тыпырлап, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Сол кезде ауылсәбеттің мәшинесі есік алдына келіп тоқтап, ішінен екі ер адам түсті. Басында шләпісі бары алысып жатқандарды көре сала, тұра жүгірді: «Әй, әй, қойыңдар!» деп айқайлап келеді. Жақындағанда әйелдің біргәдірді басып алғанын көрді де:

 – Жібекжан, айналайын, оның не? – деп дауыстады. Апасы:

 – Көрсетейін мен саған жетімді басынғанды! Баламды саған сабатып қойып қарап тұрам ба?- деп бажылдап, біргәдірдің кеудесінен қыса түсті.

Басындағы жаулығы ағараңдап, анадай жерде жатыр. Жыландай қос бұрымы кеудесіне түсіп, астындағы еркектің жүзін сабалайды.

Ауылсәбет келе сала әйелді еркектің үстінен жұлып алды да:

 – Не болды сендерге, баладан ұялмайсыңдар ма? – деді. Апасы:

 – Мына таз, жетім баланы сабады, әне қамшының ізі арқасында! – деп келгендердің назарын Жомартқа аударып, біргәдірдің  «май саттың, түрмеге жабам!» – деген қоқан-лоққысын тіпті біргәдірдің өзіне де  ұмыттырып жіберді.

Мәшинеден түскен екінші адам Жомарттың әкесімен аталас Мұқан деген кісі еді, келінінің мына сөзін ести сала:

 – Ой, әкеңнің, шірік бас! Менің бауырымнан қалған жалғыз тұяқты сабайтындай сен кімсің?! Өзің кәмөнөссің! Қазір партия жиналысына салдырам, жетімге күш көрсетті, жесір қатынды жылатты деп,- деп, біргәдірге тап-тап берді. Оны ауылсәбет әрең ұстап алды.

«Мына бәлелерге қайдан тап болдым», – деп шошыған біргәдір бірдеңе деуге шамасы келмей, атына міне қашты. Жомарт бағанағы жеген қамшысын ұмытып, апасының біргәдірді басып алып жұлмалап жатқанына қарап, одан ағайынның өздеріне болысқанына қуанып тұрған. Апасы жерде жатқан орамалын тауып алып, басына орай салды да:

 – Қайнаға, кешіріңіз,- деп аңырап жылап тұрып, оң тізесін басып, қайнағасына сәлем салды.

 – Рахмет, шырағым! Бұл не болғаны? – деді үлкен кісі келініне қарап.

Апасы жылап тұрып, баласының жейдесін көтеріп, қамшы тиген арқасын көрсетті. Айқыштана түскен қамшы ізі қан шығармаса да, домбығып ісіп, қызарып тұр еді.

 – Мен оны парткомға айтам. Үстінен арыз түсір. Қызыл белетін үстелге тастаттырам! – деп туысқаны әлі кіжініп тұрды.

 – Мен жетіскенімнен мына зираттардың жанында малмен бірге жатып жүрмін бе? Байым қой соңында жүріп өлді. Басымызда баспана да жоқ, ұлымды жетектеп қаңғып жүрмін осында,- деп апасы да жылап қояр емес. Келінінің айтып отырғанына күйіп кеткен туысы:

 – Әй, ауылсәбет! Сен осы елдің иесі емеспісің! Неге қолқоздың малын бағып жүріп өлген қойшыңның бала-шағасын қаңғытасыңдар? Мен ертең райкомға барам!- деп дөңайбат көрсетті.

Жомарттың үлкендердің сөзінен ұққаны, апасын ешкімге ұрғызбайтын күшті болуы керек. Бірігәдірдің бүгінгі апасына істегенін бәрібір үлкен жігіт болғанда қайтарады.

Осы айқай-шудың аяғы, біргәдір өз ағайындарын алып келіп апасы екеуінен кешірім сұрады, ауылсәбет пен партком, колхоз төрағасы бәрі жиналыс өткізіп «колхоздың қойын қорғаймын деп жүріп ауруға ұшырап, қайтыс болған шопанның отбасына қамқорлық»,- деп апасына қам кірпіштен қаланған, ауыл шетінде бос тұрған қоржын тамды берді.  Апасы екеуі оның сыртын сылап, ішін әктеп, оймақтай үй жасап алды. Оған жанастырып ұсақ-түйек малға қамыстан қора жасап қойды.

«Мектепке барсам ауылға қалай жетем» деп уайымдап жүрген Жомарт сол үйге көшіп барғанда қатты қуанды. Таймас пен көк есекті де өздерімен алып кетті. Апасы май сатып жиған ақшасына бір ұрғашы бұзау сатып алды.  «Бұл өседі, құнажын болғанда саған бұзау туып береді. Содан уыз жеп, сүт ішесің, – деді. Тағы бес-алты қозы сатып алды. Жазда апасы екеуі қырдан шөп орып, қырманда істеп жем алып, малдарына қыстық азық әзірледі. «Міне, біз де ел қатарлы үй болдық! Сен жігіт болып маған көмектестің!», – деп апасы Жомарттың мақтауын келістіріп, оған Жомарттың төбесі көкке бір елі жетпей қалып, күні бойы өз-өзіне риза болып жүрді.

МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАҒАНДА

Жаз шыға апасы:

 – Күзде мектепке барасың, соған дайындалуымыз керек,- деп, оқу құрал-жабдығын алатын ақша керек болған соң, бір қойларын сатты.

Содан колхоздың қара жұмысынан босаған бір күні ұлын ертіп, аудан орталығындағы жайма базарға барды. Жомарт мұндай қан базарды көрмек түгілі естіген емес. Қатар-қатар қойылған үстелдердің үсті толған мата-сата, жоғарыға қарап еді, киімілгіштерге іліп тізіп тастаған небір керемет киімдер, үстелдің астыңғы жағында тізілген аяқ-киім.

 Апасы әр затты сұрап, қолына алып көріп, одан соң баласын жетектеп әрі қарай тамашалап келеді. Ендігі қатарларда жайып тастаған кітап-дәптер, арқаға асып алатын, қолға ұстап жүретін мектеп құралдарын салатын сөмкелер. Қызыл-жасыл неше түсті қаламсап пен қарындаш, Жомарт атын да білмейтін тағы басқа оқуға керек-жарақтар. Базар сөрелерін түгел бір шарлап шыққан апасы екінші қайтара аралағанда, Жомартқа алдымен қап-қара кәстөм-шалбар мен ақ жейде таңдады.  Шымылдыққа апарып кигізіп көріп еді, шалбардың балағы ұзындау екен.

 – Ой, оны қысқарттырып аласыз, балаңыз әлі өседі, ұзыны жақсы, – деп сатушы зыпылдатып жатыр. Кәстөмнің де жеңі бас бармағына түсті. Оған да сатушы сөз тапты. Апасы:

 – Жомарт, шынында өсіп келе жатырсың ғой,- деп еді, бұған баланың да көңілі өсіп, өзін үлкен сезініп, басын изеп қойды. Әрі кәстөм-шалбар қатты ұнап тұр, тура ауылсәбет ағанынікіндей. Жейдесі де әппақ, әдемі. Апасы:

 – Жейдеден екеуін беріңіз, ауыстырып киеді ғой,- деп еді, тіпті қолын шапалақтап қуанды. Әсіресе, қап-қара топылайы мен кедасын айтсаңшы!

Ең соңында апасы екеуі сөмке мен кітап-дәптер сататын қатарға қайта келген. Бірінші сыныпқа баратын балаға қандай құрал-жабдық керегін сауаты аз, байқұс әйел қайдан білсін, сатушыға:

 – Сіңілім, мына балам биыл мектепке баратын еді, соған керекті кітап-дәптерін берші, – деді жалынғандай болып.

Қасы-көзін баттастыра бояп, басындағы жирен шашын төбесіне үйме-жүйме жиып, темір қыстырғышпен түйреп қойған, денесі көршінің сары сиырындай жайылған берекелі әйел мына тұрысында ханға сәлем бергісі жоқ. Сатушы емес, колхоз бастығының әйеліндей керіледі.

 – Қай мектепке барады?- деді әрең сөйлеп.

– Біріншіге…біріншіге барады, – деп апасы елпілдеді.

– Қай мектепке деймін? Орыс па, қазақ па, ұйғыр мектебі ме? – деп сатушы әйел апасына зірк-зірк етті.

 – Қазақ қой, қазақтың баласы,- деді апасы Жомартқа «осы қазаққа ұқсай ма?» дегендей бір қарап алып.

Тәмпіш мұрнының ұшы тершіген, қазан бас Жомарттың тұрысы міне: аңқиып, айналасына таң қала көз тастап тұр. Құлағы басындағы көк күнқағарынан шығып қалқияды. Базарға барудың құрметіне кигізген көк шақпақты жейдесінің жоғарғы түймелері ағытылып, қылдай мойны одан сайын ұзарып көрінеді. Торғайдың көзіндей жылтыраған жанарымен дәу сары әйелге қарап қалыпты.

 – Жәрәйды, қазақ сыныбы екен ғой, – деді де, арт жағындағы шымылдықтың ішіне кіріп кетті. Әлден уақытта бір құшақ қып кітап- дәптер алып шыққан.

 – Мынау бірінші сыныптың кітаптары мен жазу дәптері және есеп пен сурет дәптері. Қаламсап пен қарындаш, бояулар берейін бе?- деді.

 – Бере ғой, тағы не керек бәрін бер, шырағым. Біз алыс таудың ішінде тұрамыз, онда алатын дүкен жоқ. Сондықтан оқуына керегі болмай қалмасын,- деді қайран апасы баласының жоғын түгендеп берейін біржола дегендей. Сатушы шымылдығына кіріп кетіп, тағы біраз нәрсе алып шықты да:

 – Сөмке керек пе? – деді даусы қарлыға. Осы азғантай қимылдағанға алқынып, шаршап тұр.

Жомарт жүзі парт қызарған әйелге қарап: «менің апам деген ана бес-алты кітап тұрмақ, бұзау мен қой-қозы, ешкі-лақтарыңды да көтеріп қорадан үйге дейін тасыса да шаршамас еді»,- деп іштей анасының қара күшіне мақтанып тұрды.

 – Әрине, керек! Жоматай, қандай сөмке аласың?, – деп ұлына қарады. Жомарт әйтеуір бірдеңені өзіне таңдауға рұқсат етті-ау дегендей, алға ұмсынды.

Ол ауылда мектептен қайтқан балалардың арқасына асқан «рөкзак» сөмкеге қызығатын, қазір де бір-бірімен алысып, сабақтан қайтып келе жататын балалар елестеп өтті. Қол сөмкесі барлар оны жолдың шетіне тастап қойып, төбелесіп болған соң іздеп жүреді. Ол бірден:

 – Рөкзак,- деді. Апасы:

 – Немене?- деп түсінбей, мұның бетіне үңіліп, қайта сұрады.

Негізі апасының көзінің қарасынан ағы көп. Ашуланғанда қарасы айналып кеткендей, аларып шыға келеді.

 – Рюкзак па? – деп сары әйел, жоғарғы жақта қыстырулы тұрғанын ілгекпен түсіріп алып берді.

 – Арқа сөмке ме? – деді апасы өз тілінде. Қолына тиген сөмкенің көп қалталарына қызықтап қарады да, басын изеді.

 – Нағашыңдікіндей сөмке неге алмайсың? – деп апасы жоғарыда тұрған портфельді нұсқады.

 – Ол портфель ғой! Қызметкерлер ұстайды, – деп сатушы апасының қараңғылығына күліп, менсінбей жауап берді.

 – Менің де балам оқып, қызметкер болады, – деп апасы оны қағып тастады. Қайран апасы! Біреудің сөзін қайтсін, ол ұлының болашағынан көп үмітті еді.

Негізі апасының бірбеткей мінезі бар, ол әркімнің ықпалында кете бермейді, керек жерінде өз пікірін айтып салады. Сатушы әйел, үндемей, алған заттарын апасы айтқан арқа сөмкеге жинап салып берді де, есептегішін сытырлатып құнын шығарып айтты.

– Әй, немене, тинақтай баланың мектеп кітабы осынша бола ма? – деп апасы баж ете түсті.

 – Иә! Оқу деген қымбат, сондықтан қағаз-қалам да қымбат,- деді сары әйел, беті міз бақпай.

Апасы сатушымен салғыласып береке таппасын білді ме, үндемей ақшасын беріп, сөмкені құшағына қысып шетке шықты. Жомарт та аяқ киімдерін салған қалтаны салақтатып еріп келеді. Екеуі базардың шығысындағы бір үйге кірді. Ішінде құжынаған адам. Есіктен аттағаннан дәмді тамақ иісі мұрын жарды. Бала қарнының ашып қалғанын түсінді. Апасы шеттеу бір бос үстелге келіп, қолындағы заттарын бос орындыққа үйді де:

 – Мен тамақ әкелем, сен мыналарға ие бол,- деп бағанағы елдер шығып жатқан әйнектің артына еніп кетті.

Бір кезде пәтнәсін толтырып оралды. Ортаға қойып, ыстық тамақты алдымен баласына қарай ысырды. Екеуінің де қарны ашқан екен, біраз үндемей тамақтанды. Ішке ел қонған соң апасы:

 – Жоматай, сен үлкен жігіт болдың, енді сабағыңды дұрыс оқы. Сатушының айтқанын естідің ғой, оқу деген қымбат деді. Сен оқы! Жақсы оқы, оқығанда да. Әкең екеуміз оқымаған соң малдың соңында салпылдап жүрдік. Сен оқып, бағанағыдай әдемі сөмке көтеретін қызмет істе! – деді, бар үмітін, бар арманын осы сөздерге сыйғызып. «Осы сөзімді ұмытпашы» дегендей, дауысы сондай жалынышты шықты. Апасының ойын қабағынан танитын бала бұл өтініштің жәй емес екенін түсінді де:

 – Апа, мен жақсы оқып, бастық болам! – деді үйретіп қойғандай. Апасы жанарынан шуақ төге қарап:

 – Әумин! Мақсатыңа жет!- деп, риза болды.

Екеуі жақсылап тамақтанып, көңілдері жай болған соң, автобекетке бет алды.

Автобусқа жұртпен таласа-тармаса мініп, қапшықтарын орындықтың астына тықпалап сыйғызып, жайғасып алды. Апасының ығында, терезеден сыртқа көз жіберіп келеді. Иық тірескен биік таулар ұзын жолдан қалыспай, бұлардың автобусымен жарысады. «Не деген таусылмайтын таулар. Басына шығар ма еді! Өткенде бір балалар айтқан, басына тура шығатын ұшақ болады деп. Соған мініп шықса. Сол ұшақты өзім жүргізсем!» – деп қиялға беріліп отырып, әйнектен түскен күн сәулесіне маужырап ұйықтап кетіпті.

 – Жомарт, тұр! Келдік, – деген апасының даусынан бір-ақ оянды.

Апасы күні бойы колхоздың жұмысында. Қас қарая оралады. Жомарт апасы келетін уақытта самаурынға су құйып, от жағып, қайнатып қояды. Кішкентай шотымен оттыққа ағаш шабады. Қызуы ұзақ болады, шәй ыстық күйінде тұрады деп сексеуіл салады. Қазанның астына от жағып, апасы келгенде жуынатын су ысытып қояды. Апасы: «сіріңкеге ықтият бол! Оттыққа жермайды тамызып қана құй!», – деп, қатал ескерткен. Кейде апасы қазанға қол басындай ет салып кетеді, үстіне су құйып, «түс ауғанда астына от жағып қой», – деп тапсырады. Жомарттың қолынан келетіні от тұтатып, самаурын мен қазанды қадағалау. Бала боп еркін ойнай да алмайды. Көршілердің балалары дөңге шығып асықтың туын тігеді, ләңгі теуіп жарысады. Тақай жарыстырады, қораз төбелестіреді, қара кешке үйге кірмейді. Кейбіреулерінің қаладан көкелері әкеп берген белесебеттері бар. Сонымен жарысады. Олар от тұтатып, қазанға су жылытпақ түгілі ойыннан оралғанда дайын сумен жуынбай төсектеріне құлайды. Апалары мен әпкелері тамақтарын дайындап, әжелері: «жарығым, мынадан бір асашы!» – деп жалынып жүреді.

Сөйтіп жүргенде жаз бітіп, күз келді. Көптен күткен мектепке баратын күн таяды. Апасы Жомарттың мектепке киер киімін өтектеп, орындыққа іліп қойды. Түс әлетінде көрші Әділқан ағаға шашын түзеттірді. Бұрындары ұстарамен сыпырып тастайтын ағасы бүгін:

 – Жомарт сен жігіт болдың, – деп, бұл жолы шашын зырылдап тұрған мәшіңкмен әдемі етіп алып берді.  

Үйге келген соң айнаға қарағанында, шашы ұқыпты қиылған, томпақ бет қара бала өзіне қарап күлімсіреп тұрды.

Ендігі бастары қатқан мәселе, арқасөмкені апара ма, апарса ішіне қандай кітап салатыны болды. Апасының ақылы көп қой, салып ұрып нағашы атасының Ырысалды деген мұғалім келінінен сұрап келді. Бірінші күні ештеңе апармай, тек мектеп формасын киіп, сағат оннан қалмай барады екен.

Сол күні апасы ерте оянып, қазанжаппай пісіріпті. Ыстық нанға сары майдан жағып, аузына бұралай тығып, шәймен итеріп тойып алды да, дайын тұрған әдемі киімдерін кие бастады. Ұлы бір үлкен қызметке баратындай апасы үстіне ілгендерін қадағалап шықты.

 – Мұғалимаңа гүл керек шығар,- деді де апасы жаздай мәпелеп өсірген ауладағы алқызыл гүлдерді қиып алып келіп, жылтыр қағазға орап, әдемі гүл шоғын жасап берді.

Қара кәстөм шалбар, ақ жейде, қара топылыймен қолында бір буда қызыл-сары гүлі бар Жомарт жігіт апасымен мектепке келді. Мектептің алды толған өзі қатарлы балапандар мен жасөспірімдер. Ата-аналар мен ұстаздар амандасып, арқа-жарқа болып жатыр. Бір кезде қоңырау үні ауланы басына көтере шырылдады. Бағанадан жан-жақта шашырап жүрген жұрт есік алдына жиналып жатты. Ырысалды тәте апасы екеуін көріп қалып, қол құлғап шақырды. Оны байқаған апасы Жомартты солай қарай сүйрей жөнелді. Жанына бұл құралпас балалар мен олардң ата-аналарын жинап алған Ырысалды тәте:

 – Балалар мен сендердің алғашқы ұстаздарың боламын! Мені – «тәтей» деп атайсыңдар,- деді.

Жомарт апасы екеуі ауылға кейіндеу көшіп келген соң көп ешкімді танымайтын. Күллі ауылдағы ең жақын туыс дегендері нағашы атасының үйі болатын. Апасы: «менің төркінімнің бәрі оқыған, бір келінім – мұғалым, тағы бірі – доғдыр, бауырым – есепші»,- деп мақтанатын. Сол мұғалым келіні, осы – Ырысалды болып шықты.

Әкесінің жалғыз ағайыны – апасын біргәдір сабағанда арашалап қалып, бастарына қиыншылық түскенде үй алып берген Мұқан атасы. Бастарына қиыншылық түскенде қарасқан адамды кішкентай жүрегі  жақын тартып, кездесе қалса қолын беріп амандасатын. Ол кісі де:

 – Жолдыбайдың Жомартымысың?! – деп көтермелей сөйлейтін. Апасы қайнағасына иіліп сәлем салатын. Бірде соны көрген көрші әжей:

 – Жібек, байы өлген әйел сәлем салмайды, басы бос деп есептеледі,- деді апасына.

 – Менің Жолдыбайым өлген жоқ! Мына тұяғы барда өлмейді! Ол кісі Жолдыбайдың жалғыз ағайыны,- деп жылап жіберген болатын. Содан бері бала Мұқан атасын тіпті жақын көріп кетті.

Кейде әкесін сағынады. Әкесінен айрылғанда бес жаста еді. Имиген, арық адамның жайлаудағы қараша үйдің есігінен еңкейіп кіріп-шығып жүретіні есінде. Ортаға жайған дастарқанның басында малдасқұрып, құлағы қалқиып, тақыр басын көсеудей ұзын да, қара қолдарымен сыйпап қойып әңгіме айтып отыратын апасына. Бір рет құйрығы құндыздай жылтыраған қара тайға мінгізді де өзі жетекке алып жүрді. Сонда бала тайға емес тауға шыққандай болып, маңайындағы жап-жасыл жазық пен Күнмен шағылысқан мұзарт шыңға қарап  көңілі өскен. Әкесінің Таймасты кішкентай күшік кезінде ат дорбаға салып әкелгені де есінде. Содан апасы екеуі үшін Таймас әкесінің көзіндей қимастары. Қайда көшсе де тастамайды. Әкесі ауырып жатқанында қасына шақырып алып, басынан сыйпап, маңдайынан емірене иіскеп, бауырына қысатын. Сол бір сәт, мәңгілікке есіне жазылып қалыпты. Әкесін сағынғанда дәл сондай сезімде болады.

Сонымен Жомарт Жолдыбайұлы бірінші сыныпта әріп танып жатты. Атауын оңай жаттап алып, алғырлық танытқанмен, таңбалануға келгенде, қаламды алғаш ұстаған саусақтары икемге келіңкіремей, қара терге түсті. Кейбір балалар үйлерінен оқып келген бе, әріпті жатқа біледі, тіпті таңбасын әдемі түсіреді. Кейін білді, олардың мектепте оқитын өздерінен үлкен аға-әпкелері бар екен. Солармен жағаласып жүріп әріп танып алады екен. Көршілердің балалары ойнағанда да Жомартты қоса бермейді. Әрқайсысы өзінің іні-қарындасымен, аға-әпкесімен қосылып ойнайды. Жомарт: «Сейсен мен Бейсенге қандай жақсы, өздері бірге ойнайды, қарындастары да бар. «Мен неге жалғызбын, ешкім менімен ойнамайды, әріп те үйретпейді»,- деп қатты қапаланатын оңашада. Апасы жұмыстан шаршап келгенде: «Сабағың қалай? Оқып жатырсың ба?»,- дейді де қояды.

Оқиды сабағын, оқымай-ше!

Жомартқа әсіресе, «Ана тілі» мен «Математика» қатты ұнайды. Сандарды біледі, жүзге дейін санай алады. «Ән сабағын» айтсаңшы! «Дене шынықтыру» да керемет! Үйдегі қой-қозының, бұзаудың тамағын, суын беріп, апасы келгенше шәйін дайындап, пешке от жағып, кіп-кішкентай болса да, үй шаруасынан бір босамай, балалармен де ойнай алмайтын, қайта мектепке барса, рахаттанып қалады.

Бірде Ырысалды тәтей:

 – Жомарт, ертең апаң маған жолығып кетсінші, айтып бар,- деді.  Ұстазының анасын неге шақырғанын қайдан білсін, апасына жеткізіп келді. Айтуы сол-ақ екен апасы:

 – Әй, жүгермек, сен оқып жатырмын деп мені алдап, сабаққа үлгермей жатқан шығарсың. Мектепке мұғалім ата-ананы баласы тәртіпсіз болса, не сабақ үлгерімі нашар болса шақырады, әлде біреудің баласымен төбелестің бе? – деп тергеп ала жөнелді. Бұл:

 – Жоқ, апа, ешкіммен төбелеспедім. Сабағымды оқып жүрмін,- деп ақтала бастады.

Сонда да ұйқыға жатқанша апасының қабағы ашылмады. Ертесіне, мектепке өзі дедектетіп жетектеп алып келді. Тым ерте келіп алған екен, екеуі партада жайғасып, ұстазы мен басқа балалардың келуін күтті.

 – Сен қай жерде отырасың?- деді апасы.

 – Осы өзім отырған партада,- деді.

 – Жаныңда кім отырады?

 – Сайра..

 – Ол кімнің қызы?

 – Білмеймін, әйту аты – Сайра, – дей берді.

Жомарт «Әліппесі» мен жазу дәптерін парта үстіне шығарып қойып еді, апасы дәптерді алып, ашып қарады.  Әр бетіне анық, әдемі тізіліп түскен әріптерді көрді. Содан кейін «Әліппені» алып ашып, әріптерді сұрай бастады. Жомарт жаңылмай атап берді.

 – Бәрін біліп тұрсың, жазуың маржандай. Мені неге шақырды екен? Сірә,  бірдеңе жасырып отырсың…- деп анасының көңіліне кеше кірген алаң әлі сейілмей отыр. Сыныпқа балалардың алды келе бастады, бәрі мұның апасына жамырай сәлемдесуде. Сайра да келіп Жомарттың жанына жайғасты. Апасы:

 – Сен кімнің қызысың? – деп сұрады.

 – Желелдің,- деді Сайра үлкен көздері апасына бақырая қарап.

 – Қайсы Желелдің, тау жақтағы ма?

 – Жоқ, жылқышы.

 – Е-е,- деп апасы дауысын енді соза бастағанда, сыныпқа Ырысалды тәтей кірді журналы мен қол сөмкесін құшақтап. Балалар орындарынан атып-атып тұрып, хормен амандасты. Тәтей күлімсірей басын изеп, үстеліне жақындады. Осы кезде орнынан тұрған Жомарттың апасын көріп:

 – Тәте, жақсы болды келгеніңіз,- деп жылы жымиды.

 – Не болды? Жомарт бірдеңе бүлдірді ме? – деді апасы бірден көңіліңдегі алаңды жасыра алмай.

 – Жоқ, Жомарт үлгілі оқушы. Мен сізді өзім шақыртқам бір шаруамен, сыртқа шығалық, – деп есікке қарай беттеді.

Апасы баласын мақтағанға қабағы сәл ашылып, артынан ерді. Мәселені кешке қарай білді.  Мектептегі еден жуушы бір апай зейнетке шығып жатыпты, соның орнына Жомарттың апасын алыңызшы деп директормен сөйлесіп қойған келінін айналып-толғанып отырып айтып берді. Өзі барып өтініш жазуы керек екен, соған шақыртыпты. Директор келісіп, келер айдың басынан жұмысқа алатын болыпты.

 – Сені «сабағын жақсы оқып жүр» дегенге риза болып қалдым. Біреумен төбелесіп қалды ма деп бір ойлап едім… Ешкімге өзің тиме, ал өзі соқтыққанды аяма!- деп қорытты сол күнді сөзін.

Жомарт апасының қағидасын көңіліне тоқып алды: «Өзім ешкімге тимеймін, тисе –аямаймын!». Апасының «біреумен төбелесіп қалдың ба»»,- деген сөзін Құдай естіп қойды ма, көп ұзамай Жомарт төбелестің көкесін көрсетті. Өзі тигенді аямады.

Сабақтан қайтарда балалардың бәрі үлкен көшемен жүретін. Сабақтан қайтып келе жатқан бұған бірде сыныптастары Имаш пен Дүйсен: «Сен неге біздің көшемен жүресің? Сенің үйің ауылдың шетінде, оған сол шет жақпен бар. Мынау жақсы үйлері барларға арналған таза көше. Кет жаман көшеңе!»,- екі жағынан қысып, итерісті. Шынында, бұл ауылдағы жалғыз асфальт көше болатын. Апасы Жомартқа: «үстіңді былғамай осы жолмен жүр. Үйдің тұсына барғанда бұрыла саласың»,- деген соң ел қатарлы жақсы көшемен жүретін. Алдымен өздері тиісіп, «Кет жаман көшеңе!»,- дегендері намысына тиген ол Имашты аяғынан шалып қалды. Анау ұшып түсті. Оны жығылғанына жаны ашығансыған Қайраш  жетіп келіп, Жомарттың жағасынан ала түсті. Тиіскенді аямайтын бала да оның жағасына жармасты, аяғынан шалды. Екеуі ұмар-жұмар шалшыққа құлады. Имаш келіп сөмкесімен періп қалды. Бұл Қайрашты жұдырықпен ұрды. Дүйсен келіп артынан жармасты. Ол тепті…

Үйге батпаққа батып, киімі бүлініп, мұрны қанап келді. Апасына көрсетпейін-ақ деп еді, ол үйде екен, алдынан шықты. Айтпасына қоймай тергеуге алды. Ертесіне мектепке екеуі бірге келді. Дүйсен, Имаш пен Қайраштың ата-анасы шақырылды. Ұзақ талқылаудан соң  ата-аналарының, оқушылардың алдында төтеуі бір-бірінен кешірім сұрап барып, Ырысалды тәтейлері сабақты жалғастырды.

 КІТАП ОҚЫП – АДАМ БОЛУ

Апасы мектепке еден жуушы болып орналасқаны мұндай жақсы болар ма?! Мектепке бірге барады. Мектепте күнде көреді. Түсте сабақ аяқталғанда үйге бірге келіп тамақтанады. Түстен кейін анасы жұмысына тағы кетеді. Кейде кешке қарай Жомарт мектепке барып апасына қолғанат болады. Су тасысады. Парталарды сүртеді ылғалды шүберекпен.

Күн суыта бастағанда, қолдағы малдар жылы қораға кіріп, ерекше күтімді қажет етті. Жомарт қораның төбесінен мықшаңдап шөп түсіріп, оны кішкентай балтасымен турап, қойларға салады. Күн көтерілгенде, науаны шелекпен суға толтырады. Жақында қызыл құнажындары туған, оған да жұмсақ шөп керек. Қолына әкесінен қалған дәу қолғапты киіп алып, үйдегі пешке шеңгелден отын әзірлейді.  Оны кимесе, шеңгелдің тікені жаман, кірген жерін іріңдетіп жібереді. Тікен кірген жерге апасы қара сабын тартып қояды, сол кірген тікенді сорып шығады. Көз байланған шақта апасы жұмыстан орала сала, сиырын сауып, ала бұзауын жібереді. Шелектегі сүтін әкелгенде, пісіріп алу үшін от жанып, дайын тұрады. Үйде айналдырған екеуі ғана болса да, тіршілік таусылмайды. Соның бәрін жайғап болып барып, Жомарт үй тапсырмасын жасауға отырады да, апасы тамақ әзірлеуге кіріседі. Күндегі ғадет осындай.

Аспанды қорғасын бұлт қаптап, үш күн жауын тоқтамады. Апасы екеуі мектепке барып-қайтқан жолда үсті-бастары малмандай су болатын. Пештен шыққан күлді апасы үйдің төбесінің жұқа жеріне төгіп жүруші еді, сонда да төбеден су өтіп кетті. Паналайтын құрғақ бұрыш таппаған анасы сол түні жалғызын таң атқанша бауырына қысып, пештің түбінде отырып ұйықтап шыққан.

 – Жауын өтіп, жазда тарттырып әкелген ұным илектеніп қалыпты,- деп апасы біреумен сөйлесіп жатқанынан оянды.

Мына қалың жауында қызының жағдайын білгелі келген нағашы атасы екен. Апасы қанша қиналса да әкесінен көмек сұрамайтын. Бұл кейін білді, жұрт ақ кемпір деп атайтын сол үйдегі нағашы әжесі анасының туған шешесі емес екен. Сол кісіден батпай, төркініне бара бермейтін көрінеді. Ал, нағашы апасы өте жақсы адам, Жомартты көрсе болды бетінен сүйіп, жанқалтасынан кәмпит алып береді. Қашан көрсе де сол, ол неғып таусылмайтын кәмпит екенін.

Атасы ертесіне жастай жесір қалып, тұрмыс қиындығын тартып жүрген қызына көмегім деп, су өткізбейтін пергамент қарақағаздың оншақты орамын әкеп тастады. Енді апасы екеуі күннің ашылуын тілеген. Бейсенбі күні таңертең оянғанда, түк болмағандай күн жарқырап шығып тұр еді. Апасы екі ересек адамды алып келіп, нағашы атасы әкелген қарақағазды төбеге жайдырып, үстінен ағашпен, темірмен бастыртып тастады.

 – Енді су өтпейтін болды, Жоматай, – деп қуанды.

Қыстың қалың қары үй төбесін басқанымен, ішке су кірмеді. Көктемнің сіркіреген жауынында да қарақағаз пана болып, үйдің ішіне ылғал өтпеді. Жомарт өз құжыраларының маңындағы ақ шатырлы әсем үйлерге қарап: «өскенде мен де осындай үй саламын. Апам жауын жауатын күні уайымдамайтын болады,- деп армандайтын.

Төртінші тоқсанда Ырысалды тәтей:

 – Балалар, сендер енді әріп танып, жазу жазып, кейбірінің зуылдатып кітап оқитын болдыңдар, – деп көтермелеп алды да:

 – Енді мектеп кітапханасына барып жазылып, кітап алып оқуға жарадыңдар. Кітапты көп оқыған бала білімді де, саналы болып өседі. Тіл байлығы молаяды. Ой-өрісі дамиды. Сол үшін кішкентайларыңнан кітапты қадірлеңдер, сүйіңдер! Ертеңнен бастап кітапханадан кітап алып, маған көрсетіңдер не оқи бастағандарыңды,- деп тапсырма берді.

Ұстазының айтқанын шәкірттері керемет түсіне қоймаса да, кітап оқыған адамның жаман болмасын кішкентай саналарымен сезді. Ертеңге қалдырмай-ақ, дәл осы сәттен бәрін ұғып алайық дегендей, сабақтан шыға бір тобы мектеп кітапханасына қарай тапырлай жүгірісті.

Асығып жетіп барғандарымен, есік алдында топталып, кіруге батпай:«Сен кір! Сен баста!»,- деп тұрып қалды. Әрдайым бірінші болатын, үздік оқушы Мейраш:

 – Немене, қорқып тұрсыңдар, жүріңдер қане! – деді де, есікті ашып кіріп кетті.

Қалғандары оған ерді. Соңына қарай кірген Жомарттың бөлменің ішіндегі сөрелерге қаз-қатар тізілген сонша көп кітаптан көзі тұнды. Есіктің оң жағындағы үстелде бір апай отыр еді, балаларды көріп орнынан тұрып:

 – Қош келдіңдер, балалар! Қай сынып боласыңдар? – деп, жылы шыраймен қарсы алды.

 – Бірінші «Б» сыныбынанбыз, – деді Бейбітгүл тақылдап.

 – Сәлеметсіңдер ме, балалар?! Бір жерге барғанда, алдымен амандасу керек,- деді апай барлығына көз жүгірте қарап.

 – Сәлеметсіз бе, апай! – деді бәрі хормен.

 – Сәлеметсіңдер ме, балалар! Кітап әлеміне қош келдіңдер! Сендер енді кітап оқуды бастамақ болған екенсіңдер ғой, қуаныштымын! – деп алды да:

 – Мына жақ қапталда сендер сияқты ең жас оқырмандарымызға арналған кітаптар бар. Сөрелерді аралап, қалаған кітаптарыңды таңдап алып, маған тіркетуге алып келіңдер,- деді.

Оқушылар сөрелерге қарай мойындарын созып, кітап таңдай бастады. Жомарт жан-жағына алақтап қарап тұр. «Қайсысын алсам екен? Мына бір қатарда «Ертегілер» екен, «Жеті лақ пен қасқыр», «Жыл мезгілдері», «Қасқыр мен кірпі», – дегендерді ежіктеп оқып шықты. Кітаптары қандай әдемі! Ал, мына кітап «Нан қайдан келеді?» деген кітап екен! Мына қызықты қара, «Тастар да сөйлейді»! О, тоба, тастар да сөйлейді, қалай сөйлейді екен?» – деп, іштей таңдана жүріп, «ертегілерді апам да айтып береді ғой, одан да нан мен тас туралы кітапты алайын»,- деп шешті.

Үйде апасына Ырысалды тәтейінің тапсырмасымен кітапханаға барғандарын,  кітап алғанын айтып мақтанды.

– Ойпырмай, менің балам оқымысты болып, әке-шешесі жетпегенге жетер ме екен?! – деп апасы қуанып қалды.- Қане, қандай кітап әкелдің?

 – Міне, өзім таңдадым: «Тастар да сөйлейді» және «Нан қайдан келеді» деген екі кітап, – деп тақылдап, кітаптардың атын айтып, апасына ұсынды.

– Жоматай, енді сен кітаптарыңды оқып, маған да айтып бер,- деді.

Сол аптаның сенбі, жексенбісі кітап оқуға кетті. Алдымен, «Нан қайдан келеді», – дегеннен бастады. Бір рет оқып шықты, бірақ түсінбеді. Екінші жолы қайтара оқығанда ұқты, бірақ мазмұнын айтып бере алмас еді. Үшінші жолы оқып шығып, өзімен өзі сөйлеп отырды. Арасында кітапқа қарап алып, пысықтады. Жексенбі күнгі кешкі тамақта апасы:

 – Ертең сабаққа барасың. Тәтейің оқыған кітабыңды сұраса қалай айтып бересің? – деді. Жомарт апасына кітаптан ұққанын айтып, ұзын-ырғасын жеткізді. «Атасы, әжесі және немерелері тамақ ішіп жатқанда, атасы: «кім біледі нан қайдан келеді дастарханға?» – деп сұрапты. Немерелері: «Әжем дүкеннен әкеледі»,- депті. Содан кейін атасы  әңгіме айтып беріпті. «Жер-Анамыздан басталады»,- депті. Апа, неге жер Ана? – деп өз анасынан сұрап алды.

 – Иә, Жер – адамның анасы. Ол бізді асырайды, нанды да, суды да, басқа қоректің бәрін адам мен жер бетін тіршілік ететін жан-жануарларға жер береді, сондықтан біз оны Анаға балаймыз, – деді апасы.

 – Ал нанды кім өсіреді?

 – Егін егетін ата. Қырға шыққанда көрдің ғой, сап-сары болып егін жайқалып пісіп тұрады. Соны Диқан ата өсіреді,- деп түсіндірді апасы.

 – Ал, бидай деген не?!

– Сол сап-сары өсімдіктің аты – бидай. Оның бір талын –дән дейді. Дәні топыраққа түскен соң аспандағы Күн оны жылытады, жердегі су оған нәр береді. Дән күзге қарай піседі, оны комбайнмен орады. Таза бидайды қырманға апарады. Ауылдың шетіндегі қырманды көрдің ғой, – деді апасы ерінбей ұқтырып.

 – Иә, екеуміз бардық, қойға жем әкелдік, – деп есіне алды бала.

 –  Сол жем дегенің – бидайдың кебегі. Қырманнан кейін бидайды тиірменге апарып тартады. Сен таудағы тиірменді де көрдің,- деді.

– Иә, екеуміз көк есекпен бидай артып барғанбыз,- деп есіне түсірді ұлы.

 – Сол тас тиірменге бидайды салып тартып, әппақ ұн жасайды. Оны екеуміз алып келгенбіз, қазір қаптарда тұр,- деді апасы.

 – Одан сен нан пісіресің,- деп қуанды Жомарт.

 – Дұрыс айтасың, мен саған нан, бауырсақ, шелпек пісіріп беремін, деді апасы жадырап. Сосын:

 – Қалада оны наубайхана деген жерге апарады. Онда көп нан пісіріп, дүкендерге апарады. Адамдар сол дүкеннен алып жейді, – деп түсіндіріп берді. –  Ал, мен саған бір тақпақ айтып берейін, сен жаттап ал,- деді апасы.

Нан қиқымын шашпаңдар,

 Жерде жатса, баспаңдар.

Теріп алып, қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар!- деген. Мұны жазып алып, жаттап ал,- деді.

Жомарт қағаз, қаламын әкеліп, апасының бірнеше қайталауымен тақпақты жазып алды.

 – Жоматай, бұрын біздің әке-шешеміз «нан қоқымын жеген адам бай болады»,- деп бізге жегізетін, келші саған да жегізейін, бай бол,- деп күліп, дастархан үстіндегі нан қоқымды алақанына жинап, баласының аузына тосты. Жомарт жеп алды.

 – Енді бай болам ба? – деді сосын мәз болып.

 – Сенің атыңды әкең Жомарт деп қойғанда, бай болады, жомарт жігіт болады деп армандаған,- деп есіне алып, баласына әкесі жайлы естелік айтып берді. –  Өскенде, үлкен оқу оқып, бай боласың, содан кейін жомарт азамат боласың,- деп кекілінен сипап қойды.

 – Жомарт азамат деген қандай болады?

 – Ол адамдарға көмектесетін, жетімдер мен біз сияқты жағдайы төмендерге көмектесетін жақсы адам,- деді.

 – Апа, мен енді көп кітап оқимын,- деді ұлы.

  •  – Оқы, балам, кітап оқыған бала – адам болады! – деді апасы құлыншағын емірене иіскеп, құшағына тарта түсіп.

 – Оқымаған кім болады?

 – Надан болады…

 – Надан деген кім?

– Ал ештеңе ұқпайтын адам, қой енді ұйықта, ертең мектепке барасың,- деп апасы оның көрпесін қымтай түсті. Жомарт:

 – Апа, мен ертең нан туралыны тәтейге, балаларға айтып берем,- деп былдырлап жатып ұйқыға кетті.

Бірінші сыныпты Жомарт мақтау қағазбен аяқтады. «Жасаған бергенім, бастауың жаман емес, сен бай, жомарт жігіт боласың!»,- деп мақтап, бетінен сүйді де, баласының алғашқы жетістігінің белгісін төргі үйге кілем үстіне түйрегішпен қыстырып қойды. Үйдегі ең құрметті жерге, әкесінің портреті тұрған әйнекке салып қойған. Енді ол жерде баласының да алғашқы жеңісінің марапат қағазы қатар тұратын болды. Келер жылы да сондай «Марапат қағазын» анасына қуана әкеліп берді.

Үшінші сыныпты аяқтағанда ұстазы: «Балалар, сендер жазғы демалыста кітапханадан оқуға мына төмендегідей кітаптарды алып оқыңдар. Былтырғы жазылған «Ұлан» газеттеріңді үзбей оқыңдар. Күзде төртінші сыныпқа келгендеріңде, сендерден не оқығандарыңды, түсінгендеріңді сұрап, мазмұндама жаздырам, әрі ауызша да айтып бересіңдер»,- деп, тақтаға бірнеше кітаптың аты мен авторын жазып тапсырма берді. Тізімнің басында «Менің атым Қожа». Бердібек  Соқпақбаев» деп тұр еді. Сыныптан шыға сала, кітапханаға жүгірді. Кітапханашы апай: «Менің атым Қожа» қазір қолда. Сол оқушы әкеліп тапсырғанда, апаңнан беріп жіберем, сен тізімдегі басқа кітаптарды ал»,- деді. «Қап, неге сол баладан бұрын келмедім екен, алдымды орап кеткенін қарашы!? Енді ол кітапты өткізбей қойса қайтем?»- деп қатты уайымдап, басы салбырап, іші өкінішке толып, үйіне қайтты. Күн ара есіне «Менің атым Қожа» түсіп, кітапханаға барып сұрай берді. Осы баланың сол кітапқа ықыласы қатты ауғаны кітапханашыны да мазалады ма, бірде ауданға барғанда арнайы кітап дүкеніне барып сатып алды. Ол кезде мектеп жазғы демалысқа жабылып қалған. Жомарт кезекті жолы кітапханаға келгенінде кітапхана құлыптаулы болып, «Ол бала кітапты қайтармақ түгілі, апай кітапхананы жауып кетіпті. Енді қайттім, күзде Ырысалды тәтәйге не айтып берем?» – деген өкініштен жанары жасқа шыланып шыға келді.

Бірде апасы жұмыстан қолына кітап ұстап келді. Есік алдын сыпырып, су сеуіп жүрген Жомарт оны бірден байқады.

 – Апа, маған кітап әкелдің бе, – деп, алдынан арсалаңдап жүгіріп шықты.

 – Бағана кітапханашы Шәйзат беріп жіберді ғой,- деп ыстықтан жүзі тотығып, шаршап келген анасы ықылассыз ұстата салды.

Мұқабасының сыртында атқа мінгескен екі бала бейнеленген жұқалаң ғана қоңыр кітаптың бетінде «Менің атым Қожа» деп тұр! Жомарт қуанғанынан төбесі көкке бір елі жетпей, секіре жөнелді. Әй, аңқау апасы-ай! Осы кітапқа ұлының аңсары ауып, жаздың жартысын сарылумен өткізгенін қайдан білсін. Кітапханашы апай Жомартқа ерекше бір қуаныш сыйлады. Жомарт іздегені қолына тиісімен, үйге де кірмей, сәкіге отыра кетіп,  парақтай бастады. Су жаңа кітаптың сусылдаған беттерінен ерекше иіс бұрқырап, жеткіншектің онсыз да елірген көңілін одан сайын өрекпіте түсті. Мұнда автордың үш хикаяты топтастырылғанын бала қайдан білсін, «үш бөлек екен» деп ойлап: «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», «Балалық шаққа саяхат» деп, аттарын оқып шықты. Сол жерде-ақ, оқуды бастап жіберді. Бастады да, апасы айтпақшы, «кітапта басы қалғыр, жабысып қалды». Жаз бойы үш қайтара оқып шықты. «Жер бетінде осы кітаптан басқа тірлік жоқ па? Не пәле, қайда барсаң да тасып жүресің?» – деп, апасының ұрысқанына қарамай, суға барса да, қой кезекке барса да, Әділқан ағамен шөпке барса да, бірге алып жүрді. Ол кітаптың қызығы сондай, Әділқан ағасы да оқып шықты. Оқығаны мұндай жақсы болар ма, енді екеуі Қожаберген, Сұлтан, Жанар, тіпті ұстазы Майқанованың қызықтары мен оқиғаларын таласа айтып, ой бөлісетін болды. «Шіркін, осыны апам да оқыса ғой» деп ойлады Жомарт. Бірақ анасы кітап оқитындай сауатты емес еді. Содан бір күні апама өзім оқып берсем қайтеді» деген ой келіп:

 – Апа, саған қолың босағанда мына кітапты оқып берейін бе?- деп сұрап еді, апасы бұған біртүрлі көзбен қараған. Апасының мінезін жақсы біледі ғой, ұнамаса қағып тастайды, сондықтан асығып-аптығып:

 – Әділқан ағам да оқып шықты, оған ұнады, – дегенді қосты.

 – Ә-ә, сол Әділқан ағаңнан мен кеммін бе, оқы, мен де біліп алайын,- деп, апасы келісе кетті. Сол күннен бастап апасы екеуінің ермегі кітап оқу болды, әсіресе, «Менің атым – Қожаның» қызығына апасы әбден кіріп алды.

 – Мына кітап екеуміз туралы ғой, – деп Қожаның мамасы туралы жерлерін оқығанда көзіне жас алды. Көз жасын көрсете бермейтін апасын мына битімдей кітап елжіретіп жібергені Жомартты таң қалдырды.

 – Байқұс әйел жуас шығар, содан жесір деп басынған ғой. Енесінен де ұялмайды! Маған біреу сөйтіп көрсінші! – деп кіжініп қояды.

Иә, Жомарттың апасына ешкім жолай алмайды! Оны абысындары сыртынан: «Дүлей жеңешем» деп атайды. Апасы ұлы екеуін ешкімге басындырмайды. Қаратай сияқты жаман ойлары барлар келсе, апасы алып ұратыны анық. Апасының күйеуге шықпайтынына Жомарт нық сенімді. 

 – Жоматай, мына Қожаңның мұғалімі әділетсіз екен,- деп апасы Майқанованы ұнатпай қалды.

 – Мұғалім деген баланы ынталандырмай ма, жазда өтіп кеткен бәлені күзде сабақ басталғанша ұмытпай жүрген кекшіл екен өзі! – дейді. Енді ары қарай кітапты тыңдағысы келмей қала ма деп қорыққан Жомарт:

 – Апа, сол жаман мұғалімді қайтесіз тергеп, қызығы артында,- деп қояды. Себебі өзі осыған дейін үш-төрт қайтара оқып шыққан. Апасы:

– Анау Сұлтан деген жаман жолдас, өзі тәртіпсіз екен, темекі шегуге үйретіп жүргенін қара. «Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа» деп жақсы айтқан. Сен де мектепте жақсы балалармен жолдас бол,- деп, апасы қайтадан кітаптың қызығына түсіп кетеді.

Сонымен Жомарт қана емес, апасы да кітап оқып, «адам» болып жатты.

                                        ҰСТАЗҒА  ҒАШЫҚ БОЛУ

Төртінші сыныпқа дейін оқытқан Ырысалды тәтейі бөпе босанатын болып, екінші тоқсанда ай десе аузы, күн десе көзі бар, шашы тобығына түскен бір сұлу қыз сынып жетекшісі болып келді. Бүкіл мектептегі қыздар тамсанып, қасынан сәлемдесіп өткен ұлдар ұзап кетпей,артына бұрылып қарап тұрады екен. Мектеп директоры Барат ағай сыныптарына таныстыруға өзі ертіп келді.

– Балалар, бүгіннен бастап сендерді мына Айшархан Тоқтасынбекқызы оқытатын болады. Тәтейлеріңді сыйлап, сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Қуаныш, Бақыт! Сендер былтырғыдай бұзақылық жасамаңдар. Талғат, сен староста болған соң бұларға ие бол! Биыл бастауышты бітіресіңдер. Дұрыс білім алмасаңдар, келер жылғы бағдарлама ауыр, үлгере алмайсыңдар. Үлкен білімді азамат болу үшін алдымен фундаментін дұрыс қалауларың керек. Фундамент деген не, білесіңдер ме? – деді.

 – Үй салғанда семент құяды, соны айтады,- деді Талғат деген «білгіш».

 – Дұрыс айтасың, үйдің іргетасын фундамент дейді. Ол нашар болса, үй құлап қалады, түкке жарамай. Білім де солай. Алғаш бастағанда басыңа жақсылап құйып алсаң, ары қарай сенімді жүріп кетесің. Өмірде сенімді жүріңдер. Білім жолдарың ашық болсын! – деп тілек айтып, тәтейлерін таныстырып кетті.

Үшінші сыныпта Қуаныш пен Бақыт сыныпта төбелесіп, терезе шақты. Оны әкелері келіп жөндеген болатын. Директордың екі тентек баланың атын айрықша ауызға алып тұрғаны сол. Енді төртінші сыныпта соны бәріне сабақ болсын деп ескертті.

 – Балалар, тағы да сәлеметсіңдер ме! – деп бастады Айшархан тәтей алғашқы сөзін. Бәрі шулап амандасып болған соң, сынып журналын ашып:

 – Енді сендермен жеке-жеке танысып алайын, – деп жымиып бәріне қарады.

Жымиғаны қандай әдемі! Әппақ маржандай тістері көрінгенде, күн күлгендей болды. Әр баланың аты мен тегін атаған сайын ұп-ұзын найза кірпіктерін қағып-қағып қояды. Көздері ерекше бір сәуле шашады. Жомарт Айшархан тәтейдің сұлулығына арбалып отырғанда, «Жомарт Жолдыбайұлы» деген өз аты-жөнін естімей отыра беріпті. Сыныптың старостасы Бейбітгүл: «Жомарт, тұрсаңшы!» деп тақ ете қалғанда барып, бір-ақ есін жиды. Орнынан атып тұрып: «Мен!» деді. Тәтейі Жомарттың бетіне қарап тағы бір күлімсіреп еді, әппақ жүзіндегі екі сүтшұңқыры ойыла түсіп барып жазылды.

Содан бері Жомарттан ұйқы қашты. Бұрын сыныптағы Бейбітгүлді  үздік оқыған соң ұнататын. Ол сабақ айтқанда аузы ашылып тыңдап, «Осы бәрін қалай біледі? Қалай жаттап алады?» деп таңырқап отыратын. Шашы ұзын, әппақ жүзі сүйкімді, әсіресе тәмпиген танауы өзіне жарасатын. Тек кейде орынсыз білгішсініп, балаларға шаңқылдап сөйлейтінін жақтырмай қалатын. «Староста болған соң сөйтетін шығар» деп, ол мінезін ақтап қоятын. Басқа ұлдар сияқты қарсы келмей, айтқанын ауыз ашылып тыңдай бергенін байқап қалған Талғат бір күні тақтаға: «Жомарт және Бейбітгүл»,- деп жазып қойыпты. Абырой болғанда ортасына қосу қоймапты. Әлде «плюс» қоюды дегенді білмеді ме екен? Содан бері балалар Бейбітгүл сөйлей бастаса, Жомартқа қарап мырс-мырс күлетін болған.

Ал Айшархан тәтей келгелі… Жомарт нағыз сұлудың қандай болатынын енді көргендей.

Ол сабақ түсіндіргенде, бетіне қарап қатып қалады. Маңдайынан қасына, қасынан көзіне, көзінен әдемі қыр мұрына, мұрынынан гүлдің қызыл күлтесіндей ерніне, ернінен үлбіреген тамағына түсіп, әрқайсысына тамсана қарап отырады. Әуезді үні құлағынан кіріп, бүкіл санасын билейді. Тәтейі ары қарап тақтаға жазу жазғанда, жуан қара шашы көйлегінің етегіне дейін түсіп, қимылдаған кезде тербеліп кетеді. Ондайда Жомарт жүгіріп барып, сол ұзын бұрымды ұстап алғысы келетін. Жазғы каникулда кітаптардан «Күн астындағы Күнікей қыз», «Қыз Жібек», «Баян сұлу», «Гүлбаршын сұлу» деген небір сұлулардың сипатын оқып алған. Айшархан тәтейі солардан аумайды. Ал оның батыры кім болды екен? Әлде әлі сүйген батыры жоқ па?! «Мұғаліміңе осылай қарауға бола ма?!» деген бір ой келіп қалып, селк ете түсті. Түрткен Сайра екен.

 – Жазбайсың ба? – деді. 

 – Нені? – деді Жомарт таңырқап.

 – Қосындысын,- деп жақтырмай қарады парталасы.

Бұл болса, қосындысы тұрмақ бастауын да білмейді, тіпті дәптерін де ашпай, сабақ басталғаннан сұлу мұғалимасына тамсанып отыра беріпті.

Бірде апасы:

 – Ана, сенің мұғалімің Мәрзияның келіні екен,- деді тамақ ішіп отырғанда.

Жүрегі зірк ете түсті. «Батыры бар екен!» деді құлағына бір дауыс. Жұтқан наны кеңірдегіне тұрып қалды. «Неге ол келін болды? Менің өскенімді неге күтпеді?» деп бақырып жылағысы келді жер тепкілеп.  Үй жұмысын жасайын деп еді, Айшархан тәтейінің тұнжырап қарайтын жанары көз алдынан кетпей қойды. «Оның батырын көрем! Ол менен артық па екен?» деген ойға көмілді.  «Мәрзия» деген апа есіне түсті. Нағашы атасының үйі жағында тұрады. Демалыс күні әдейі сол жаққа барды. Ол аңдып жүрген үйдің маңайында алаң бар екен. Сонда топ бала улап-шулап доп қуалап жүр. Бұл да соларды тамашалаған болып бір барып, қайта үй жаққа келіп, екі ортада біраз мағынасыз сенделіп жүрді. Ары-бері жүріп, өлдім-ау, деп шаршағанда, әрі апасы да іздеп қалды ма деген қорқынышы да бар, жан-жағына алақтап қарап тұр еді, үйден бір әйел мен еркек шықты. «Сүйіктісін» алыстан таныды. Жанындағы күйеуі еді. Жақыннан көргісі келіп қарсы жүрді. «Күйеуі кішкентай ғой!» деп менсінбей қалды. «Ғашығы» сұңғақ бойлы болатын. Еркек орта бойлы болғанымен, жұбайымен иықтас екен. «Мен өскенде, әкем сияқты ұзынтұра болам!» деп ойлады.  Ара қашықтық екі-ақ адым қалыпты, амандасу керек.

 – Сәлеметсіз бе?!,- деді ұстазына. «Анаған» қырсығып, амандаспауға тырысты.

 – Сәлеметсің бе, Жомарт! – деді «асылы» жүрегін қозғардай нәзік үнмен. «Анау» да:

 – Сәлем! – деп қояды, тап бір соған амандасқандай.

Олар ары, бұл бері өтіп кетті. Біраз қадам жасап барып артына бұрылып, ерлі-зайыптыларға қарап тұрды. Жомарт үшін дүниедегі ең асыл жан тал шыбықтай бұралып, қос бұрымы шұбалып кетіп барады. «Анаусы жалпиған сары! Түк те жараспайды! Бекежан!» деді қызғаныштан іші күйіген «Төлеген». Тамағына өксік келді. «Мен неге кеш туылдым екен? Әлі жүрмін кіп-кішкентай болып. Әне, мен сүйген Жібекті алып кетті!». Өкініштен өзегі өртеніп үйге апаратын жолға бұрылды.

Үйге келсе, апасы есік алдындағы ескі сәкіде қараторы жүзі күреңітіп, қаһарына мініп отыр екен. Апасының адуын мінезі өзіне мәлім. Алыстан аяғын санап басып, әрең жақындады.

 – Әй, жүгермек, ойының осылсын, ойының осылғыр! Есіл-дертің ойын. Менің жүрісім мынау! Мектепте балалардың аяғының балшығы мен дәретқанасын тазалап. Үйге келсем қызыл сиыр мен қой-ешкінің боғын тазалап. Қолым судан босамайды еден жуып. Осының бәрі кім үшін? – деп жер тепсініп айғайлап алады да:

 – Сен үшін! Сен оқысын, адам болсын деп жүрмін. Жақсы болып өсіп, мені баға ма деп жүрмін! Сен менен басқа кімге керексің?! Сен болмасаң, менің жалғыз жаныма не керек, өлем де қалам, бір жіпке асылып… – деп, тоқтар емес.

Осы апасының мінезі қызық, көп сөйлемейді, бір ашуланса, шаңыңды қағып, жер-жебіріңе жетеді. «Өлем де қалам, бір жіпке асылып!» дегенінен шошып кетті. Апасын тоқтатпаса болмайды!

«Апа, өлмеші, сені өскенде бағам! – деп, шыр-шыр етіп, белінен құшақтай алды. Жанының жалғыз жапырағының шырылдағаны жанына жақты ма, апасы:

 – Жасаған бергенім-ау, сен екеуміздің бір-бірімізден басқа кіміміз бар? – деп жылап, баласын құшақтап, жерге отыра кетті.

Құшақтасқан ана мен бала біраз жыласып барып басылды. Әлі де отыра берер ме еді, өрістен қайтқан қызыл сиыр «мен келдім» дегендей, иелеріне мөңіреп белгі берді.

– Жоматай, Зойка кепті ғой, қашаны аша ғой, – дегенде, орнынан атып тұрып, қора жаққа қарай құлдыраңдай жөнелді.

Байқұс апасы қайдан білсін, адам болсын деп жүрген жүгермегінің Мәрзияның келініне «ғашық» болып жүргенін. Алғашқы махаббат «дерті» оңай емес екен, Жомарт содан бастап «ғашықтықтан» азып-тозып, сабағы нашарлап кетті. Есесіне кітапханадан шықпай, әдеби кітаптар оқығыш болып алды. Оқитыны кілең ғашықтық жыр-дастандар, көне қиссалар. Оларды оқыған сайын зейіні ашылып, жады мықты болып барады. Тіпті кейбір жолдары есінде өзінен-өзі жатталып қалады.  Кітапханашы:

 – Бұл үлкендер оқитын кітап қой,- десе:

– Апама оқып берем! – деп өтірік айта қояды.

«Алпамыс батырдағы» өзі – Алпамыс, Айшарханы – Гүлбаршын сұлу, «ҚозыКөрпеш – Баян сұлудағы» өзі – Қозы, Айшарханы – Баян, «Ләйлі –Мәжнүндегі» өзі – Мәжнүн, Айшарханы – Ләйлі, «Жүсіп–Зылихадағы» өзі –Жүсіп, Айшарханы – Зылиха болып елестейді. Олардың махаббатқа адалдығы, қайғы-қасірет көргені, күйініш-сүйініші түндерде ұйқысын бұзып, сол жырларды ойлап шығатыны да бар.  

Қысқы каникулда кітаптың қызығына түсіп, қойларға шөп салуды ұмытып кетіпті. Апасы аяқ астынан келіп қалып, «кітапқа жабысып қалған жерінен» ажыратып, қолындағы кітапты жұлып алды. Мұқабасындағы қыз бен жігіттің суретіне қадалды да қалды. «Ләйлі-Мәжнүн жыры» деп ежіктеп оқып шықты. Апасы аздап қара танитын, «оқымай қалдым, әйтпесе, деректір балар едім» дейтіні бар ашуланғанда.

 – «Ләйлі–Мәжнүн» дей ме? – деп, көзін кітаптың мұқабасынан алмай, шақ еткенде, даусы қатты шығып кетті. Жомарт қорыққанынан үрпие қалып, көзін тарс жұма қойды.

 – Әй, бесіктен белің шықпай жатып, ғашықтық жырын оқып жатырмысың? Мәжнүн болып отырмысың? Қойлар анау қорада маңырап, аштықтан бұралып тұрған. Мен мынау, қаңтардың аязында еден жуып, қатып-серейіп келген,- деді де кітапты пешке қарай ала жүгірді. Отқа салатынын білгенде, киізге жабысып қалғандай болған табаны икемге келіп, екі аттап, анасының  қолына жармаса кетті:

 – Апа, апатай, мені кітапханашы құртады ғой! – деп шырылдады.

 – Сабақ оқымай қаршадайыңнан ғашықтықтың кітабын оқып отырғаныңды білсе не істейді, білесің бе? Мектептен шығарады!

«Мектептен шығарады!» дегеннен шошып кетті. «Мектептен шығып қалу масқара ғой. Бұзақы Жәйірбек пен Болатжаннан сорлы болғаны ғой! Апасы айтпақшы, малмен мал боп кететін шығар».

 – Апа, каникул ғой! Сондықтан оқыдым, енді ондай кітап оқымаймын, ертең апарып берем! – деп жылап жіберді.

 – Неге сен өз жасыңа лайық кітап оқымайсың? Он беске толмай қатын алайын деп жүрмісің мына түріңмен? Көзін құрт мына ашық-машығыңның! – деп кітабын енді терезеге қарай лақтырды.

Ертесіне апасы кешегі оқиғаны көрші әйелге шиқылдап күліп айтып отырғанын сырттан кіріп келе жатып естіп қалды. Апасына ұнаған сияқты ғашықтық кітап оқығаны.

– Он бесінде үйленсе, үйленсін. Жолдыбайдың тұқымын көбейтеді! – деп ана әйел де күліп жатыр екен.

Табалдырықтан аттаған Жомарт кері бұрылып үйден атып шықты.

Содан кейін үшінші тоқсанда кітапханаға бармады. Сабағына ықыласты болып жүрген, бірақ «ғашық» болып жүрген арада біраз үлгерімі нашарлап, бағдарламадан қалып қойыпты. Бірде балалардың соңынан түсінбегенін тәтейінен сұрап еді, ол кісі әдеттегідей, көздерінен нұр төге күлімсіреп:

 – Жомарт, сен осы тоқсанды бастаған ықыласың маған ұнап тұр. Қуанып қалдым, мен жақсы оқыған баланы жақсы көрем, – деп басынан сипады. Алақаны қандай жұмсақ еді!

Апасы айтпақшы, өзі «Мәжнүн балаға» бұдан асқан бақыт бола ма?! Арқасына қанат біткендей, үйге жеткенше ұшып келді. Айшархан тәтейінің қап-қара, тұнжыр жанары көз алдына елестей берді. Құлағынан кетпей тұрып алған: «Мен жақсы оқыған баланы жақсы көрем!» деген сөзі дүниедегі ең  қымбат сөздей, санасында қайта-қайта жаңғырды. Жақсы оқыса болды, «ғашығы» оны жақсы көреді! «Бүгіннен бастап бұрынғыдан да жақсы оқимын! Жақсы оқитыным сондай, бәрін таңғалдырам!» деп, айнаға қарап тұрып, өз-өзіне ант берді. 

Үш жыл мақтау қағазын алып аяқтаған. Апасы ата-аналар жиналысында үздік оқушының анасы ретінде төралқада отыратын. Ұлының жақсы-жаман оқитынының белгісі сол сияқты екен. Төртінші сыныпта «ғашықтықтан» сабақ үлгерімі төмендеп кеткен соң, тоқсан соңындағы қорытынды жиналыста апасын төралқаға отырғызбады. Жиналыстан апасы түтігіп оралды:

 – Саған не болды? Сабағың төмендеп кеткен бе? – деді есіктен кіре.

 – Жоқ! Сол қалпы,- деді бұл, өлсе мойындамауға белін бекем буып. Қайран апасы мұның «ғашықтықтан құрығанын» қайдан білсін, сөзіне қарағанда, себебін мұғалімнен де сұрамаса керек.

 – Ендеше, мен неге осы жиналыста төрде отырмадым? – деп қадалды.

 – Жаңа келген мұғалім сізді танымаған шығар, – деп құтылып кетті.

Негізі төралқаға ата-анаға қарап емес, оқушының үлгеріміне қарап отырғызады ғой. Сауаты жоқ апасы, шынашақтай қушыкеш баласынан алданып, «мәселені ушықтырмай» қоя салды.

Осы үшінші және соңғы төртінші тоқсанда «бестіктердің» соңына түспесе, анық масқара болатынын ұқты. Біріншіден, жақсы оқымайтын баланы «ғашығы» жақсы көрмейді. Екіншіден, жыл қорытындысында мақтау қағазын алмаса, апасының талқысына түседі. Төралқаға отырмаған апасының қаһарынан Құдай сақтасын!

АПАСЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Бастауышты абыроймен бітіріп, «алғашқы махаббаты оянып, ұстазына ғашық болып үлгерген» Жомарт жігіт бесінші сыныпты бастап жүргенде, апасы екеуінің шағын ғана отбасына Олжас деген бақырауық бір бөпе келіп қосылды.

Апасы «Шарындағы сіңлім қайтыс болыпты, соған барам, мал-жанға ие бол» деп жылап-сықтап жолға жиналған. Үш күннен кейін кешке қарай келді. Қолында үлкен бір орамасы бар. Алдынан шыққан Жомартқа «Қалайсың?» деп шала амандасты да, үйге асықты. Есіктен кірді де, аяқ киімін лақтыра шешіп, орамасын төсекке қойды.

Баппен беліндегі байлауды шешті де:

 –Ал, Олжатай үйіңе келдің! – деді.

Жомарт жақындап қарап еді,  төсек үстінде нәресте жатыр! Бір уыс беті қып-қызыл. Аяқ-қолын босатқан соң «іңгә-іңгә!» деп үйді басына көтеріп бақыра жөнелген.

Ошақ жақта апасы қолына кішкентай бөтелке ұстап алып, алақтап, әлденені іздеп жүр. «Жомарт! Бар, ана бөпеңді жұбат!» деп айқайлап қояды. Жомарт алыста емес, бөпенің жанында тұрған. Қалай жұбатуды да білмейді. Онысын «бөпең» деп қояды меншіктеп беріп. Кішкентай саусақтарынан ұстап: «Жылама! Жылама!» деп сілкіледі. Өмірінде Жомарт адамның бөпесін көріп пе! Малдың жаңа туған төлін көрді, сөскемен сүт те берген. Мына бөпе қолынан ұстағанды жақтырмады ма, одан әрі бақырған. Дауысын-ай!

Апасы бөтелкеге құйған сүтті жылытып әкелді. Басында желім сөскесі бар. «Олжатай! Олжатай!» деп еркелете бауырына қысып, сөскені аузына тықты. Кішкентай тіршілікке де тамақ керек, шап еткізіп тартып алып, солқылдатып сора бастады. Апасы құшақтаған қалпы басынан сипап, құйрығынан қағып, мейірін салып отыр. Анау әп-сәтте бөтелкені босатып, маңдайы тершіп ұйқыға кетті. Келгелі апасында тіл жоқ, нәрестемен әуре.

Екеуі дастарханға отырғанда барып тілге келді.

 – Жомарт, Олжас енді менің балам! Саған артыңнан ерген інің болады. Кенже сіңлім осыны туам деп өліп қалды. Бұдан басқа екі баласы бар екен. Күйеуі жаңа туған нәрестені баға алмайды ғой, ана екеуіне ие болса да жарар деп туысқандары маған берді. Өзім сұрап алдым. Сен болсаң жалғызсың. Ерте ма, кеш пе мен де әкең құсап өліп қалсам, жалғыз кімге керексің. Ең болмаса, бауырың болсын дедім. Осыған еңбек сіңірейік, бізді тастап кетпес,- деп жағдайды мәлімдеп шықты.

Жомарт сонша сөзден «Ерте ме, кеш пе, мен де әкең сияқты өліп қаламын»  дегенді ғана түсініп, зәресі ұшты.

– Апа, сен өлмеші,- деп құшақтай алды шешесін.

 – Өлмеймін, енді екеуіңе бірдей жауаптымын, мені Құдай сендер үшін аман етеді,- деп төбесінен иіскеді.

Апасы шіркін, біреулердің шешесі сияқты еміреніп иіскеп, бетінен сүю дегенді білмейді ғой. Тастай қатып, тек талап етеді. Түрі суық, ірі денелі, қара күштің иесі. Мінезі де сондай қайратты, қаһарына мінсе, дауылдай жапырады. Бірақ бар мейірімі ішінде жатады, мейірімді болмаса, мына жетімекті сонша жерден арқалап әкеле ме?! Өздері күндерін әрең көріп жүргенде, бар тірлігін тоқтатып, енді бала бақпақшы. Бұрын да бала болып қатарластарымен ойнамайтын Жомарт енді тіпті үйден шықпайтын болды. Апасы жұмысқа кеткенде Олжасты өзі қарайды. Қорадағы қой, табынға қосатын сиыр, есік алдындағы ит те, отқа жағатын отын да, үйді жылыту, су ысыту да оннан енді асқан Жомартқа қарап тұр. Оның да анау доп қуып, асық атып, ләңгі теуіп, тығылмақ пен атыспақ ойнап жүргендер сияқты алысып-жұлысып, жарысып, дауласып, таласып орталарында ойынның түбін түсіріп жүргісі келеді. Арқасына інісін байлап алып, тіршілігімен айналысады, ол ұйықтағанда ғана далаға шығып, алыстан ойнап жүрген балаларды тамашалайды. Өздерінен басқа үйде теледидар бар, кейбіреулерінікі түрлі-түсті, олар кино көреді, оны мектепке айтып келеді. Таласып талқылайды. Жомарттың көзі қызарып тыңдап отырады. «Көп ақша тапсам, алдымен теледидар аламын» деп армандайды.

Сөйтіп, кішкентай Олжас апасы екеуінің күнделікті өмір сүру дағдысын өз ыңғайына қарай өзгертті. Оны нәресте тұрмақ, апасы мен Жомарт та білмеді. Бар ойлары Олжастарының қарны тоқ болып, жыламай өсе берсе.

Үйлерінде радио да жоқ еді, бір күні дүкеннен кішкентай радио көрді. Апасына айтып келді, «алайықшы, одан ән тыңдаймыз, Алматыда не болып жатқанын айтады» деп жалынды. Апасы: «айлық алғанда алайық» деп еді, сол айлық алатын күнін санап жүрді. Дүкенге барып екеуі радио сатып алғанда, қуанғанын көрсең! Үйге алып келді, енді оны қалай қосатынын білмей, көрші Әділқан ағаны шақырды. Ол кісі келіп, үйді ары қарап, бері қарап айналып шығып:

 – Жомарт сендерде радионың жүйесі тартылмаған екен ғой. Поштаға барып Ләйліқан тәтеңе айтсаң, монтерын жіберіп тарттырып береді,- деп, асығып тракторына мініп, кетіп қалды.

Енді Жомарт поштаға тартты, одан Қашқынбай деген монтерды тапты, ол ағаға түсіндірді. Үш күн дегенде жүйені тартып, кішкентай радиоға тіл бітті. Таңертеңнен жатқанша сайрайды да тұрады. Жаңалықтар айтады, ән айтады, күй тартады, жатарда Ерден атай ертегі айтады. Бұрын құлаққа ұрған танадай тыныш болатын үйлеріне «Қазақ радиосымен» шаттық кірді.

Бұрын Жомарт пен апасы екеуіне тоңазытқыш деген керек емес еді, ондай заттың қажет екені ойларына да кіріп шықпайтын. Күн ысығанда Олжастың ішетін сүті ашып, апасы оған дайындап беріп кететін тамағы іріп кетіп, рәсуа бола берген соң, Жомарт апасына:

 – Апа, нағашымның үйіндегідей тоңазытқыш алып алсақ, Олжатайдың тамағын салып қоямыз, ашымайды. Етті де сақтауға болады,- деп ой салды.

Апасына ұлының айтқаны ұнап, ақша жинап жүрді. Ол тоңазытқыш деген ауылдың дүкеніне түспейді екен. Дүкенші ауданға тапсырыс берем деп апасының ақшасын алды. Тоңазытқыш келгенше екеуі: «ақшамызды алдап алып қойды ма?» деп уайымдап жүргенде, есік алдына бір шағын жүк тиейтін көлік келіп тоқтады. Тоңазытқыш әкеліпті. Бойы Жомарттан аласа, әйтеуір Олжастың тамағы мен біраз ет-сүт салуға жетеді. Үйлеріне үлкен бір мүлік келгендей қуанысты.

Көктемнің бір шуақты күні Олжас қаз-қаз тұрып, апыл-тапыл аяқ басты. Оны көріп қуаныштан жүрегі жарыла, апасына жеткізді. Екеуі кішкентайды қайта-қайта жүргізіп қызықтап, шаршатып ұйықтатты. Апасы:

 – Жоматай, інің аяғын басты, жексенбі күні көршілерді шақырып тұсауын кестіріп жіберейік,- деп көңілі жадырап қарағанда, маңдайындағы әжімдері жазылып кеткендей болды. Жомарт соны байқап, апам үнемі осылай жадырап жүрсе ғой деп ойлап үлгерді.

 – «Тұсау кесу» деген не, апа? – деп сұрады сосын бұрын ешкіммен араласып, той көрмеген Жомарт.

– Бөпе еңбектеп болып, белін көтеріп, өз бетімен апыл-тапыл басқанда жасалатын ырым. Тез жүріп кетсін деп жүріс-тұрысы ширақ адамға тұсауын кестіреді. Тұсау кестіретін адамды ата-анасы таңдайды және сол кісіге ұқсасын деп ырымдайды. Баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы ішегімен немесе өрілген көк шөппен кеседі. Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы ішек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөппен өсіп-өнсін деп  кеседі.

Апасы бауырсақ пісіріп, дүкеннен тәтті-тұрым тасып, Жомарт нағашылары мен көршілерді шақыру үшін үй аралап кетті. Жексенбіге жұрт жиылып, үйде той болды. Олжастың тұсауын Әділқан аға кесті. Жомарт та балалармен ойнап, достарына шашу таратып, мәз болды. Бұл апасы екеуінің жасаған алғашқы тойы болатын. Сол күннен бастап Олжас дөңгелек үстелді жағалай жүріп, орталарында отырып тамақ ішіп, үстел үстіндегілерге қол созып, ұстағанын шашып адам болып келе жатты. Апасы екеуінің кешке қарай бар қызығы Олжас болатын. Жомарт «теледидарым болса» деген арманын да ұмыта бастады.

Бесіншіні мақтау қағазымен бітіріп жазғы демалысқа шыққан. Қақ төбеден жандырып тұрған күннен салқын болсын деп, ауланы сыпырып, су шашып жүрген. Екі бала ерткен еркек келді. Апасы жұмыста болатын. Қақпаның алдында :

 – Жібектің үйі ме? – деді, ыстықтан тотығып, тершіген маңдайын басындағы телпегімен бір сүйкей салып.

 – Иә.

 – Сен Жомартпысың?

 – Иә!

 – Шешең үйде ме, біз туысқандарың боламыз…

 – Кіріңіздер, апам жұмыста,- деп жатқанда ашық есіктен жыбырлап Олжас шықты.

Аяқ-қолы арбиған, ұзын мойын, ұзын мұрын, сіріңке қара, қысық көз еркек кішкентайды көріп қарап қалды. Оның назарынан Олжас  қорқып, Жомартқа қарай талтаңдап жүрді. Ана үшеуі де бөпеге қадалып тұр. Жомарт өмірі көрмеген жандардың көзқарасын ұнатпай, бөпесін көтеріп алды.

Үлкен кісі: «ҮҺ, бүгін күн күйіп кетті ғой!» – деп сөйлей,  аттай басып, есік алдындағы сәкіге барып жайғасты. Балалары жанына отырды. Жомарт інісін арқасына көтеріп тұр. Олжас болса кішкентай қолдарымен ағасының мойнынан қатты қысып, жабысып алыпты. Көзі бақырайып ана кісіге қарап қояды.

 – Бөпеңнің аты кім? – деді ер адам.

 – Олжас.

 – Үлкен ақынның атын қойыпсыңдар, сол атасындай азамат болсын! – деп тағы көзін кішкентайға қадап, отырып қалды.

 – Ыстық болса, үйге кіріңіздер! Апам да келіп қалар, – деп қонақжайлылық танытты Жомарт.

Олар да соны күтіп отыр екен, орындарынан көтеріліп, үйге беттеді.

Ымыртта оралған апасы келген қонақтармен дауыс салып көрісті. Апасының жылағанынан Олжас қорқып жабысып, қолынан түспей қойды.

– Міне, балаң өсіп қалды. Жақында тұсауын кестік. Аты – Олжас! – деп алдына алып, үстел басына жайғасты. Екі баланың біреуі шалбар киген қыз екен.

– Жомарт, бұл ағаң – Ақылбек, Олжатайдың әкесі. Мына балалар – Кәмшат пен Дастан,- деп таныстырды. Саған бөле болады. Олардың аналары менің туған сіңлім болатын.

«Әкесі Олжасты әкетіп қалса, қайтеміз»,- деп кішкентай, қылығы тәтті апасы екеуінің алданыштарын қимай, Жомарт қатты уайымдап қалып еді, керісінше олар осы ауылға көшіп келгісі келетіндерін айтты.

 – Оның дұрыс! – деп апасы құптады. – Мына жерде балалардың нағашылары бар. Ақылбек есіңде болсын, сіңлімнің көзін саған бере алмаймын. Қырқынан шықпай бауырыма салдым. Ол енді Жомартымның серігі,- деп тағы кемсеңдеді. Жомарт апасының мұнша босағанын өмірі көрген емес еді. Бауыр деген де, бала деген де оңай емес екенін жүрегі сезді.

 – Оқу басталғанша көшіп алыңдар, былтырдан бері көшіп кеткен біреудің үйі бос тұр. Мен соның иесін тауып сөйлесіп қояйын, сұрап жатса аздаған құнын берерсіңдер,- деп апасы мәселені шешіп, туысқандарды ертесіне шығарып салатын болды.

 – Жібек, сен ренжімесең мына екі бала Жомартжанның қасында жүре тұрсыншы, мен заттарды өзім көшіріп келермін, – деді де жолға шықты.

– Тастап кет, ақыры осы ауылға келді ғой,- деген апасы Олжасты қолына көтеріп алып:

 – Әкеңе сау бол айт,- деп білегінен ұстап қол бұлғатты. Мына сөзден Ақылбек ағаның көзіне жас үйіріле қалғандай болды. Ол артына көп қарағыштап, үйден ұзай берді.

Көп ұзамай Ақылбек аға апасы келісіп қойған үйге көшіп келді. Шарыннан жеткен көліктен түсірген жүктің ортасында су жаңа белесебет бар еді. Жомарт оны мәшиненің үстінде-ақ байқаған. Дастандікі шығар деп ойлап, бірақ көзі қызығып-ақ қалған. Сонда да кімдікі екенін сұрамай, буыншақ-түйіншектерді ішке таси берді. Жүк түгел үйге кіргізіліп, апасының жасаған қуырдағына отырғанда Ақылбек ағасы:

 – Жомарт, сен үлкен жігіт болып қалды ғой деп кеше Шонжыдан мынаны саған сатып алдым,- деп көзінің жауын алған белесебетті Жомартқа қарай тарта берді. Бәрінің көзі ғажап сыйлықта. Апасы да қуанып тұр. Жомарт сол жерде теуіп ала жөнелер ме еді, егер білетін болса. Бар болғаны рулін ары- бері бұрап, аула ішінде жүргізіп көрді де, қабырғаға сүйеп қойды. Ішінен: «Ертең үйренем!» – деп бекінді.

Сол түні таңды атыра алсашы. Бұрынғыдай Олжас та толық мойнында емес, Кәмшат балаға жақсы қарайтын болған соң, апасы оны қолына ұстап жүрді.  Таңертеңгі шәйін ішкенше әрең шыдады. Алдымен жығылып-сүрініп аула ішінде үйренді. Бір жетіден соң Жомарт белесебетімен ауыл ішінде құйғытатын болды. Дастанды да артына мінгізіп алуға машықтанды.

СПОРТПЕН ҚАЛАЙ ДОСТАСТЫ

Ақылбектің бала-шағасымен көшіп келгені Жомартқа жақсы болды. Апасы қой-ешкілерін солардың қорасына апарып қосты. Жем-шөбі де Ақылбектің мойынында еді. Жомартқа жаздың күндері таңертең қызыл сиырды сауылған соң, табынға айдап апарып қосу, қыста қорада жем-шөбін беру сияқты жұмыстар қалды.  Үйге отын түсіру мен малға шөп жеткізу де Ақылбек ағасының жауапкершілігінде. Кәмшат қысы-жазы Жомарттардың үйінде. Олжасқа одан жақсы тәрбиеші жоқ. Ол да томпаңдап артынан қалмайды.

Тек Жомартқа ұнамай жүрген үлкен бір өзгеріс сол, үй мен түздің тіршілігіне бірдей апасы жұмыстан ақшам жамырағанда қайтса да, Ақылбектің үйіне барып, Дастан мен әкесіне тамақ жасап береді. Үйіндегі көзі бақырайып күтіп отыратын үш баланың тамағын ыдысқа салып ала келеді. Жомарт жан апасын, бұрын өзінен басқа ешкіммен бөліспейтін апасын аналармен бөліскісі келмей, қызғаныштың қызыл иті ішін тырнап, қатты қиналды. «Оларға барма» деп апасына айта алмайды. Аналардың сұры анау – апасы бармаса аштан өлетіндей. Бар қолынан келгені, Ақылбекке ерегеседі, Дастанға әлімжеттік жасайды.

Ақылбек Дастан екеуіне «Спортпен айналысқан жігіт күшті болады, ешкімге есесін жібермейді, жақындарын қорғайды» деп үйретіп, қора ішіне құм толтырылған қапты іліп қойды. Қайдан тапқанын, боксерлік қолғап әкеліп берді. Трактордың темірлерінен штанга құрастырды. Тартылуға турник те жасап берді. Оларды қалай пайдалануды үйретті. Дардай басымен ауыл сыртындағы алаңға барып мектеп оқушыларымен футбол да ойнайтыны бар. Өзі жұмыстан босай қалса, екі ұлмен бокстасып, штанга көтеріп, турникке тартылдырып, ауыл сыртына шығарып жүгіртіп, жарыстырып, спортпен айналыстыратын. Жомартқа сонда да жақпайды.  Дос балалары болса: «Жездең күшті ғой, біздің әкелерімізді теледидардың алдынан тұрғыза алмайсың» деп мақтайды. «Бізде теледидар болмаған соң, басқа қайда барады?» деп, ішінен мысқылдайтын.

Дастан Жомарттан екі жас кіші. Өзі өте әлжуаз. Бойы аласа, аяғы қамыт. Жомарт оны қанша жұмсап, қанша тілімен шағып жатса да үндемейді, бетіне күлімдеп қарап тұрғаны. «Неменесіне жетіседі екен, мына шілбиген түрімен» деп жыны ұстайтын. Ал апасы болса Ақылбекке де балаларына да жаны ашып, солар үшін күйіп-пісіп жүргені. Құдды өз жалғызын «ұмытқандай». Қызғаныштан өті толған Жомарт:

 – Апа, осы Дастан неге сонша кішкентай, әкесі дәу кісі ғой,- деді кемсіткісі келіп.

 – И-и, жарығым, бесіктен белі шықпай жетім қалды ғой. Сіңлім осындай нәзік еді, соған тартқан да шығар, –деп аяп шыға келді.

 – Мен де жетіммін ғой,- деп қызғанышын шығарып қойды, өзіне ықыласы азайып бара жатқанын сездіріп.

 – Әй, ақымағым-ай, «әкесіз жетім – мас жетім, анасыз жетім – тас жетім», –деген бар. Сен әкең болмаса да, менің арқамда мастанып осы сөзді айтып отырсың. Әйтпесе, төрт құбылаң түгел, өз қарашаңырағыңда отырсың ғой. Олар анасыз қалып еді, әне, бастары қаңғырып, осында көшіп келді. Еркектің қолынан не келеді, дардай басымен күні маған қарап тұр. Аналары тірі болса  Олжасты маған бере ме, үш баласымен отын жағып, қазанын қайнатып отыра берер еді де. Сен атадан жалғызсың. Олар – үшеу. Өскенде үшеуі үш шаңырақ болып, бір-біріне сүйеу болады. Сенің менен басқа кімің бар? Одан да сен олармен бауырлас, үлкендігіңді жасап,  пана бол. Мен өліп қалсам, күнің соларға түседі, – деп еді, бұл қорқып кетті. Расында, анасы өлсе, жалғыз қалады ғой, сонда қайда барады?

Анасы екеуінің арасында болған осы әңгімеден соң, анасыз балаға орынсыз тиіскенді қойды. Ақылбекпен де ерегеспейтін болды. Дастанды белесебетінің артына мінгестіріп алады, үйге шақырып, екеуі спортпен айналысады. Жомарт жақындаған сайын Дастан да ашылып, әңгіме айтатынды шығарды, сабағының түсінбеген жерін сұрайды.

Ақылбекпен шөп оруға барғанда, оның қайратына таңғалатын. Шалғыны бір сілтегенде, үй орнындай жерді опырып түседі. Басына мәйкесін байлап алып, іске кіріседі де, күн тас төбеге көтеріліп қызғанша, бір дамыл көрмейді. Анда-санда апасының дайындап берген ашыған көжесінен бір кесесін тартып алып, үн-түн жоқ, тек шалғысын сыр-сыр еткізіп, бір тыным таппайтын. Әлде соңында жал-жал боп қалып жататын көк шалғыннан рахат ала ма?! Оның ашқылтым, хош иісі жанына шабыт, бойына жігер дарытатындай. 

 Жомарт пен Дастан екеуі екі қолорақпен мықшыңдап арықтың бойындағы, жолдың шетіндегі шөптерді орады. Күн тас төбеге шыққанда барып:

 – Жігіттер, енді күн еңкейгенше дем алалық ,- дейді де, басына ораған мәйкесін сыпырып алып, терін сығып, күллі денесін бір сүртіп өтіп, шошалаға беттейтін.

Үш ағаштың басын түйістіріп, қамыспен жапқан қалқанды ыстықта пана қылып, апасы әзірлеп берген қуырдақ пен нан, айран мен ашыған көжені ортаға алады. Үйден әкелген бұл азық-түліктерін ылғалды жерді қазып, салқындап тұрсын әрі ашып кетпесін деп көміп қоятын. Үшеуі бас қосып тамақтанып алады да, төселген көк шалғын үстіне жата-жата кетіседі. Жұпар аңқыған көк майса шөп үстінде шаршап жатқанда, алыстан шырылдаған бозторғай үніне елтиді. Бұрқыраған жас шөптің үстінде, қолдан жасалған қалқан ішінде жатып, Ақылбек өткен-кеткенінен, естігенінен балаларға әңгіме айтады. Құлағы қалқиып, аузы аңқиған Дастан әкесінің айтқандарын отырып тыңдайтын. Әңгімеге шалқасынан жатып құлақ қоятын Жомарт әңгіменің қызығына түсе келе, іннен шыққан суырдай шошайып, орнынан қалай көтеріліп кеткенін өзі де байқамай қалады. Арасында әрнені сұрағыштап, көңіліне тоқып алатын болды.

Ақылбек Алматыға жақын ауылда өсіпті. Кішкентайынан футболшы болғысы келіп, даладан үйге кірмей доп қуалай берген соң, атасы қалаға барып, бір алыс ағайынын тауып алыпты. Ол үлкен оқу орнында бастық екен. Жетінші сынып бітіргенде, әлгі кісіге айтып, Алматыдағы жасөспірімдердің спорт мектебіне беріпті. Арманына жеткен Ақылбек жаттығуларынан қалмай, жақсы спортшы болып келе жатқанда, өзі қатарлы балалардың бір төбелесіне қатысып, біреу тобығынан темірмен ұрып, сындырып жіберіпті. Содан бар арманының күл-талқаны шығып, спорт мектебінің талабына сай келмей, ауылға қайтады. Дене-шынықтыру институтына түсуге де, армияға баруға да жарамайды. Үлкен білім талап ететін оқу орнына да түсе алмайды, себебі, спортқа ғана назар аударып, математика, физика сияқты негізгі пәндерді дұрыс оқымаған. Содан оныншы сыныпты бітірген соң, шопыр болады. Жолда жүріп, Дастанның апасымен танысады. Ол кісі мұғалім болыпты. Соның қызметіне орай Шарын деген ауылға барып тұрып, осы үш баласын сүйіпті. Олжасты босанарда қатты ауырып, қайтыс болыпты. Жомарттың апасы сондай қайырымды жан екен, жаңа туған Олжасты бауырына салып өсіріп, екі баласына қарасып отырған. Әйтпесе, балаларды «жетімдер үйіне өткіз» деушілер де болыпты. Апасы Олжасты бақпағанда, сол жерге алып кеткендей екен. «Олжас үшін, екі балаға қарасар деп, сендерді паналап келдік қой»,- деген Ақылбек әңгімесінің соңында апасына ерекше ризашылық білдірді. Бұған Жомарт қуанып, «Менің апам сондай мейірімді адам» деп, іштей мақтанып қалды. «Міне, балалар, сендер мен сияқты, бір нәрсені ғана көздеп кетпеңдер, спортты да сүйіңдер, барлық пәндерді де жақсы оқыңдар. Орынсыз жерде төбелеске араласа кетуге де болмайды. Күштеріңді біліммен көрсетіңдер. «Білекті – бірді жығар, білімді – мыңды жығар» деген бабаларымыз. Мақсаттарыңа жету үшін, шыдамды, ізденгіш болыңдар!» – деп, ақылын айтты. Содан бастап Жомарт Ақылбек ағасымен дос болып кетті.

Күзде жетінші сыныпқа өткенде,  сабақтан тыс, әртүрлі спорттық іс-шараларға қатысып, белсенділігін арттыра бастады. Мектепте волейбол, баскетбол, футбол, стол теннисі үйірмелеріне қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілетін жарыстардан қалмады,  мақтау қағаздарымен марапатталды. Оқу жылының басындағы  «Денсаулық фестиваліне» ұстаздар, білім алушылар түгел қатысып, белсенділік танытатын. Осы жарыстарда озғандарды аудандық, одан озғандарды «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»,- деп облыстық, республикалық жарыстарға қатыстыратынын айтып денешынықтыру пәнінің мұғалімі Сәйдәлім Әдекұлы балаларды ынталандырып қойды. «Ауылға үлкен спорт алаңы салынатын болыпты» деген де жағымды хабар тарады. Енді ауылда спортпен айналысқысы келмейтін бала қалмады.

Жомарт Ақылбек ағасымен ақылдаса отырып, қашықтыққа жүгіруден аудандық жарысқа қатысуды алдына мақсат етіп қойды. Ақылбек алдымен балаға өзі білетініндерін түсіндірді. Жомарттың бір таң қалатыны, Ақылбек спорт жайлы әңгіме айтқанда екі көзі жанып, әскере сөзшең болып кетеді. Білмейтіні жоқ сияқты.

«Жүгіру дегенің – жеңіл атлетикаға жатады, спорттың ең басты түрінің бірі, оны халықта «спорт патшайымы» деп атайды. Жүгіруді игеру оңай, сондықтан онымен айналысатындар көп. Жүгіру, секіру, лақтыру, көпсайыс,  тағы да басқа спорт түрлері толып жатыр. Жеңіл атлетика классикалық олимпиадалық, ал қалғандары классикалық емес деп бөлінеді. Ерлер мен әйелдерге арналған, әртүрлі жастағы ұлдар мен қыздарға арналып бөлінетін спорт түрлері бар.

Алғашқы олимпиадалық ойындар Грек елінде өткен. Содан бері әлем бойынша үзбей өткізіліп келе жатыр. Біздің еліміздің командалары төрт жылда бір әлемдік Олимпиада өтетін жерлерге барып бақ сынайды. 1980 жылы Мәскеуде өткізілді. Сонда Жақсылық Үшкемпіров деген қазақ грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы болды. Ол Қазақстан тарихындағы алтын медаль иеленген, тұңғыш Олимпиада чемпионы. Олимпиаданың алтын алқасын мойнына тақпас бұрын ол татамиде тұрып: «не осы жерде өлем, не жеңем» деп өз-өзіне серт беріпті дейді. Жеңіске жету үшін намысты қолдан бермеді. Сөйтіп, қолтоқпақтай қазақ балуаны ұлты мен есім-сойын әлемге әйгіледі. Сен енді спортпен түбегейлі айналыспайсың әрі күреспен де шұғылданбайсың. Бірақ намысты болуды, спортты жаныңа серік етіп, қандай істе де жеңіске жетуді үйрену үшін Жақсылық Үшкемпіровты үлгі тұтуың керек» деп, кеңінен таратып тұрып түсіндірді.

Ақылбектің насихатынан кейін Жомарт қысқа қашықтықтағы жүгіруден ұстазымен бірге дайындалып жүрді. Ауданаралық жарыста 100 және 400 метр қашықтықта жарысқа қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп, алғашқы үштікке ілінді. Сол жолы мектептері де жалпыкомандалық есепте аудандар арасында екінші орынға шықты.

Бұл жетістік Жомартты ғана емес, өзі қатарлас барлық балаларды спортқа ынталандырды. Аудан бойынша мектептерінің де атағы шықты. Денешынықтыру  пәнінен беретін Сәйдәлім ағайдың да мәртебесі өсіп қалды. Жеңімпаз рухы асқақтап ауылға келді.

АУЫЛДАҒЫ САУДАГЕР

Көктемде тағы ауданда спорт жарыстары өтетін болып Жомарт қатты дайындалды. Соңғы тоқсан болған соң, сабаққа да көңілі алаңдаулы. Жетінші сыныпқа дейін алған алты мақтау қағазы апасы: «Бұл сенің еңбегіңнің жемісі ғой, тағы да үйдің төбесінен су өтіп кетсе, бүлініп қалар» деп, апасы сандығына салып қойған. Үш тоқсанды жақсы аяқталғанымен, соңғысына келгенде әсте босаңсуға болмайды. Спорттық жарысқа да қатысып, мектебіне абырой әкелгісі келеді. «Үздіктер тақтасынан» да түсіп қалуға болмайды. Қанша жыл болды, галстугы мойнында, кекілі жылтырап, көзі күлімдеп тақтадан ары-бері өткендерге қарап тұрады. Апасы да оны мақтаныш етіп, «шаң басып қалмасын деп суретіңді сүртіп қойдым, сол қатарды жуатын әйел салақтау» деп, еден жуатын әріптесімен сырттай ұрсысып жүреді. Дастан мен Кәмшатқа да үлгі. Ақылбек те балаларына: «Жомарт ағаларың сияқты үздік оқушы, желаяқ спортшы» болыңдар деп отырады. Олжас та үлкендер айта беретін «бес» бағасын біліп алыпты, «Олжатай қандай бала?» десең: «Бес!» деп бес саусағын жайып көрсетеді. Сонымен бұлардың үйіндегі ең сүйікті сан – «бес».

Шонжыға жарысқа мектеп командасы арнайы автобуспен, қабырғасына «Ақтам орта мектебі» деп жазып алып барды. Бұл шағын автобусты Алматыда қызмет ететін, осы мектепті үздік бітірген Сәулетбек деген аға мектепке сыйлапты. Ол өте бай дейді, дүкендері, ресторандары бар екен балалардың айтуынша. Осы ауылдағы адамдардың біразы соның қарамағында жұмыс істейтін көрінеді. «Мен де өскенде сондай бай болсам, апама төбесінен су өтпейтін үлкен үй алып берер едім. Мектепке спорт алаңын салдырып берер едім»,- деп армандап отырғанда жарыс өтетін аудандық спорт мектебінің алдына да келіп қалыпты.

Жарыс өте тартысты өтті. Жүз метрден де, төрт жүз метрден де Кетпен ауылынан келген Қанағат Көдеков деген баладан оза алмады. Көзі жайнап тұрған сары бала қайда барса да алдына түсіп отырды. Амал жоқ екінші орынды қанағат тұтып, ауылға қайтты. Әрине, көңілге ауыр тиеді! Былтыр үшінші орын алды. Биыл біріншіге шығып, облыстық жарысқа жолдама алсам деп еді. Сол жарыстың арқасында арман болған Алматыны бір көріп қайтсам деп жүрген. Бар үмітінің күл-талқаны шықты. Басы салбырап, басқа балалармен ауылға қайтатын көлікке мінді.

Қайтар жолда автобустарына кәсіпкер Роза тәте отырды. Ол көліктің ішіне кірмес бұрын автобустың астыңғы жағындағы жүк салғышқа дәу-дәу үш қытайдың ала қапшығын тықпалап салып, тағы біреуін өзімен ішке алып өтті. Жомарттың жанындағы бос орынға келіп жайғасты. Өзі пора-пора болып терлеп, қараторы жүзі қызарып, маңдай шашы көзіне түсіп, әбіржіп кетіпті.

 – Жомартжан, мынаны аяқ астына қойсам, саған кедергі болмай ма?- деп сұрап алды да, жауабын күтпей қапшығын тықпалай бастады.

Қысыла-қысыла Жомарт терезеге жабысып қалды. Роза тәте баладан әрнені сұрап сөзге тартқанымен Жомарт көп ашыла қоймады. Ұстазының үмітін ақтамай қайтып келе жатқанына көңілі қапалы еді. Басқа балалар автобустың ішінде ән салып, көңілді әңгімелер айтысып абыр-дабыр болып, кәдімгі жарыстан бас жүлде алып қайтқандай, көңілді.

 – Құртқа сұлу баптаған Тайбурыл аттай біздің Жомарттың қырық күн кемдігі болып қалды, әйтпесе алатын еді! – деп шиқан тілді Бақыт тіспеп алды. Оның сөзіне дене шынықтыру ағай күліп қойды.

 – Кетпеннің баласы желаяқтың өзі екен! Енді естиміз ғой, облыстан озар ма екен?

 – Қанағат Көдеков деген спортшы болам деп жүрген көрінеді. Ол егер облыстан ең болмағанда үшінші орынға ілінсе, Алматыдағы спорт мектебіне әкетеді екен, – деп балалар жорамал айтып, бас бәйгені алған көрші ауылдың жүйрігін сөз етіп келеді.

Апасы таңертең үйден шығарда:  «үрім-бұтақтан қарайып калған жалғызсың, жарысам деп өкпең өшіп құлам, алдымен амандығыңды ойла. Жарысқыш болсаң оқумен жарыс»,- деп шығарып салған болатын. «Бірінші орын ал! Абыроймен орал!»,- деп жақсылап бата бермегені де себепші болған шығар. Апасының кейде ұстап қалатын сондай қырсық мінезі бар. Спортты біліммен қатар қоймайды. Ол үшін: «сабағын беске оқыған, марапат қағаз алған бала өскенде бірдеңеге жетеді, яғни, адам болады»! «Бірдеңеге жету дегені не? Адам болу дегені не?»  Жақсы оқып, білім алмағандар адам емес пе?! Өзінің сауаты бес кластық, сонда өзі кім?»

Осындай қапалы ойлармен ауылға да жетті.

Автобус солқ етіп тоқтағанда, басын әйнекке бір соғып барып, орнынан көтерілді. Роза тәте мықшыңдап екеуінің ортасындағы ала қабын тартқылап шығарып алды. Жомарт оның қолтығының астынан сытылып шықты да, баспалдақта тұрып сүйреп келген қабын қолынан жұлып алып, оң иығына бірақ лақтырды. Роза тәте түсе сала жүк салғышқа жүгірді.  Топырлаған балалар одан өз спорт сөмкелерін алып жатты. Жомарт иығындағысын жерге қойып, тәтесінің ала қаптарын суырып ала бастады. Екеуі екі жақтап жүгін түгендеп жатқанда, автобус қозғалып жоғарғы ауылға беттеді. Спорт сөмке асынған балалар жан-жаққа тарап ұзап барады. Роза екі доңғалағы бар кішкентай қол арбасын жайып бір қабын салды, үстіне екіншісін мықшыңдап қойып жатыр еді, Жомарт жерден көтеріп алып жайғастырып, тағы бір қапты иығына көтеріп, екінші қолымен арбаны итере бастады. Өзіне қалған қап пен Жомарттың шағын спорт сөмкесін Роза тәте қолына алды.

 – Жомарт, саған, рахмет, жарығым. Жүгім әжептәуір көп екен ғой. Осының бәрі ауылдағылардың сұранысы. Қағазға жазып жүрем де, керектерін аптасына бір рет өстіп ауданнан жеткізіп берем,- деп сөйлеп қояды.

 – Апаң күтіп жүрген шығар бұрылысқа қалдырып кет, өзім сүйреп жеткізем ғой,- деді тағы біраз жүрген соң.  Жомарт үнсіз. Алдыға түсіп алып, жылдамдата басып келеді.  Роза тәте алқынса да баладан қалмауға тырысып, емпеңдей ереді.

Бұрылысқа да тоқтамаған Жомарт Роза тәтенің шағын дүкенінің алдына келіп бір-ақ тоқтады. Дүкен иесі:

 – Ойбай, жігіт болып қалыпсың ғой, Жомарт-ау, жанталасып әрең жеттім соңыңнан,- деп арқасындағы ала дорбасын түсіріп, қалтасынан кілтін іздей бастады.

Екі жақтап төрт қапты ішке кіргізіп алды. Жомарт енді өз сөмкесін иығына асып кетпекші болып еді Роза тәте:

 – Жомарт сен неше оқисың?,- деп әңгімеге тартты.

– Жетіншідемін.

 – Он төртке келіп қапсың ғой, Жібек апамның жалғызы. Мен апама келін болам,- деп іш тарта сөйледі.

 – Күзде толам,- деп сөзін жалғады Жомарт.

 – Жомарт, мына сусынды ішіп отыра тұршы, саған бір әңгіме бар,- деп бағанағы арқалап келген қапшықтың бірінен «Кока-Кола» шығарып, қолына ұстатты.

Бұл сусынның әлі ауылға келе қоймаған кезі,  таңсық сусын. Жомарт үндемей алып, қалай ашуды білмей біраз әуреленіп барып, қақпағын көтеріп ашты да, тұрған қалпы сіміре бастады. Шынында, бағанағы жанталас қимылдан тамағы құрғап, күні бойғы ыстықтан аңқасы кеуіп кеткен еді. Роза тәте өзі шәугімдегі судан кесеге құйып алып:

 – Жомарт ана орындыққа отыршы,- деді өтінгендей болып.

Жомарт шығып кетуге ұялып, қолмен көрсеткен орындыққа жайғасты. Роза тәте қарсы орындыққа отырып алып:

 – Мен де апаң сияқты өте ерте жесір қалдым, үш баламен. Екі қызым қазір күйеуде, Алматыда тұрады. Ұлым да сонда құрылыс коледжінде оқып жатыр. Соларды қатарынан қалдырмасам, жетімдік көрсетпесем деп жүрген жүрісім осы. Егін де ектім, бау-бақша да суардым. Енді осы саудаға шықтым. Мынау баяғыда қойма болады деп салған екен, кейін колхоз тарап кеткен соң қаңырап қалыпты. Соны ауылсәбеттен сұрап алып, кішкене жөндеу жүргізіп дүкенге айналдырдым. Ауданнан «Патент» дегенін алдым, салық төлеймін.  Басында бір бұрышында ғана тұрып едім. Кейін жұрттың сұранысы көбейген соң осы жағын да биыл жөндетіп алдым. Сауда ұлғайып келеді. Тауарды осылайша өзім Шонжыдан тасыймын. Жалғыз өзім сауда жасаймын. Бүгінгі сенің еңбекқорлығыңа қарап, ойланып қалдым. Сабақтан бос кезіңде маған көмектессеңші, демалыс күндері сен саудаға да тұр, мен тауарға кеткенде. Қалай сатуды өзім үйретем. Калькулятордан жаңылмасаң болды. Баяғы сәбет өкіметінің кезіндегідей есепшот емес қой, шатасып қалатын. Сатқан затыңды жазып қоясың. Келген соң өзім түгендеп алам. Саған еңбекақы төлеймін. Табыс тауып апаңның бір жағына шығасың,- деп қызықтыра біраз әңгіме айтты.

Жомарт сол түні ұзақ ұйықтай алмай, ары-бері аунақшып, көзі жұмылса дүкеннің сөрелеріндегі тауарлар, өзі соларды санап жатқандай болып, не түс емес, не өңі емес далбасалап шықты. Ақша тапқысы да келеді, бір арманы – теледидар алу еді. Соған ақша жинар еді. «Әзірше апама айтпай Роза тәтеге көмектесе берейін, біраз ақша жинаған соң түсіндірермін»,- деп шешіп, ертесі сабақтан шыққан соң дүкенге барды. Ол есіктен кіргеннен Роза тәте қуанып кетті.

 – Дастан келдің бе, кешегі тауарларды реттеп жатыр едім. Кел, ішке кір,- деп заттар сақтайтын қоймасы жаққа шақырды.

 – Сәлеметсіз бе,- деп бұл да амандасып, қолындағы сөмкесін орындыққа қойды.

 – Не болды, маған көмекші боласың ба?- деп Роза тәтесі жалынғандай қарады.  Егер қазір Жомарт «жоқ» десе отыра қалып жылайтын адамның жүзі. Жұмыс беруші емес, өзі баладан жұмыс сұрап тұрғандай аянышты көзқарас.

 – Иә,- деді бала, дауысы ақырын шығып.

 – Онда жақсы болды, әкел қолды!- деп Роза тәтесі қуанып кетіп, жанына жетіп келіп құшақтап, бауырына басты.

 – Ал бастайық! – деді де, алдына журналын, калькуляторын қойып Жомартты жанына отырғызып алып,  «алғашқы сабағын» жүргізді.

Сол күннен басталған Жомарттың жұмысы оның жарыстан бас жүлде алмай-ақ, адамдарға не керек екенін айтқызбай біліп, сол замандағы ең керек нәрсе –  «нарық заңын» игеріп, үлкен биіктерге бастайтынын ешкім білмеді.

Жомарт сабақтан шыға, дүкенге жүгіреді. Үй тапсырмасын да сонда отырып орындап тастайтыны бар. Белесебеті әдайым сонда тұратын. Аралықта соған отыра сала зымырағаннан зымырап үйге барып, Олжасын көріп, Кәмшатқа су тасып береді. Апасына да барып еден жуысып қайтады. Өзі құралпас балалармен футбол ойнағанды қойды. «Сен келгелі қолым босап қалды ғой»,- деп Роза тәтесі қуанып жүр. «Сұраныс журналы» деген бар екен, Жомарт соған алушыларға не керек екенін сұрап алып, тізіп қояды. Роза тәтесі аудандағы базарға барып, сол тізім бойынша керек-жарақты алып келеді. Ол автобустан түскенде, алдынан шығып күтіп алады. Бірде:

 – Тәте, сіздің сұраныс көбейіп барады, соны неге осы жақтан бір көлік жалдап барып алып келмейсіз, бәрібір жолға ақшаңыз шығады. Мақсат аға сияқты таксишілерді жалдамайсыз ба?- деді.

 – Бұрын тапсырыс аз болатын, сонда дүкенді жауып автобуспен-ақ барып келетінмін. Сен келгелі бері тауарымыз бір аптаға жетпей қалады. Тапсырыс та көп. Әрі дүкенді жаппайтын болдым, демалыссыз жұмыс істейді. Сенің айтқаның дұрыс, енді такси жалдап молынан әкелейін,- деп қуанып қалды.

Жомарт ары-бері ойланып,  жұмыс істеп жүргенін апасына айтқанды жөн көрді. Бірде болмаса бірде дүкенге негізі апасы байқұстың дүкен аралайтындай уақыты да жоқ, сонда да ойда-жоқта келіп қалса ше?. Апасы кіріп келгенде қолында калькулятор, баласы біреуге «Сіз не аласыз?» – деп тұрса қалай болады? Жомарттың апасы ана Мырзагелдінің апасы сияқты емес, жәйлап сөйлеп, жәйләп сұрайтын.  Көңіліне жақпаса, сол жерде шәт-шәлекейіңді шығарады. «Саудагер болғанды көрсетейін саған!» – деп, алдына салып қуалап алып кетуі де мүмкін. Құдай, ол кісінің қаһарынан сақтасын!

Сонымен апасына мектептен еден жуып көмектесіп келе жатқанда ақтарылды.

 – Апа, мен сізге қолғанат болып қалдым ғой, иә? – деп бастады. Жанында келе жатқан анасы ойында ештеңе жоқ:

 – Иә, – деді, көп сөйлемейтін әдетімен.

 – Апа, бірдеңе айтсам, ұрыспайсыз ба? – деп  алдына таман шығып, бұрылып бетіне сұраулы жүзбен қарады.

 – Жақсы болсаң неменеге ұрсам, бірдеңе бүлдірсең – жаныңды шығарам! – дегенде, даусы сондай зілді шықты. «Айтпай-ақ қойсам ба екен?» – деп Жомарт қорыққанынан ойланып қалды. Қайтадан шешесімен қатарласа қалды. Баласының үндемей қалғанынан секемденген ана:

 – Әй, айтатыныңды мәймөңкелемей айтсаңшы. Әкесі өлгенді де естіртеді ғой! – деп ащы айтты. Жомартқа енді «қызметке тұрғанын» мәлімдемесе болмайтын болды. Амал жоқ, бастады:

– Апа, дүкен ұстайтын Роза тәте мені өзіне көмекші болуға шақырды, ақырындап ол кісіге болыссам, қалай қарайсың? – деді алдымен.

– Ал, шақырыпты, сенен басқа адам табылмап па? Оқуды қайтесің?

 – Сабақтан кейін барамын ғой, оның үстіне демалыс күндері ғана қолғабыс етемін.

 – Сенің өз шаруаң жоқ па? Үйде мал-жан бар. Қарындасың мен інің бар. Мен күнде жұмыстамын.

 – Мен бәріне үлгеремін.

 – Немене оған құл керек екен деп сандалып жүрмекпісің?

– Ол маған ақша төлейді.

– Немене? Қандай ақша? – апасы таң қалып, баласының бетіне үңіліп қарап қалды.

 – Істеген жұмысыма қарай «төлеймін» деді.

 – Ол менің мінезімді біледі, жалғызымды біреуге малайлыққа бермеймін. Жүр дүкенге,- деді де қолынан сүйреген қалпы Роза тәтеге келді.

Екеуінің қол ұстасып кіріп келгенінен-ақ  сатушы келіні сезіктеніп:

 – Жібек апа, амансыз ба? – деп алдынан шықты.

– Аманмын! Мына бала бірдеңе деген соң… – деді де, апасы ешкім жоқ па дегендей, жан-жағына қарап алды. Дүкенде келушілер жоқ еді, соны аңғарған апасы сөзін әрі қарай жалғады:

– Роза, ол не жұмыс, мынаны жарылқап жатқан?

 – Апа, бос кезінде маған көмектессе деп едім. Жомарт тіршілікке мығым, әрі есепке жүйрік екен, – деді Роза тәте сөзін бөліп сөйлеп.

 – Иә, бұл сабақты жақсы оқиды, есепке жүйрік,- деп мақтанып қалған апасы:

 – Сонда мұны кәдімгідей айлық төлеп жұмсамақшымысың? – деді әңгіменің басын ашып алайық дегендей.

 – Иә, апа! Жомартқа айына табыстан екі пайыз беріп тұрамын.

 – Пайыз дегеніңді түсінбеймін. Бұл жетім, еңбегін жемесең болды. Алдымызда жазғы демалысы ғой, балалардың бәрі ақша табатын, бұл да еңбек ақысының қандай маңдай термен келетінін көрсін,- деп апасы ойда-жоқта, Жомарт күтпеген жерден келісімін бере салғаны.

 – Пайыз деген  қанша табыс тапсам, соның екі бөлігін беріп тұрам дегенім. Еңбегін жемеймін, апа. Жомартқа сенген соң шақырдым. Әйтпесе жұмыссыз жүрген қыздар мен жігіттер көп қой келгісі келетін. Қайраты да бар екен, бір азаматтай,- деді Роза тәте.

 – Құдайға шүкір! Әкесі де, мен де бойшаң болдық. Әрі бұл спортпен айналысады. Содан қатарынан ірілеу. Аман болсын!,- деп апасы Жомарттың тұлғасын мақтап алды.

Апасының батасын алған соң, Жомарт дүкеннің «заңды сатушысы, жүкшісі» болып шыға келді. Тіпті күнара келіп еден жуатын Балқия апасына да көмектесіп жүреді. Ұжымда үш адам болып тауарды қалай өткіземіз, «қарыз дәптердегі» қарыздарды қалай жинаймыз, қазір жаңадан не шықты, тапсырыстың көп тауарын қай жерге жинаймыз, қалай орналастырсақ келушілердің көзіне түседі деген «ақылдасу» жиналысын да өткізетін болды.

Жомартта идея көп. Роза тәте: «ойлап таппайтының жоқ» деп, таң қалады. Бірде ауданға тауарға барғандарында әркімнің суретін қоса жапсырып шығарған күнтізбені көрді. Көлемі шағын, ас үйге, балалар бөлмесіне іліп қоюға болады. «Осыған әркімнің ата-ана, ата-әжелерімен түскен суреттерін қоса шығарса керемет болар еді. Сөйтіп сатайық. Мен мектептен балалардан тізім жасап, суреттерін жинайын. Олар үйлеріне апарып, қуанады ғой»,- деп Роза тәтесіне тың идея айтты. Екеуі сол күнтізбеге тапсырыс беретін жерді сұрастырып жүріп тапты. «Баспахана» деп аталатын ғимараттың ішінде екен. Арнайы іздеп келген тапсырыс берушілерді баспахана басшысы қуана қарсы алып, бірге жұмыс істеу үшін ұсыныстарын айтып түсіндірді.

Жомарт келе сыныптастарына айтып, олар басқа балаларға айтып, мектептің жартысы суреттерін жинап әкеліп, тапсырысты үйіп тастады. Демалыс күні Жомарт өзі барып баспаханаға жасатып алып келді.  Бір жыл бойы күнтізбенің бетінде тұратын суреттерін көрген отбасылар Жомарттың тапқырлығына  риза болды. Алғашқы күнтізбені көргендер дүкенге арнайы келіп, суреттерімен тапсырыс бере бастады. Көп ұзамай күллі ауылда отбасы мүшелері бастырылған күнтізбе әр шаңырақта ілініп тұрды. Оның табысы дүкенге де шаш етектен болды. Роза тәтенің айтуынша жарты жылда табатын табысты бір айдың ішінде тапқан. Содан Жомарттың үлесіне деп жүз мың теңге берді.  Теледидар алудың жолы түсе кетті. Апасына табысын әкеліп беріп, үйге теледидар алатынын айтқанда, анасы байқұс: «Жомарт-ау, мен мына ақшаны табу үшін үш ай жұмыс жасауым керек қой. Роза шын көңілімен берді ме?» – деді, өз көзіне сенбей.  «Апа, мен бір жаңалық ойлап таптым, сол еңбегіме берді» дегенде, «Әкең марқұм Жомарт бай болады, бай болғанда жомарт жігіт болады» деп армандап еді, соның басы болсын, алсаң алшы сол тілбезеріңді» деп, көзіне жас алды.

Жомарт көп ұзамай, аудандағы дүкеннен «Горизонт» деген түрлі-түсті теледидарды таксиге салып үйге әкелді. Үйлеріне Жомарттың маңдай терімен келген алғашқы бағалы мүлік. Апасы «Байлар да жылайды», – деген бразилияның сериалын жан-жүрегі езіле қарап, сол болатын уақытта күллі шаруасы жайына қалатын болды. Дастан мен Кәмшат та соны ермек етеді, тіпті Олжастың да өзі ғана қарайтын мультфильмдері бар. Төрткүл дүниенің жаңалықтарынан үй ішіндегілер хабардар болып қалды.

  ДҮКЕНДЕГІ ЕЛЕС

Теледидардан Қытай елін көрсетіп жатты. Кәдімгі белесебеттің артына екі аяқты арбаны тіркеп алып, саудаларын жасап, тіршіліктеріне керекті заттарын тасып жүр. Содан Жомарттың көңіліне ой түсіп, Ақылбек ағасына барып айтып, суретін сызып беріп дәл сондай арба жасатып алды. Онымен дүкенге бес рет барып әкелетін затын бір-ақ ретте жеткізіп алып жүрді. Жомарттан көріп ауылдастары да  Ақылбекке сондай арба жасата бастады. Темірден түйін түйетін Ақылбектің шеберлігі өсіп, әр арбаны жасаған сайын жетілдіре түсіп, көрші ауылдан да сұраныстар түсе бастады. Оның жетістігін байқаған Жомарт:

 – Аға, сіз үйдің артынан көлік жөндейтін орын ашып қойсаңыз болады ғой, егіннің жұмысынан босағанда қыстай қосымша табыс болады, – деп ойын білдірді.

Астық бастырылып, комбайн тоқтағанда, Ақылбек шикі кірпіштен үйіне жапсарлас үлкен-үлкен қоржын қора салып, темір-терсек жөндеп, дөңгелек жапсыратын орын ашты.

 – Тәте, біз дүкенге жете алмайтын қарттар мен мүгедек адамдарға тізім жасап, керек-жарағын үйлеріне апарып берсек қайтеді?- деген ұсыныс айтты.

Содан бастап үш аяқты белесебет-арбасына тұрмысқа қажетті заттар мен жеміс-жидек, айран-сүт, қант-шәй дегендерді толтырып алып көше-көшемен жүріп, таратып, қаржысын қолма-қол алып жүрді.

 – Жомарт, біздің дүкеніміз сенің мына жүріп сатқаныңмен екі дүкен болып кетті ғой. Тауар шақ келмей жатыр,- деп Роза тәтесі мәз.

Қолғанаты тек алып кел, шауып кел ғана емес, ойлап таппайтыны жоқ өзі айтпақшы «данышпан». Шонжыға базарға барып жүргенде өздерінің «Газель» деген артқы жағын берзентпен жапқан мәшинелерімен ауыл-ауылға зат тасып жүргендерді көрді. Бір шопырдан «біздің ауылға заттарымызды жеткізіп бересіз бе?» – деп сұраған. «Жеткізем, ақысын берсе – боқысын шығарамыз»,- деп жалаңдап тұр. Тауар таңдап жүрген Роза тәтеге келіп жағдайды айтты.

 – Жомарт, оның мәшинесін қалай толтырам, жолақысына сұрағаны табысымның жартысын алар,- деп шегіншектеп еді:

 – Тәте, «Тиірмен» жақтан келген зат алушылар болса солармен бөлісейік, өзіміз үстіне отырып алайық. Сонда жолақымыз да шығады,- деді.

 – Мұның жақсы екен. Бағана бір әйелді көргем, «Тиірменнен» келетін. Тауып алайық,- деп нөпір кісінің арасына ене берді.

Көрші ауылдың келіншегі көп ұзамапты, тауып алып, мән-жайды түсіндірді. Ол әйел де қуанып қалды. Үлкен бір «Газелді» толтырып, ырғалып-жырғалып үшеуі тауарларын жеткізіп алды.

 – Тәте, енді апта сайын базарға жүгірмей екі аптада бір барсаңыз да болады. Бізге көкөніс әкелетіндерге айтып қойсақ, «Газель» қайтарында бос қайтпай, солардың көкөнісін тиеп, ауданның базарына да апаруға болады,- деді Жомарт.

Жомартқа Роза тәтесімен бірге жұмыс жасау ұнағаны сондай, басына күнде бір идея келеді.

 – Тәте, қойманың бос тұрған жағына кішкене жөндеу жүргізіп, киім сататын бөлме жасайық. Ақыры «Газель» жалдап жүрсіз, енді елге керек деген киім-кешекті де ала келетін боласыз.

 – Жомартым-ау, екеуміз екі жаққа шапқылап қалай сатамыз? – деп қорқақтап қалды Роза тәте.

 – Кім көп, ауылда бос жүрген қыздар көп қой, соның біреуін тұрғызып қойыңыз сатушы қып. Есебін өзім алып тұрамын,- деді.

Содан ойда-жоқта қаңырап тұрған дәу бөлмеге Роза жұмыссыз жүрген екі қайнысын ертіп келіп, жөндеу жұмысы басталды. Бір жетінің ішінде әп-әдемі, әппақ киім-кешек дүкені болып шыға келді. Роза тәте бір мәшине тауар алып келіп, екеуі түннің жарымына дейін қабылдап, санап, бағасын қойып, сөрелерге жайғастырып, ілгіштерге іліп сүріне жығылды. Роза үйіне баратын болды да, Жомарт:

 – Мен бүгін осында қона салайын, қатты шаршадым, үйге жете алмаспын,- деп, қалып қойды.

Бөлмені ішінен кілттеп, жарты құты «Коланы» сіміріп салды да,  сатушыға арналған бұрыштағы ескі диванға құлай кетті.

Қанша қайратты, қанша шалымды деп Роза тәтесі мақтағанымен жасөспірім емес пе, шаршап-шалдыққаннан сілесі қатып бірден ессіз ұйқыға кетті. Босағаны күзетіп, анда санда арп-арп етіп қоятын Барыстың да үргенін естімеді.  Аузынан аққан сілекейі Розаның үйінен келген түтесі шыққан жастыққа сіңіп, үстіне жамылған ескі, шақпақ жолды жамылғы сусып жерге түсті. Киімшең жатқанынан «Адидас» деген жазуы бар көнетоз көк спортивкасы ауа жібермей, терлетіп, денесіне жабысып қалды. Тікірейген қайратты қалың шашының арасынан мойны мен маңдайына тері су боп ағып жатты.

Түн сейіліп,  жұлдыз сиреп, бозарып шығыстан таң атып келе жатқанда біздің батыр төсегінде аунап түсті. Малшына терлеген денесіне киімі жабысып, ұйқы шымылдығы сәл серпілгендей болып еді, терезе алдында сорайып біреу тұрғандай сезініп, былшықтан жабысып қалған кірпігін әрең көтерді. Қаракөлеңкеде сықыр етіп есік ашылып, сұлба сытылып шығып кеткендей болды. Баланың санасына «кеше есікті өзім кілттеп алып едім ғой»,- деген ой келді. Қанша тұрайын десе де, денесін көтере алар емес. Тағы кірпігін ашып терезе жақ қабырғаға қарады. Енді сұлба қайтадан қылаң етіп терезе алдынан өтті.  Өзі қатарлы жасөспірім, еркек бала. Бет-жүзі анық көрінбейді. Үстінде жеңі шолақ ақ майкасы бар. Төмен жағы түсініксіз буалдыр тұман сияқты, тек кеуде тұсы ғана елестейді.

 – Сен кімсің? – деді Жомарт әрең тілге келіп.

«Елес бала» да бірдеңе деп жауап берді. Дауысы жер түбінен шыққандай күңгірлейді. Түсініксіз. Елес енді сөрелер жаққа қарай жылжыды. Жомарттың «Бұл кім-әй?!» деп, түйсігі оянып, енді көзін бақырайтып ашып алды. Пердесіз, сыртынан темірмен құрсауланған терезеден сібірлеп жарық түсіп тұр. Жаңағы елес бу боп ұшып кеткендей. Басын көтеріп, аяғын салбыратып терезеден көз алмай біраз отырды. Сырттан Барыстың үрген дауысынан басқа ештеңе естілмейді. Орнынан тұрып есікке барды, кешегі өзі кілттеген қалпы. «Есік ашылып, шығып кетіп еді ғой, жабық тұрған есіктен қалай шықты. Содан соң қалай қайта кіріп терезеге келді?» – деп, өң мен түстің арасындағы жұмбақ құбылысты қайта еске алды. «Кешегі қатты шаршағаннан мүмкін түс көрген шығармын»,- деп өзін алдандырып, қайта келіп төсегіне қисайды. Енді қайдағы ұйқы, алдағы мемлекеттік емтиханның уақыты жақындап қалғаны есіне түсіп, көңілі алаңдап, «таңда көрген тамашасын» ұмытып кетті. Тоқ шәугімді толтырып шәй қойды. Есікті шалқайта ашып тастап, бөлменің еденін жақсылап жуып шықты. Еден жуған суды төгуге сыртқа шығып еді, аяқ астында ыбырсып, шашылып жатқан құрылысшылардың құрал-сайманын, қабырға бояуынан босаған қалбырларды көрді. Бәрін жинап, ғимаратқа қабырғалас қораға апарып тастады да, дәу ши сыпыртқымен ауланың бұрыш-бұрышын қоймай  сыпырып, су шашып шаңын басты. «Аулаға гүл егіп, бос жатқан жерлерге жоңышқаның ұрығын сеуіп тастаған дұрыс болар еді, көрген көз қызығатындай”,- деп ойлап қойды.

Үй ішіне қайта кіріп, қабырғада ілулі тұрған азық-түлік жағының кілтін алып, дүкенді ашты. Тоңазытқыштан сүт пен сөреден пешеней ала келіп суып қалған шәйнегін қайта қосып, рахаттана отырып шәй ішті.  Сағат әлі сегіз де болмапты. Киім жағының бөлмесін кілттеп, өзі үйренген «азық-түліктегі» орнына отырып, сабағын пысықтауға кірісті.

 – Жомарт, сен ұйықтамағанбысың? – деп, Роза тәте сөйлей кірді. Есік алдының тазалығын көріп жаны жадырап сала берген.

– Ерте тұрдым, ұйқым қанып қалыпты,- деді Жомарт.

 – Жалғыз жатып қорықпадың ба?! Мен мұнда қонған емеспін,- деді Роза тәте аңқылдап, арқалап келген қапшығын босатып жатып.

 – Жоға, – дей салған Жомарттың есіне «түндегі елес» түсе кетті. Бірақ тіс жармады. Тек сол сәтті бастан-аяқ ішінен ойлап отырды.

Екеуі бірге тағы бір-бір кесе шәй ішкен соң, тіршіліктеріне кірісті. Жомарт гүл отырғызу, жоңышқа егу туралы ойларын айтты.

 – Сен емтиханыңа әзірлен, сабағың нашарлап кетсе, мені Жібек апам аямайды. Маған «баламның ең негізгі жұмысы «оқу» деген. «Әкесі екеуміз сауатсыз болдық, енді осы оқып, адам болсын, ұлымнан саудагер жасамай-ақ қой, көңілі қалап жүрген соң үндемей жүрмін саған ілескеніне»,- деп ескерткен.

 – Оқып жүрмін ғой. Мемлекеттік емтихандарды беске тапсырсам, қызыл аттестатқа да ілінем, – деді бала.

 – Онда, сен сабағыңа дайындал, ауланың шаруасын Ботайды шақырып жасатам ғой, ол қара шаруаға икемді.

 – Мақұл, онда мен үйге барып киім ауыстырып, кітаптарымды толықтырып келейін,- деп белесебетіне міне салды да, қас-қағым сәтте жотаны асып, үйіне қарай құлдилай жөнелді.

Күні бойы есінен «елес» кетпеді. «Кімге айтсам екен, шынымен елес пе, әлде таң алдында түс көрдім бе?!» деп көңілі алаңдап жүрді. Ертесі де, арғы күні де «киім-кешек» жағына барса, я терезеге көзі түссе болды, көңілі алабұртып шығады.

 – Жомарт, жоғарғы ауылдағы екі баласы бар Жанаркүл деген келіншекті жұмысқа алсам да деп отырмын. Бүгін келеді, еңбекақысы мен жұмыс уақытын сөйлесемін, – деп Роза тәтенің аузы жабылмай, орындықтың үстіне шығып алып, сөрелердің жоғарғы жағының шаңын сүртіп жатыр.

 – Мейліңіз! – деді, өзі де көп сөйлей бермейтін бала.

Жанаркүл де келді, Роза тәтенің талаптарына келіссе керек, сатушы болып жұмысқа шықты. Негізгі ауыр заттар көтеру азық-түлік жағында болатын, содан Жомарт көбіне сол жақта жүреді. Әрі Роза тәтенің есеп-қисап дәптерлерін жақсы жүргізеді, аралықта қарттарға керектерін жеткізіп береді. Саудалары қызып тұрды. Ауылдағылар зейнетақы алатын күні Роза барып пошта басына отырады да, «Қарыз дәптердегі» қарыздарын жинайды. Апасы күлетін: «осы ауылдың жұрты «Розаның қарыз дәптері жоғалып кетсе екен» деп тілейтін шығар» деп. Себебі, жоғарғы ауыл, төменгі ауылы бар, сол дәптерге енбегені жоқ. Одан түгенделмей қалғандардың үйіне Жомартты жібереді. Сондай бір «қарыз жинау науқанында» Жомартқа өзінен үлкен, оныншы сыныпты бітіріп жатқан Сапар деген жігіт:

 – Әй, Розаның жандайшабы! Немене күндерің осы қарызға қарап қалды ма, сонша үйге келіп сұрайтындай?- деп тиісіп қарсы алды. Көп сөйлемегенмен, Жомарт сөзден таспа тілетін.

 – Ал, сендердің немене күндерің сол жесір әйелге қарап қалды ма?- деді.

 – Мына жетімекке тіл бітейін депті,- деп ар жағынан оның ағасы жетіп келді, екеуінің салғыласып тұрғанын естіп.

 – Кім жетімек? – деп бұл белесебетін қақпаға сүйей салып, үлкенінің алдына жетіп барды.

 – Сен! Баяғыда шешең екеуің мал қорада жүруші едіңдер қаңғып. Енді қарашы өзін! – деп келе жатқан жігітті иек астынан жұдырықпен салып кеп жіберді, боксерлығы ұстап. Анау төбелесе кетеді деп күтпесе керек, шалқалап барып, жерге отырып қалды.

 – Өй, әкеңнің…- деп кішісі Жомарттың жағасына жармаса кетті.

Бұл оның қолын қайырып жатқанда, үлкені есін жиып, орнынан атып тұрып, жерде жатқан ағаштың бұтағымен Жомартты басынан салып қалды. Шалқасынан түскен баланың төбесінен қан саулай жөнелді. Сонда да атып тұрып, үлкенінің жағасына жармасты. Кішісі үйге жүгірді.

– Әке, өлтірді! Өлтірді,- деп кіріп келген Сапардың ащы даусынан ақсақал мен кейуана атып шығысты.

Басынан қан сауғалап үлкен ұлымен жағаласып жатқан бозбаланың түрін көріп зәресі ұшқан дәу еркек жетіп кеп, екеуін екі жаққа жұлқып ажыратын жіберді. Жомарттың ақ жейдесін қан жуып, көзі алақтап, үлкен ұлға тап-тап береді. Ашуланса тура апасына ұқсап адуынданып, ешкімге бой бермейтіні болатын. Көтеріліп кетсе, оны ешкім тоқтата алмайтын. Ақ жаулықты кейуана:

 – Айналайын, кімнің баласысың? Қойшы жарығым, құлың болайын,- деп жылап, жармасып қояр емес.

Үлкен ұлды әкесі боқтап, артына бір теуіп үйге кіргізді. Сапар болса бағанағыдан қарасын көрсетпеді. Әйелдің қолынан жұлқынып шығып үйге қарай ұмтылған Жомартты үлкен кісі арт жағынан бас салып ұстап алды. Жомартта тіл жоқ, үндемей, қасарыса ұмтылады. Бір кезде басы айналып жерге құлап түсті. Кейуана:

 – Ойбай, біреудің баласын өлтірді, ойбай!- деп зар илеп келіп басынан ұстап, алдына алды.  Әкелері ұлдарын боқтап жүр. Әйел:

– Доғдыр шақыр, Дәулетбек, ойбай!- деп бажылдап жатыр.

 – Бұл кімнің баласы? Қайдан жүр?- деп бақырып жатып, еркек байлаулы тұрған атына міне сала, фельдшерлік бөлімге қарай шапты.

Үлкен кісі дәрігер шақырып, оны біреуі көлікпен алып келіп, ақсақал оларды атымен қуалай жеткенше Жомарт есін жинады. Бірақ басының қаны тоқтамай, әйелдің басынан жұлып алып басқан орамалын шылқылдатып жіберді.  Дәрігер келіншек келе басына үңіле қарап:

 – «Тездетіп бөлімге апарып қаралық» деді де, көлікке қарай жүгіріп, артқы жағына өзі отырып, еркектер жетелеп келген Жомартты алдына алып басын құшақтап отырды.  Сапардың әкесі балаларын тағы келістіріп тұрып боқтап алып, атына қайта мініп, мәшиненің артынан еріп фельдшерлік бөлімге  келді.

Фельдшер  Жомарттың басын қарап, қанын тоқтатып:

 – Басың айналып тұр ма? – деп сұрады.

 – Жоқ, бағана айналған, қазір басылды,- деді Жомарт.

 – Бас терің сыдырылып кеткен соны тігемін, шыда!,- деді де отырғызып қойып төбесін удай ашытқан бірдеңемен жуып, тіге бастады.

Дыз-дыз етіп ине шаншығанда, жаны көзіне көрінді. Бәрі біткен кезде жарасын мәрлімен орап шықты да:

 – Ертең аудандық ауруханаға барып рентгенге түскенің дұрыс, бас сүйегіңді көрсін,- деді.

Жомарт шыға берістегі айнадан Ұлы Отан соғысының майданында жүрген жаралы жауынгерді көргендей әсерде болды. Сыртта есік алдындағы сәкіде Сапардың әкесі әлі отыр екен. Ауданда бәйгенің алдын бермейтін Желжүйрік қақпа алдында тықыршып тұр.

 – Әй, балалар-ай, есті шығардыңдар ғой,- деп дәу қауын басын шайқап, күректей алақанымен сипап-сипап қойды. Қара кісі одан әрі қарайып, әбіржіп кетіпті.

 – Отыршы мында,- деді  Жомартқа жалынғандай. Үлкен кісіге қарсы келе алмай, жанына жайғасты.

 – Кімнің баласысың? – деп сұрады.

 – Жолдыбайдың…

 – Қай Жолдыбай?

 – Сіз танымайсыз, баяғыда өліп қалған,- деп қырсыға жауап берді.

 – Шешең бар ма?

– Бар.

 – Кім деген?

 – Жібек…

 – Ойбу, сен өз бауырым Жолдыбайдың жалғызы екенсің ғой. Айналайын-ай! Жібек келіннен ұят болды-ау! Енді не бетімді айтайын!  Біздің үйде қайдан жүрсің?

 – Роза тәте қарыздарыңызды алып келуге жіберген…

 – Қандай қарыз? – деп өзі алақандай көзі одан әрі бақырайып кетті.

– Апа дүкенге қарыз екен…

 – Әй, балам-ай! Біздің ұлдар нағашыларына тартқан әңгүдік боп өсіп келеді. Әйтпесе, есік алдына келген балаға жабыла ма?- деп басын шайқады, баласы нашар болса, нағашыдан көретін қазақы әдетпен.

 – Жүр, енді Жібек келіннің алдына барып кешірім сұрайын. Мына түріңді көрсе шошитын шығар,- деп орнынан көтеріліп, шалбарының құйрығын тарсылдатып қаға бастады.

Желжүйрікті шешіп алды да:

 – Маған мінгесесің бе, жаяу барсаң шаршап қалмайсың ба басың ауырып? – деп бұның денсаулығына алаңдап тұр.

 – Жаяу жүре берейін,- деген Жомарт. Сөйтті де, аяңдап қақпадан шықты.

Ауласына ат байлап жатқан еркекті және басы әппақ болып тұрған Жомартты терезеден көрген апасы баласы басына ақ телпек киіп алған екен деп ойлап, үйге кірер деп қарап тұрды. Жақындағанда қайнағасын танып сыртқа ұмтылды.  Есікті ашып қарсы алды. Дәу еркектің қалқасында баласының басы дәкемен таңулы екенін байқамады да.

 – Амансыз ба, қайнаға, келіңіз,- деп шетке ысырылды. Үлкен кісі кіре аяғындағы саптама етігін шеше бастап еді:

 – Шешпей-ақ қойыңыз, сіздің басқан ізіңіз қасиетті ғой,- деп қайнағасына үлкен құрмет көрсетті.

Келіні осынша құрметтеп жатқанда жалғыз ұлының басын жарып әкелгенінен жердің тесігі болса кіріп кетердей болып ұялған қара кісі таудай болып төр алдында малдас құрып отырды. Оған дейін апасын шошытпайын деп Жомарт кіреберісте қан жұққан жейдесін сыпырып тастап жалаңаш тұрған.

 – Келін, шырағым! Ағаңнан бір қателік кетті. Жолдыбайдың әруағының алдында масқара болдым! Ана Желжүйрікті есігіңе байладым, менің әулетімді кешіріңдер,- деп басы салбырап отырып қалды.

 – Не болды, қайнаға? – деп, ештеме түсінбеген апасының ала көзі бақырайып кетті. Сонда барып баласы есіне түсіп:

 – Жомарт, қайдасың? – деп шақырды. «Жаралы жауынгер» басы салбырап, қасына келді. Жалғызының жағдайын көріп анасы шошып кетті.

 – Ойбай, басыңа не болған? – деді енді баласына бақырая қарап.

 – Терісі сыдырылып…- деп міңгірледі ұлы.

 – Шырағым, менің Сапар деген өзімен қатар ұлыммен төбелесіп қалыпты. Ол әңгүдік қолына түскен таяқпен салып қалып, басын жаралап қойыпты. Айналайын, алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген. Міне басым, әне Желжүйрігім,- деді ақсақал. Ұрған үлкен ұлым, Сапар да балаңнан үлкен деуге намыстанса керек.

 – Мынаны дәрігер таңды ма? – деді апасы даусын қатайтып.

 – Иә.

 – Басың аман ба екен?

– Иә, ертең рентгенге түсір деді.

– Ауыра ма?

 – Жоқ…

 – Қайнаға «бас жарылса – бөрік ішінде»,- деген. Ағайын адамсыз, Жолдыбай алдыңызда тақ тұратын. Бұл да бір балаңыз. Еркек бала деген осы, төбелеспей жүрмейді, ерді намыс өлтіреді дегендей. Үлкен басыңызбен  алдыма келіп отырсыз, сізге рахмет! Тақымыңыздағы тұлпарыңызды атағаныңыздың өзі жетеді, рақмет! Балам аман болса болды, – деп қайта-қайта рақметін айтып иіліп тұрды. 

Апасы екеуі үлкен кісіні сыртқа шығарып атына мінгізіп жіберді. Үйге  кірген соң жүзін суытып, баласына жақтырмай қарады. Соның өзі Жомарттың арқасына қамшымен осып жібергеннен бетер ауыр болды.

Апасының жаратылысын білетін Жомарт бағана үлкен кісімен келе жатқанда іштей қатты қорқып еді. Бәрін білсе, енді дүкенге де жібермейтін шығар деген. Абырой болғанда ақсақал бар жайды түгел ашып айтпады. Қайта бірге келгені де жақсы болыпты.  Апасының жалғыз ұлы таяқ жеп басын жарып келгенде де ештеңе сұрамай, таяқтаған балалардың әкесін сонша құрметпен аттандырғаны Жомарттың есінен кетпей жүрді. Ертесі дәрігерге қайта барып басының жарасын көрсетті. Көк дәріні құйып, орнын тазалап берді де:

 – Ертең келсең, жібін алып тастаймын,- деді. Бұл жолы телпек кигізгендей емес, шағындап орап берді. Сол күні сабаққа да, дүкенге де бармай, үйде емтиханға әзірленді. Түстен кейін Сапар белесебетін әкелді.

 – Жомарт, ағам екеумізді кешірші! Біздікі ақымақтық болды. Әкем де жазамызды берді,- деп қолын ұсынып достыққа шақырды.

Дәрігер тіккен жібін алған соң, төбесіндегі тыртығын ғана дәрілеп, жапсырғыш қойып берді. Жапсырғыштың үстіне телпегін жапсырып, Жомарт мектепке тартты. Сабақтан шыға дүкенге жүгірді.  Роза тәтесі ештеңеден хабарсыз екен:

 – Жомарт, емтиханға қатты әзірленіп жатырсың-ау деп сені іздемедім. Жанаркүл пысық екен, сауданы қыздырып жатыр деп, есік алдынан күтіп алып, қуанышын білдіріп жатыр.

Алдымен киім-кешек сататын жаққа кірді. Үлкен бөлмені жайма базарға айналдырып жіберіп, Жанаркүл ортасында алушыларға аузы жабылмай, тауарларды таныстырып жатыр. Бағасын сұрағандарға да жауап беріп үлгеруде. Сауда қызғалы, Роза тәте ауданға тауарға жиі шапқылайтын болған.  Енді заттарды үлкен көлікпен алып келеді де, Жанаркүл екеуі жарым түнге дейін санап, сөрелерге жайғастыратыны бар. Жомарт емтихан тапсырып жүрген. Роза тәте сондай бір қатты қарбаластан кейін киім-кешекке сататын жаққа қона салатын болады. Жанаркүл күйеуімен ажырасқан әйел, екі баласы үйде қорқатын болған соң, қараңғы түнде үйіне қайтады.  Шаршап құлаған Роза тәте таң алдында есіктің шиқылынан оянады. Өзі өте сақ, ұйқысы сергек әйел басын көтеріп есікке қараса, о, тоба бір ақ майкалы бала шығып барады.  «Кім-әй!» деп дауыс шығарса, жауап жоқ. Таң алдындағы өлі тыныштық. Аузы жабылмайтын Барыс та үндемейді. «Жанаркүл кеткенде есікті өзім жауып едім ғой» деген оймен, ерінбей орнынан тұрып, есікке келіп қараса, кілттеулі. «Ұйқылы-ояу солай көрінген шығар деп, диванға жантаюға қайта бұрылса, тағы да терезенің алдынан біреу өтіп барады. Анық көрді: сол– жаңағы ақ майкалы бала. Үрейі ұшып, жарықты жағып кеп жіберіп, «Бісіміллә!» деп тілін кәлимаға келтіреді. Содан ішіне бір үрей кіріп, қайтадан кірпігі айқаспайды.

Ертесі Жомартты көре сала, түнде көргенін жайып салды. Жомарт та екі-үш ай бұрынғы көрген елесін есіне алған. «Мүмкін, үйдің иесі шығар, кітаптан «үйдің иесі болады» деп оқып едім дейді. Әйел адамға бір ой түссе қиын ғой, Роза тәте сол елестен арыла алмай, жолда келе жатқанда, жүк таситын шопырға айтады. Ол осы ауылда баяғыдан тұратын ересек кісі болатын.

 – Осы сен дүкен ашқан қойма ұзақ жыл бос жатты. Бір жасөспірім бала соның ішінде асылып өліп қалыпты дегенді естігенмін. Ондай өзіне қол жұмсағандардың, не біреудің қолынан жан тапсырғандардың жаны сол қайтыс болған жерінде ұзақ ұшып жүреді екен дегенді естуші едім. Сол маңдағылардан сұрастырып көр,- деп, өз білгенін баяндады.

Маңайдағы үлкен кісілерден сұрастырса, шынында сондай оқиға болған екен.  «Молда шақырып құран оқытып, адыраспанмен жұма сайын аластап отырсаң, жын-шайтанды қуалайды»,- деп кеңес береді білгіштер. Содан ауылда «Розаның дүкенінде өлген баланың елесі бар, түн ішінде ол жаққа баруға болмайды»,- деген қауесет тарайды.  Бұл әңгіме апасының да құлағына жетіпті. Жомарттан жөнін сұрады. Бала «енді апам мені дүкенге жібермей қоятын шығар»,- деп қорқақтаса да, көрген-білгенін түгел баяндап берді. Апасы:

 – Роза екеуің қорқып жүрсіңдер ме?- деді.

 – Біз онда түнде жатпайтын болдық,- деп шынын айтты.

 – Қазақта «шегірткеден қорыққан – егін екпейді» деген сөз бар. Елестен қорықсаңдар, сауда да жасамаңдар. Сол жермен Роза жетім балаларын өсіріп, қалаға оқытып жатыр, қыздарын ұзатты. Бәрі сол дүкеннің арқасы. Сен де сол дүкенге селбесіп, бізді асырауға жарап қалдың. Сен де жетімдерді бағып отырсың. Інің мен қарындасыңа телебезерін алып беріп, Кәмшаттың мектепке керегін, киім-кешегін түгендеп жүрсің. Енді нан жеп отырған жерлеріңе көңілдерің болмаса – берекелерің кетеді. Ертең Розаны үйге ертіп келші, бір нәрсені ақылдасайық,- деді.

Апасы Роза тәте келгенге палауын басып, әбден дайындалды.  Ол кезде Жомарт дүкенде болатын. Жастайынан жесірліктің қамытын киіп,  өмірдің тауқыметін тартып келе жатқан абысын-ажынды екеуі өткен-кеткен өмірлерін еске алысып, бір жылап, бір күліп жарым түнге дейін сырласып, мұңдасты. Жібек апасы:

 – Розатай, жарығым сенің дүкеніңде елес бар деген қауесет тарап, ел шошып жүр ғой. «Одан алған затпен бірге үйлеріңе еріп келеді, бармаңдар» деп, кейбір дұшпандарың жұртқа кері насихат жасап та жүрсе керек. Енді соған бола жеп отырған наныңнан қағыласың ба? Тура киім сататын бөлмеңе бір малды құран оқытып бауыздатып, үлкен дастарқан жасап, ел-жұртқа құдайы тамақ бер. Содан соң күнде біреуің түнге қалып қонып жүріңдер,- деді.

 – Мен ғой бірдеңе етермін, Жомарт әлі бала ғой, қорқатын шығар? – деді дүкеннің қожайыны жас бала үшін алаңдап.

 – Саған бір анамның әңгімесінен мысал айтайын. «Мына шешендер дініне берік, өжет, мықты халық қой. Кішкентай балаларын түнде ауылдан алысырақ жерге апарып қалдырады екен. Өздері тауып келсін, батыл болсын, қорқынышын жеңіп, өр, батыр болсын деп»,- дейтін біздің бала кезімізде. Жоғалған малды іздеуге қараңғы түнде ұлдарын жалғыз жіберетін. Сол айтқандай, Жомарттың да батыр, өр болып өскенін қалаймын. Бес жасынан жаныма серік болып көрмеген құқайы жоқ. Өмірдің ыстық-суығын көріп өскенін қалап, бойына батылдық, батырлық сіңіруге тырыстым. Сондықтан менің ұлым болса, күнде сонда жатып шығады,- деп баласын мақтаныш ете сөйледі апасы.

 – Ой, апа сіздің осы ақылыңызды менің ұлым өсіп келе жатқан кезде естісем ғой. «Жалғызым, жалғызым» деп, көп жұмсамай, бәріне өзім салпақтап жүгіре беріппін. Қабағына қарап, басынан құс ұшырмай отырған соң ба ынжық, жасық болып өсті. Енді «ең болмаса колледжін бітіріп, қызмет етіп жүрсе екен, соны жөнге салатын келін кездессе екен» деп армандаймын,- деп жанары суланып, өкінішін жасырмады.

Сол жұмадан қалдырмай қара қойды бөлменің ортасында бауыздап, қазанда ет асылып, қызыл бауырсақ пен үлбіреген шелпек пісіріліп, күн көзі көрінетін қамыр жайылып, ет тасыған еркектер мен ас пісірген келіндер кіріп-шығып дүкеннің маңы абыр-сабыр болды. Түске қарай ортаға жасалған ұзын дастарқанның басына ауылдың ақсақал-қарасақалы, орамалы шұбатылған кемпірлері мен шаршы тартқан қатын-қалашы түгел жайғасты. Ортаға сақырлатып самауыр әкеліп, табақ-табақ ет тартылды. Ауыл имамы «Ясин» сүресін оқып, ақсақалы алыстан толғап бата берді. Үлкендер кесе-кесе қымызбен, жастар жағы шырын-сумен шөл қандырды.  Самауыр қайта-қайта ауыстырылып қызыл күрең шәй көңілдерді жәй етуде. Ду-ду әңгіме өрбіп, осы үйдің ішінде асылып қалған баланың да тариқаты сөз болды. Бұл колхоздың салған қоймасы ұзақ жылдар бос жатып, ішіне мал топырлап, шатырына құс қонақтап, кейіннен бұзақы балалар жиналатын жерге айналған. Он бестегі бозбала тұрмысы төмен ата-анасының жоқшылығымен шаруасы жоқ,  «киімім нашар болып қатарымнан қалдым» деп қырсығып, өзіне-өзі осы бөлмеде қол жұмсаған көрінеді. Анасы күйік тартып, әкесі дерттеніп бір жылдай тұрыпты да, қалған бес баласын жетектеп, қалаға қарай көшіп кетіпті. Содан бері де жеті жылдың жүзі ауыпты. Сол бір қасіретті жандар  жайлы көрдім-білдім деген пенде жоқ. 

«Жынойнаққа айналған жер болса да, сен елге керек орынға айналдырдың», «Жын-шайтанды үркітіп, құран оқытқаның дұрыс болды», «Енді мұнда түнде келуден қорықпайтын болдық»,- деп құдайы тамаққа келгендер Розаға алғысын айтты. Әбден көңілденген ауылдастар суырып салма ақын Қызайбай ағаға Әсет ақынның «Ағаш ат» жырын айттырып, құлақтарының құрышын қандырды.

Сол күннен бастап үшеуі мен от жағатын аға бәрі кезектесіп, дүкеннің ішіне қонып жүрді. Түнімен үлкен залдың жарығын сөндірмейтін. Дүкеннің маңайынан түнделетіп өтетін ауылдастары бірте-бірте бұл жаққа үрейленіп қарағанды қойды. Уақыттың өзі бәріне емші, оның ұмыттырмайтыны бар ма?! Розаның дүкеніндегі елес тұрмақ, сол елеске себепші бала да ұмытылды.

 АДАМҒА КЕРЕГІ – АРМАН ЕКЕН

 – Тәте, жылдан-жылға тұрмыстық техника елге өте қажет болып жатыр. «Миксер» деген нәрсе бар, онымен қыздар асханада неше түрлі тамаққа керек қосымшаларды шайқап, талқандап, үгітіп алады. Бұрын қолмен жасалғанның бәрін бес минутта әзірлеп береді. Су жылытқыштар болады тоққа қосып қоятын.. Су себезгісі бар: қол жуатын жерге ыстық суы дайын, ваннаға ыстық суы дайын, асханаға қойса үнемі ыдыс жууға ыстық су дайын. Оны тоққа да, газға да қосуға болады.  «Қысқа толқынды пеш» деген де ауылға өте қат нәрсе, асыққанда тамақ ысыта саласың, сүт жылыта қоясың, ештеңені күйдірмейді екен. Үтік, тоқ шәйнектер, қол ара, тескіш тоққа қосылатын, тағы басқа үйге керек-жарақтарының бәрін әкеліп қойсақ. Жәркентте үлкен базар бар дейді, Қытайдан бірден алып шығатын тауар сататын. Сіз енді Шонжыдағылардан үстеме ақшамен алғанша тікелей сол жерден көлік жалдап әкелсеңізші. Біз мұнда сата береміз, сіз жеткізіп отырыңыз,- деген идеясын ортаға салды.

 Жап-жас баланың айтқандары Роза тәте мен Жанаркүлге ұнай кетті.

 Шындығында тұрмыстық-техниканы ауылдағылар аудандағы базарға тапсырыс беріп алдырып жатыр. Неге өздерінің дүкенге әкеліп қоймасқа.

 – «Киім-кешек» жақтан «техникаға» бір бұрыш ашайық, мен сата берем, – деп Жанаркүл белсенді.

 – Әзірге сөйтейік, күн жылығанда ана бос жатқан жерден үлкен бір зал қосайық. Сонда тек техника қояйық. Теледидар, тоңазытқышы жоқ отбасылар қаншама,- деп Жомарт тағы бір тіршілік тауып алды өзіне.

  – «Жас келсе – іске» деген осы. Сенің қиялдарыңның бәрі шетінен орындалып келеді,- деп қуанды Роза тәте.

Бұлар осылай қиялдап отырғанда, тық-тық деген дыбыс шықты.

 – Бұл не? –деп елең етті Роза.

 – Кешелі бері анда-санда осылай бірдеңе тықырлайды,- деді Жанаркүл. Жомарт та құлағын тігіп, тың тыңдап қалды. Бөлменің ішін шарлап, бұрыш-бұрышты байқап, ары-бері жүрді. Әлгі тықыл тағы да қайталанды.

 – Батареядан шығады. Әлдібай аға отты үзіп алды ма екен? – деп босағада ілулі тұрған күртешесін құшақтай Жомарт далаға кетті.

Үйдің арт жағындағы от жағатын бөлмеге келді. От жағушы Әлдібай  аға пеш алдында күйбеңдеп жатыр екен.

 – Ассалаумағалейкүм! – деп амандасқан балаға қарауға шамасы жоқ:

 – Әліксалам,- деді де, пешке бір шелек көмірді қопара салып бұрылды.

– От тоқтап қалды ма? – деді Жомарт жан-жағына қарап, жоғарыға ілінген су құйғышқа мойнын созып.

 – Жоға! Үзбей жағып тұрмын ғой, кешелі бері бірдеңесі тарсылдайды,- деді Әлдібай аға.

 – Неден болуы мүмкін? – деді Жомарт.

 – Қайдан білейін?! Мен тілін білмейді екем, менікі тек от жағу ғой,- деді беті-ауызы күйе-күйе, малақайы милығына түскен үлкен кісі.

 – Аға, мен де түсінбеймін, қазір барып Ақылбек ағаны алып келейін, сіз отты тым көп салмай тұрыңыз,- деп шыға жөнелген Жомарт Ақылбектің үйіне қарай тартты.

Шағын «Көлік жөндеу орталығының» қақпасын айқара ашып тастап, жанында бір жігіт бар Ақылбек бір мәшиненің қақпағын қайырып қойып, екеулеп үңіліп жатыр екен. Баланың сәлемін жұмысынан басын алмастан, ауызша алды. Жомарт жағдайын асығыс түсіндірді. «Мән-жайды бара көрейік, – деген Ақылбек өз көлігін оталдырды да, Жомартты салып алып дүкенге келді. Қабдеш аға  екеуінің алдынан құлдыраңдап шығып, білгенін айтуда. Ақылбек бірден отжағар бөлмеге келді. Астына басқыш қойып су құятын бөшкесіне үңілді де «Ойбай!»,- деп басын жұлып алды.

 – Не болды? – десті төмендегі екеу.

 – Мынада су жоқ қой, бетім буға күйіп қала жаздады.

 – Онысын қайдан білейін, дүкен суып кетпесін деп өртеп жатырмын ғой,- деді момын Қабдеш аға.

 – Көмірді қашан салдыңыз соңғы рет?- деп сұрады Ақылбек төбеден түсіп келе жатып.

 – Ішіндегі суы буға айналып кетіпті. Содан құрғақ батареялар тарсылдап кетеді. Ертеңге қалғанда атыла бастайтын еді,- деді де Жомарт пен Әлдібай ағаға су тасытып, өзі бөшкеге шелектеп құя бастады.

Еркектердің абыр-сабырына Роза тәте жүгіріп келді. Жағдайды естіп:

 – Астапыралла! Құдай сақтаған екен! – деп, қорқыныштан тана көзі бақырайып, бір шелекті ала салып, су тасысуға жүгірді.

Бәрі жабылып, бөшкені толтырып, одан Әлдібай аға отын қайта жағып, Ақылбек батареяларға еніп кеткен желін шығарып, әбігерге түсіп жатқанда, қас қарайды. Жарылып кете жаздаған батареялар жөнделіп, көңілі жайланған Роза дүкенге қарай асығып келе жатып, итіне шалынды.

 – Барыс, аяққа орала бермей кетші әрі,- деп итеріп жіберіп, ішке кіріп жарық жақты. «Осы Жомарт болмаса менің күнім не болады?» деп, ішінен ойлап қойды.

Қыс ызғары ширыққан соң Роза тәте Жомарттың идеясын орындап, «Миксер»,  «Қысқа толқынды пеш», тоқ шәйнек, шаш бұйралағыш, сақал алғыш сияқты ұсақ-түйек техника алып келіп бұрыш ашып қойды. «Алдымен көрейікші» деп қойғаны бір жетіге жетпей сатылып кетті. Содан Жомарт Жанаркүлге:

 – Келгендерден «тоңазытқыш, теледидар, музыкалық орталық сияқтылар керек пе ?» деп сұрап, тізім жаса,- деп тапсырды. Аптаның соңына дейін оншақты адам тапсырыс берді.

– Ал, тәте, енді Жаркентке тартыңыз, жұрттың тапсырысын әкелуге, – деп қуанып, тәтесін үлкен жолға шығарып салды.

 – Осындай ойлар саған қайдан келеді? – деп Роза тәте риза.

 – Сауда жасау үшін алдымен елге не керегін білгеніміз жөн ғой,- деді де, қол құлғап қала берді.

Үш күннен соң Роза тәте үстін брезентпен жапқан дәу «КамАЗ» көлігінен домаланып түсіп жатты. Жомарт жолдастарын жинап алып, ауылға бірінші рет келген техникаларды түсіріп, дүкен ішіне кіргізіп алды. «Розаның дүкеніне теледидар, тоңазытқыш келіпті» деп құлақтанған халайық тізімдегі тапсырыс бергендерді шақырғанша қаратпай, алғашқы партияны «пышақ үстінен»  талап әкетті.

Ел іші тыныш жатсын ба?! Аудандағы салық комитетінде істейтін жақынына біреу: «біздің ауылдағы Роза деген әйелдің дүкені өкіртіп сауда жасайды. Бұрын бір кішкентай бұрыш еді, екі жылдан бері екі үлкен бөлмені толтырып тастады. Жанында мектепте оқитын бір жетім бала бар, соны құлша жұмсайды» деп жеткізіпті. Аяқ астынан екі еркек, бір әйел сау етіп «аудандық салық бөлімі, құқық бөлімі, санитарлық бөлім дегененбіз» деп, сау етіп жетіп келді. «Бақылау кассалық аппаратыныз қайда?», «Әрбір сатылған тауарға фискалды чек ұрып отыруыңыз керек»,- деп салықшы дікілдеді. Заңгері: «Жасы он сегізге толмаған баланы ауыр жұмысқа салуға құқыңыз жоқ. «Еңбек туралы Заң» кәмелетке толмағандардың еңбек құқығын айырықша қорғайды. Түнгі уақыттағы жұмысқа неге пайдаланасыз? Жұмыс беруші ретінде заң алдында жауап бересіз» деп қорқытты. Санитарлық доғдыры: «Өзіңізбен үш адам жұмыс істейді екенсіздер, үшеуіңде де санитарлық кітапша жоқ, сондықтан үлкен айыппұл саламын»,- деп әңгірледі. Бірден дүкенді жаптырып тастады.

Роза тәтенің танадай көзі одан әрі бақырайып, мөлтілдеп жас тұнып, әрқайсысына бір жәутеңдеді. Зәкүн айтушылардан арашалайтындай, Құдайдан басқа сүйенері жоқ. Жомартқа: «мен туысқан апам болған соң көмектесіп жүрмін деп айт» деді де, үйіне қайтарып жіберді. Тапа-тал түсте сауда жасап жатқанда, әлгілер Жанаркүлді бас салған болатын. Оны қалай жасырсын. Екі бөлме толған тауарды қалай жоқ десін. Еркектермен болмаса да, әйелмен тіл табысайын деп, үйінде тауарға жинап отырған ақшасын алдырды. Олар не айтса да басын шұлғып, қандай қағазға қол қой десе де қолын қоя берді. Аралықта екі беті май жаққандай жылтыр, күлімкөз әйел дәретханаға барғысы келген сәтті пайдаланып жанына еріп алды. Сыртқа шыққан соң:

 – Осы дүкенмен үш жетім баламды бағып отырмын. Мені аяй көріңдер. Енді заңды да, тәртіпті де бұзбаймын. Қанша сұрасаң да берейін үшеуіңе де. Бақылау касса аппаратын да қойғызамын,- деп зар иледі.

 – Бір жолғымен құтылмайсың, мен айына бір рет келіп тұрам, маған жеке салық төлейсің,- деді. Әйел басымен құлқынының сонша кеңдігінен жүрегі айнығандай болса да, келісті.

Жылтыр беттің екі еркекті қалай тез көндіргенін кім білсін,  Розаның берген парасын алды да, түс ауып, көлеңке ұзарғанда, келген жолдарына түсті. Дүкені дүрілдеп тұрған Роза тәтенің жүні жығылып, қалтасы қағылып, пұшайман болып, бір-екі аптаға дейін тауарға шыға алмай қалды. Содан кейін көңіліне сақтық пен үрей қосылып, жұмысына біраз өзгерістер енгізді. Жомарт болса, күннің көзі жылт еткеннен техника заттарын сататын бөлменің іргесін тұрғыза бастады. Ол сабақтан келгенше екі құрылысшы аға қабырғаны өре береді. Жомарт келе сөмкесін лақтырады да жоғарғы ауылдағы құрылыс заттарын сататын дүкенге жүгіреді. Жоғарғы сыныпқа өткен сайын сабағы нашарлады. Алгебра, геометрия, физика деген сабақтарды ғана ықыластана оқиды. Қалғанына жүрдім-бардым. Апасы да баяғыдай: «мақтау қағазын алмадың, төралқаға отырмадым» демейтін болды. Қарындасы Кәмшат үздік оқушы, апасының төралқадағы құрметті орнын сол сақтап қалды.

Бүгін аптаның ақырғы күні. Енді бір жеті сабаққа барса, Жомарт оныншы сыныпты аяқтайды. Зіңгіттей жігіт болды. Апасы айтқандай, түр-тұлғасы – бойы сорайып, басы сопайып, мұрны қоңқиып, қайратты шашы қасқырдың жүніндей үрпиіп, көзі шүңірейіп тура әкесіне ұқсап келеді. Мінезі ме?! Апасы: «әкең –  ағайыны бар, көрші-қолаң бар, тамыр-таныс бар бәрінің өтінішін орындап, асар жасағанға араласып, жылу жинағанға қолындағы соңғысын беретін. Сүйіншіге – бір тоқты, қайғырып көмек сұрағанға – бір қой, баласын жетектеп келгенге – бір қозы не лақ таратып отыратын ақкөңіл еді. Содан ба, байлық қоңсы қонбады. Ал, сен шық бермес – Шығайбай болайын деп тұрсың. Дәулет қонса, саған қонар! Менің бірбет мінезімді алыпсың, қисайған жағына құламай тынбайтын»,- деп берген мінездемесінен артық не айтсын. Сондай тұйықтығынан болар, Нұрмұқадан  басқа досы жоқ. Ес білгелі  – дүкен, соның бар-жоғын түгендеп, тізіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. Роза тәте берген маңдай терінің өтеуі – ақшасын тастай қатып жинап, апасының сандығының түбіне сақтап жүр. Оны екеуі-ақ біледі.

Теледидардан байлардың өмір жолы туралы хабар көрді. Үш бай азаматтың жеткен жетістігін талдады. Бар ынтасын салып қарап, көкірегіне түйіп, санасына құйып алды.  Алғашқысы сіріңке сатудан бастапты. Кәдімгі бір қорап сіріңке! Былай қарасаң, көзге көрініп, ауызға іліне бермейтін шырпы. Түбі – қып-қызыл от. Отсыз өмір жоқ. Адамзат баласы пайда болғалы ең қажеті де, ең қауіптісі. «Нарық енді басталған кез еді. Халықтың сұранысын іздедім. Сол елеусіз ғана шырпының адамға өте қажет екенін біліп, қалтамдағы барым – 250 долларға Ресейден сіріңке алып, шекарадан қолдап өткізіп бизнесімді бастадым. Онда институтты енді бітіргелі жүргем», – дейді. Екіншісі опа-далап, әтір сататын бизнесін бастапты. Жұмыссыз қалған отбасы. Әйелі екеуі Қытай асып, ол жақтан екі жәшік тауар әкеліп тіршілік жасапты. Үшіншісі Алматыға оқуға түскеннен ауылдағы жеміс-жидек, көкөністі жолдасы екеуі атасынан қалған ескі «Москвич» көлігімен тасып жүріп байыпты. Қазір үшеуі де Қазақстандағы алғашқы миллионерлер екен. Үшеуі де: «Бай, бақуатты өмірді армандадым. Мақсатыма жеттім!» деп тұр. Соны жұртқа үлгі деп көрсетіп, еңбек еткен жанның әйтеуір бір мақсатына жететінін насихаттап түсірген хабар екен. Шынында, олар Жомарттың да жүрегінің отын жағып, алдына мақсат қойдырып, ынтасын оятты. «Мен де бай болам! Апамды ханшадай етіп бағам!» деп армандап қойды. Адамға керегі арман екен, сол Жомарттың мақсатына жетер қанат болды.

Мектептен каникулға шыққанымен, дүкеннен ешқайда ұзай алмайды. Роза тәтемен бірге Жаркентке тауарға барып, нағыз қан базарды көрді. Тәтесі әбден тіс қағып қалған екен, ана қатарға, мына қатарға түсіп, таныс болып қалған сатушыларға тізімін тастап кетеді. Екеуі түс ауа тамақтанып алды да үлкен арба сүйреген жігітті шақырып, ертіп алды. Бағанағы сатушыларды қайта жағалай тауып, заттарын алып арбаға сала берді. Роза тәте базардың сыртында бір КамаАЗ-ға келісіп қойып, соған тасып, Жомарт үстіне шығып тией берді. Үй-тұрмыстық техникалардың базарының ішін көлікпен аралады. Оларды сатушылар өздері көлікке салып берді. Қас қарайғанша сауда жасаған екеуі түнделетіп жүріп, таң алдында Ақтамға жетті. Жол бойы ұйықтап келгеннен шаршағаны басылып, сергіп қалыпты.

Күн шыққанша көлік үстіндегі тауарды түсіріп алып, жаңа «Үй-тұрмыс заттары» деп аталатын бөлмеге кіргізіп қойды.

 – Жомарт, біз мынаның бәрін санап, залды реттеп, ашуға дайындағанша сен екі-үш күн демал. Апаңның да тапсырмалары бар шығар,- деп Роза тәтесі демалыс берді.

Жомарттың жанына тыныштық болушы ма еді, салып ұрып Ақылбек ағасына келді. Ол:

 – Жотасы қышыған есек диірменге қарай жүгіреді деуші еді, сол айтқандай жақсы болды келгенің, – деп, қуана қарсы алды.

Дастанды рулге отырғызып қойып, өзі мотор жағынан бірдеңе шұқылап жатыр екен. «Мынау Әлжан ағаның жақында алған «Маздасы» ғой, алмай жатып каробкасы кетіпті» деп сөйлеп жүр. «Сені өзім де іздеп отыр едім, жақсы келдің». 

 – Менің үш күн уақытым бар. Өткенде Әукен атаға шөп түсіріп берем дегем. Соған сізбен ақылдасқалы келдім.

 – Оның өз ұлы бар емес пе, саған не азап ол үшін шөп шауып?

 – Ұлы келінімен қалаға көшіп кетіпті, ауылда жұмыс жоқ деп. Ата «қысқа шөп шабатын адам іздеп жүрмін» деді.  Мен «егер әр бауына елу теңгеден берсеңіз, шауып, үйіңізге жеткізіп берем»,- дегем.

 – Е, солай демейсің бе, ақысын төлесе, боқысын шығар! – деп істеп жатқан тірлігінен басын көтеріп, жымиды.

 – Соған шалғыңыз бен арбаңызды сұрай келдім.

 – Ертең мен де боспын, саған көмектесіп жіберейін.

 – Жақсы, – деп Жомарт күліп қойды.

Таң ата апасының көмбеге жапқан наны мен айранын алып, көк есегіне мініп Ақылбектің үйіне келді. Ол да ақ есегін дайындап, қалтаға бірдеңе салып әбігер болып жатыр екен. Екеуі есек жарыс жасап, «Қатартерекке» әп-сәтте жетті. Жыл жауын-шашынды болғасын ба, шөптің шығымы жақсы екен. Белуардан келетін шалғынның ортасын еніп кеткен Ақылбек:

 – Бүгін осы жағалауды орып тастайық. Ертең баулап, арбаға тиеп, атаңа жеткіземіз,- деді де қайтадан шығып, есегін тұсап, қолына шалғысын алып тас қайрағымен қайрай бастады.

Жомарт та көк есегін тұсап, тамағын ағаштың көлеңкесіне жайғастырып күйбеңдеп жатыр еді. Екеуі түске дейін бірталай жердің көк майсасын орып тастады. Сол маңдағы жалғыз Қарағаштың түбіне келіп жантайып, сусындарын ішіп, әкелген тамақтарымен ауқаттанып алды. Әңгімелесіп біраз отырды.

 – Сен биыл қалай бітірдің? – деді Ақылбек.

 – Нені? – деп таңырқады Жомарт.

 – Сабақты айтам. Сен саудаға кірісіп кетіп, оқуды қойғасың ба? Саған жігіттер неге «саудагер» деген ат жамады десем, себебі бар екен ғой,- деп күлді.

Сыртынан «Саудагер» деген лақап ат жапсырғанын алғаш естігенде намыстанғаны шындық еді, шамданып та қалатын. Келе-келе құлағы үйреніп кетті ме, шыбын шаққан құрлы көрмейтін болды. Сол әдетімен, лақап атқа мән бермей:

 – Бұрынғыдай үздік емеспін. Биыл дүкенде шаруа көп болды ғой,- деп Ақылбекке шынын айтты.

 – Жомарт, ол сенің жекеменшік дүкенің емес. Қанша еңбек жасасаң да Розаға жасап жатырсың. Ал оқуды жақсы оқысаң, өзің үшін оқисың. Дүкен қожайынына жақпай қалсаң, кез-келген күні қуып жібереді.

 – Үздік оқу міндет емес шығар. Өзіме керек пәндерімнен жақсымын.

 – Қандай пәндер?

 – Алгебра, геометрия, физика дегендей…

 – Келер жылы осы уақта оқуды бітіресің, содан соң не істейсің?

 – Алматыға оқуға барамын.

 – Қандай оқуға?

 – Есеп-қисапқа үйрететін біреуіне, – Жомарт әлі нақ қайсы оқу орнына, қайсы мамандықа баратынын ойламаған болатын.

– Сен осы бастан мамандық таңдауың керек. Сол саған бағыт болады.

– Аға, менің арманым – бай болу! Бизнесмен болғым келеді,- деді теледидардан көрген байларды есіне алып.

 – Дұрыс, адамға алдымен арман керек. Бизнесмен болу үшін де білім алған дұрыс. Ақша табудың жолын, оны көбейтуді, оны дұрыс жұмсауды оқып алған дұрыс,- деп Ақылбек өз білгенін түсіндірді.

 – Дүкенде жүргенде де көп нәрсе үйреніп жатырмын. Кейін соны өз дүкенім болғанда қолданам ғой,- деп қояды Жомарт.

 – Дұрыс. Сен осы Ақтамнан дүкен ашарсың. Бірақ өмірің әлі ұзақ. Білім сені өмір бойы асырайды. Мен оқымағаныма қатты өкінем. Ендігі бар арманым –балаларымды қалайда оқыту. Қазір заман басқа. Кішкентай Ақтамнан ашқан дүкен сені өмір бойы асырамайды. Ал, күшті білім алсаң, Алматыдан да дүкен ашасың. Қазір жастар шет елден оқып, әлемді шарлап бизнес жасап жатыр. Сен соған ұмтылуың керек.  Бойыңдағы қуатыңды дұрыс жолға бағытта, – деді.

 – Мен қазір ақша жинап жүрмін, сол ақшамен Алматыда оқуға барамын. Тек апама алаңдаймын…

 – Несін алаңдайсың? Апаңның Олжасы бар, біз бармыз. Мен бағам апаңды. Өстіп жүре бермеймін ғой жалғыздан-жалғыз. Құдай бұйырса сіңлісінің орнына келін түсіріп берем. Сен оқып жетілсең, соңыңнан Дастан мен Кәмшат та оқуға ынтығады.

Шөп шабыстағы Ақылбек ағасымен сырласу Жомарттың жолын ашқандай болды. Түнде ауладағы масалықта жатып, алдына: «Алматыға барып оқуға түсем. Қосымша қаржы жинап, байимын да, дүкен сатып алам» деген қиялмен мақсат қойып, басқаға мойын бұрғызбады.

Сол жазда Жомартқа «шөп әкеліп бер» деп тапсырыс берушілер көбейді. Егін пісіп, орақ түскенде, Ақылбек комбайнға отырды. Оның шөп шауып, сатуға уақыты болмай кетті. Енді Жомарт жанына Дастанды алып, біреуі ақ есек, екіншісі көк есекке шиқылдақ арба жегіп шөп тасып, ауылдағы мал ұстайтындарды қарық қылды. Табысынан Дастанға да өз еңбегіне лайық бөліс беріп, ынталандырып отыратын. Ала жаздай ауылда доп қуып, одан қалса дүкеннің алдындағы шарбаққа мініп алып шырт-шырт түкіріп, әңгіме соғып отыратын жастарға  ата-аналары: «Өзіңдей ана Жомартты қарашы, жаз бойы шөп сатып, ақша тауып жатыр. Сенің жүрісің мынау, түк пайдаң жоқ!» – деп намыстарына тиетін болды. Ал кейбір ересектер мұның әрекетін ұнатпай:

 – Мына Жолдыбайдың баласы жиектегі шөптің бәрін әкесінен қалғандай жайпап барады. Тумай шөккір, ақшаға мұнша құмар болар ма?! – десетін.

Одан қалса:

 – Өзіне жоқшылық өтіп кеткен-ау, жұмыртқадан жүн қырқады.

 – Бұл мектепте оқып жүріп мынандай, өсе келе қайтер екен,- деп ұнатпай, қауіптенсе, енді біреулері:

 – Өзі еңбекқор екен. Басқа балаларды қарашы, ұйқыдан бас көтермейді, одан дайын тамақты ішіп алып түн жарымға дейін жиналып жынойнақ жасайды. Содан таңға жуық келіп ертесі түс ауғанша жатады.

 – Осының бір бала болып ойнағанын, не бос жүргенін көрмеппіз. Қайта біздің жүгермектер үйренсін содан. Қазір заман басқа. Баяғы өкімет асырайды деп жата берген аштан өледі,- десіп риза болатын.

Шынында да, сол кезде ауылдың балалары «Романтик» магнитофонын айқайлатып көтеріп жүретін. Кешке қарай бір жерге жиналып, мәңгі ескірмейтін «Boney M»  тобының «Bahama Mama» деген хитын қосып қойып,   сөзін ұқпаса да секіріп билеп, Шолпан туып, таң сыз бергенше тарқамайтын. Жомартпен қатар балалардың ішінен: «осы саудагер пысықты өзеннің жағасына апарып сабап, екінші қырға қарай шөпке бармастай етсек қайтеді» деушілер де болды.

Әке-шешелері құлақтарының етін жеп қоймаған соң, Жомартпен қатар балалар жазғы демалыста өз үйінің ұсақ малдарының қысқы азығын әзірлеуге кірісті. Балаларының іс қатқанына қуанған ата-аналарының ризашылығын көріп бұрынғыдан ықыластана тірлік етісті. Еңбекке араласа бастағаннан олардың өмірге көзқарастары өзгеріп, қайта Жомартқа жақындап  тіршіліктің кілтін үйренгілері келді. Жомарт шөпке тапсырыс түспегенде дүкенге барады. Роза тәтесі:

– Жомарт, Мергүл, Салтанат деген сұлу бойжеткендер біздің дүкеннен шықпайды. Менің көзімді ала бере Айманнан сені сұрайтын көрінеді,- деп әзілдеді.

Айман деген қызды жазғы демалыста азық-түлік жағына сатушылыққа алған болатын. Өзі тауарға кетеді, Жомарттың да өз «бизнесі» пайда болған соң, дүкенге қосымша сатушы керек болған. Сол қыздың шығарып жүрген әңгімесі еді.

 – Ол қыздар неге өз тірліктерімен айналыспайды екен?- деді Жомарт үлкен кісідей салмақпен жауап қатып. Оның кейбір сөздері түйеден түскендей болатын. Бала жастан ересек адамша ой түйіп өскен Жомарт бозбала болған кезде мінезі біртоға бола бастаған. Мінезі ауыр болған соң ба, әзілге әзілмен жауап беріп, орынсыз күлгенді жаны сүймейді.

 – Жомарт, қазір сенің нағыз қыздарға қарап, алғашқы махаббатыңның оянатын кезі емес пе, келе берсін!- деп күлді Роза тәтесі.

Бозбала «махаббатыңның оянатын кезі емес пе», – дегенге беті ду етіп, ұялып қалды. Есіне алғаш рет махаббаты баяғы төртінші сыныпта Айшархан тәтейіне оянғаны түсті. «Ондай сұлу қыз бұл ауылда жоқ, сондықтан басқаларға көз салып қайтем? Алматыға барғанда Айшархан тәтейге ұқсайтын қыз тауып алам!» – деген арманмен, қаптағы күрішті бір демде шағын дорбаларға салып тастады. Аздан соң істеп жатқан тірлігін тоқтата қойып:

 – Ол қыздар бос жүргенше торт, пешеней пісіріп әкелсін, соларды сатуға қояйық, қыздарға да қайсы пысық екен, соған қарап баға беріңіз,- деді бұл жолы сәл жымиып.

 – Әй, мынауың табылған ақыл! Шынында, неге өз қыздарымыз пісірген тәттілерді сатпасқа? – деп Роза тәтесінің көзі жайнап шыға келді.

 – Ертеңнен бастап дүкенге келгіш қыздарға айтыңыз, қайсысы еңбекқор екен көрейік,- деді тағы қосымша.

 – Бітті, айтамын! – деп Роза тәтесі тағы бір идеясын қағып алды.

– Тәте, дүкенге ат қойсақ қайтеді? –деді бірде Жомарт.

 – Ауылдағы дүкенге не ат керек, жоғарыдағы дүкенді «Кенжеқанның дүкені», төмендегі дүкенді «Розаның дүкені» деп ел үйреніп кетті ғой.

 – «Кемені қалай атаса – солай жүзеді» деген бар екен. Егер дүкенге ат қойсақ, сол оған табыс, береке әкеледі. Маңдайшасына атын жазып қоямыз, ел соған үйренеді.

 – Ойлап жүрген атауың бар ма?

 – Әзірге жоқ. Сіз де ойлаңыз, Жанаркүл әпкем де, Айман да ойлансын. Тіпті дүкеннің атын ойлап табуға бәйге жариялайық,- деді Жомарт көзі жайнап.

 – Ой, Жомартым-ай, ойлап таппайтының жоқ,- деп риза болған Роза тәтесі:

 – Ал онда ойланыңдар! Үш күн уақыт берем,- деп қолын шапалақтап жіберді.

Розаның дүкеніне ат қою бәйгесіне апасы мен Ақылбек, Дастан, Жанаркүл мен Айманның, Жомарт пен Розаның достары, естіген құлақтың бәрі атсалысты. Олар «Дархан», «Береке», «Ырыс», «Табыс», «Бақыт», «Бастау» тағы да басқа аттарды ұсынып жатты. Роза тәте:

 – Енді осылардың ішінен біреуін таңдайық,- деді. Жомарт барлық атауды қағазға жазып, шиыршықтап орап шықты.

Содан кейін банкаға салып әбден араластырған Роза тәте:

 – Жомарт, осы дүкенге ат қою дегенді ойлап тапқан сенсің, енді өзің таңда,- деп балаға ұсынды. Жанаркүл мен Айман менің таңдауым шықса екен деген тілеумен демін ішінен алып тұр.

Жомарт қуанып кетіп, банканы алып сілкіп-сілкіп жіберіп, қолын ішіне сүңгітіп жіберді де, біреуін суырып алды. Екі алақанының ортасына салып тұрып, кеудесіне жақындатып тигізді де, алақанды ашып жіберді. Екі алақанның ортасында кішкентай ғана ширатылған ақ қағаз жатты. Ол қазір бес жылдан астам атаусыз, маңдайында ешқандай белгі жоқ, ел ішінде «Розаның дүкені» аталып кеткен, тіпті «елесі бар дүкен» атауына да ие болған үш бөлмелі ғимараттың тағдырын шешпекші. Жомарт таңдаған қағазды Роза қолына алды да бар ынтасын салып тұрып ширатпаны ашып жіберді.  “БЕРЕКЕ” деген жазу айқайлап тұрды. Роза тәте:

 – Ура! Берекелі болады екенбіз! – деп оң қолына ұстап жоғары көтеріп қуанышын білдірді.

 – Кім ұсыныпты? – деді Жомарт.

 – Менің ұсынысым ғой, – деп Жанаркүл мақтаныштан секіріп жіберді.

 – Саған арнайы сыйлық бар! – деді Роза тәте де риза болып.

Сөйтіп, төменгі ауылдағы дүкен «Береке» деп аталатын болды. Жомарт Шонжыға барып атауын баспаханаға жаздырып, әйнекке салып әкеліп ғимараттың маңдайшасына ілді.

 АНАСЫ АЛЛАҒА ТАПСЫРҒАНДА

Жомарт мемлекеттік емтихандарды жақсы тапсырды. Енді мектеп бітірген аттестатын қолына алатын күнді күтуде. Қос бұрымы арқасында ойнап, нәркес көздерін төңкере қарайтын қарындасы Кәмшат жетінші сыныпқа өтті. Ал апасының Олжасы биыл мектеп табалдырығын аттамақ.

Жан анасы болса балапандарының қалай тез есейіп келе жатқанын тіршіліктің диірменінде айналып жүріп байқамай да қалғандай. Он сегізге толғанша өз бетімен бауырынан шығып, ауданнан ұзамаған жалғызының бір танысы жоқ, қара нөпір халқы бар ел астанасына қалай баратынын ойлап қамығады. Розаның үлкен қызы сол қаланың маңындағы бір ауылда тұрады екен. «Сақтықта қорлық жоқ, далада қалатындай болып жатсаң Шырай әпкеңді тауып ал» деп мекен-жайын жаздырып алып келді.

Роза тәтесі де өзінің қолғанатын қимай: «оқуға бармай-ақ жанымда жүре бер, мұнда да еңбегіңді жеп жатқам жоқ қой» деп айтуға аузы бармай әрі баланың бағын байламайын деп қиналып жүрді. Жетінші сыныптан жанына ес болып,  жігері мен табандылығымен әрдайым таңдандырып жүретін. Өз қатарынан ілгері ойлап, әрнәрсеге талаптанып дүкеннің керегесін кеңітіп, атына дейін «Береке» деп қойды. Енді жанына осындай қолғанат кездесе ме, кездеспей ме?! «Тегі осы баладан бірдеңе шығады. Мұндай таудай талабы бар баланың жоғары білім алғаны дұрыс. Мен бірдеңе білсем, Жомарт барады да оқуға түсіп кетеді!» деп Жібек апасына өз ойын айтып қойды.

Осыдан ай бұрын Жомарт апасымен аналы-балалы болып оңаша сырласты.

 – Сен де дүкен ашып ал, қолыңнан келеді. Елдер «Розаны байытқан сенің балаң» дейді ғой.

 – Бір ауылда екі дүкен бар, солармен жағаласып қайтем. Апа, мен енді мына «Розаны байытқан сенің балаң» дегенді естімейін, ешкімге де айтпа. Ол дұшпанның сөзі. Роза тәте дүкенін маған дейін ашты, қайта мен ол кісіден үйрендім.  Егер мен мықты болсам, Алматыға барып өз күшімді сынап көремін. Биыл оқуға түспесем, күзде әскерге кетем.

 – Осы кеткенім біржолата кеткенім десеңші,- деген апасының дауысы жылай салатындай дірілдеп шықты.

Ештеңеден қайтпайтын, ештеңені мойындамайтын байғұс апасы уақыттың алдында, тағдырдың алдында дәрменсіз екен. Жалғыз жапырағының осылай тез ержетіп, өз өмір жолына түскелі тұрғанынан жеңілді.

 – Апа, қазір сен жалғыз емессің. Жаныңда шәйіңді қойып беретін Кәмшат, көңіліңді көтеретін Олжасың бар. Ақылбек аға мен Дастан да сіздің сөзге тақ тұрады. Мен шетелге кетіп бара жатқан жоқпын ғой. Жиі-жиі келіп тұрамын,- деп құшақтап сүйді. Сонда байқады, анасының маңдайы мен көзінің айналасын әжім торлапты. Орамалының астынан самайы ақ күмістей жылтырайды.

 – Апа, енді жинап жүрген «байлығымды» санап, жолға алатынымды бөліп, қалғанын банкке салып кетейін,- деді де төргі бөлмедегі көк сандыққа келді. «Ақ сандығым ашылсын, ішінен ақша шашылсын!» деп әзілдеді.

Апасы жанқалтасынан кілтін алып, сандықты ашып берді. Әкесінен қалған жейдесін «маңдай теріңді осыған орап жина, әруағы қолдасын» деп берген еді, сол түйіншекті алып екеуінің ортасына қойды. Бұл Жомарттың Роза тәтесіне барған күннен бері жинаған табысы болатын. Бір рет қана үйге теледидар сатып алды, содан бері жіпшырғасын шығармай әкесінің жейдесіне тығатын. Байлауын шешіп қалып еді, бұрқыраған көп ақша ақтарылып түсті. Әл-Фараби, Абай, Сүйінбай, Шоқан, Құрманғазы Әбілхайыр хан бабалары бейнеленген төл теңгелер, үйіліп қалды. Екі жақтап санау басталды. Дүниенің рахаты – еңбекпен жинаған, маңдай термен келген қаржыны қолмен ұстау ғой. Әрі ақшаның иісі қандай! Тер мен адам иісі аңқиды! Аналы-балалы екеуінің де дыбысы шықпай, алдындағы тәтті еңбектің тер иісі бар  түрлі-түсті қағаздарды сытырлатып санап жатыр. Санына қарай бөлек-бөлек реттеп қойды алдымен. Содан соң Жомарт қай саннан қаншау екенін жаза бастады. «Құлыным-ау, біраз ақша жинап тастапсың ғой!»,- деп апасы риза. Бас-аяғын түгел санап шықанда – тоғыз жүз мың теңге болды!

 – Осы жасымда мұндай көп ақша көрмеппін,- деді апасы шынын айтып.

Қайтсін-ай! Олардың заманында еңбекақыны – еңбеккүн деп жазып, жыл соңында бидаймен, не малмен есептеп беретін. Тәуелсіздік алғалы бері ғана ғой қолдарына осындай қағаз ақша тигені. Оның өзі айына жетпіс сомнан аспайды.

 – Апа, екі жүз мың теңгені жолға аламын. Қалғанын ертең поштаға апарып екеуміз банкке салып қоямыз. Оқуға түссем, керек болар. Түспесем қайтып келіп тірлігімді жасаймын,- деді ересек адам құсап.

Жомарт жолға Нұрмұқа досымен шықты. Апасы мен Олжас автобус аялдамасына шығарып салды. «Пазик» деп аталатын автобус жердің шаңын қуырып, дөңгелегі шиқылдай келіп тоқтады. Аялдамада топырлап тұрған жұрт жапа-тармағай ұмтылды. Бәрі мініп болғанша апасының жанында тұрды. Нұрмұқа да артқы есіктен көтеріліп бара жатқан соң Жомарт:

 – Апа, аман болыңыз,- деді де, бетінен сүйіп, інісіне:

 – Олжас, апаңа қара,- деп тапсырды. Қолтығынан көтеріп алып, тәмпіш танауынан шөп еткізіп, жерге түсірді. Апасы:

 «Жалғыздың жары Құдай! Аллаға тапсырдым! Қайып ерен, қырық шілтен шылауыңда жүрсін,- деп күбірледі. Ұлы оны анық естіді. Анасының әрдайым айтатын жүрегіне жатталып, аузынан түспейтін дұғасы.

 Жүгіріп есіктен көтерілді де, Нұрмұқаның жанына сөмкесін лақтыра салып, бұрылып  ұзынды-қысқалы болып, көзімен өзін тесіп, көңілі бұзылып тұрған апасы мен Олжасқа қол бұлғады. Анасының аузы жыбырлап тұр. «Аллаға тапсырдым…»

Түнде апасы түс көрген. Елге аты шыққан молда еді, әкесі Кәкеней  жарықтық.

…Бұлар таудың басында үлкен ақшаңқан он екі қанаттық үйде тұрады екен дейді. Әкесі ақ боз атқа мініп келіпті. Жібек есік алдында ұлымен тұр екен. Атынан түспей Жомартқа жақындап келіп қолындағы қамшысын ұсынады. Сөйлемейді. Бала қолын созып алады да қамшыны көкке көтеріп қуанады. Әкесі содан кейін ақ боз атынан түсіп, шылбырын жиеніне беріп: «Мұны саған әкелдім. Барар жерің ұзақ!» дейді де, өзі келген жолымен жаяу төмендеп кете береді». Таң алдындағы аян түс еді. Апасы «Ұлымның ғұмыры ұзақ болады екен. Өмірі аттан түспейтін мықты азамат болады! Осы кеткеннен жолы ашылады» деп жорып қояды. Бірақ баласына тіс жармайды.

Жомарт Алматыға Нұрмұқамен келді. Оның аға-жеңгесі құрылыста жұмыс істейтін. Таңертең ауылдан шыққан балалар ауданға түсте келген, одан қалаға қарай тағы автобусқа отырған, сол жүргеннен қас қарая діттеген жерлеріне жеткен. Апасы айтпақшы, «тамыры жоқ, танысы жоқ» Жомарт түнделетіп қайда барсын, досынан қалар емес. Нұрмұқа екеуі «Саяхаттан» 98-ші деген автобусқа отырып «Орбита» шағынауданына тартып берді. Автостанцияның атын, шағын ауданның аталымын, автобустың нөмірін  Жомарт қайдан білсін, Нұқа досы – Нұрмұқаны ауылда осылай атайтын,  тақылдап бәрін түсіндіріп келеді.

Нұқаның Захария ағасы мен жеңгесі ақкөңіл жандар көрінді. Түнделетіп өзі ғана келмей, қасына жолдасын ертіп келгенге қиналмады да, қайта дастарқанын жайып, төсегін салып күтті.  Түннің біруағына дейін екеуінің мақсаттарын сұрап, жөн айтты. Нұрмұқаның педогогикалық университетті бетке алып жүргенінен хабардар екен. Жомарт:

 – Мен Тұрар Рысқұлов атындағы Экономика университетіне тапсырсам ба деймін,- деді жүрегінде әлдилеп келген арманының шетін шығарып.

 – О керемет! Ол бұрынғы  Халықшаруашылығы институты ғой. Қайсы факультетіне? – деп Захария ағасы риза болды.

 – Қаржы және несиеге.

 – Математикаң жақсы шығар?

 – Болады,- деп ұялыңқырап қалды.

 – Онда бізге жақын. Ертең құжатыңды апарып тапсыр,- деді.

 – Аға, жатақхана бере ме? – деді жол бойы уайымдап келген мәселесін алдымен сұрап.

 – Әрине береді. Бермей қалса, оқуға түскенше біздікінде жата бер, Нұқамен бірге,- деп қояды жайсаң қазақ.

«Кісінің үйінде шалжиып жата бермейін» деп ерте тұрып балконға шығып, төменде ары-бері жүріп жатқан адамдарды бақылап біраз тұрды. Балконның есігін ашып Захария ағасы:

 – Жомарт сені университетіңе өзім апарып жол көрсетем,- деді.

Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы университеттің қабылдау комиссиясына Захария аға ертіп келіп, құжаттарын тапсырттырды. Құжат қабылдап жатқан қыздармен сөйлесіп: «егер әкесінің қайтыс болғаны жайында анықтама өткізсе, ауылдың жеңілдігі бар конкурстан өтуде көмек болар еді» деген мәліметті біліп берді.  Жатақхана мәселесі де шешіле кетті. Әрі түбінде екен. Орналасып қойды да, әкесінің жоқтығы туралы анықтама алып келуге ауылға тартты.

– Апа, – деп екі кештің арасында кіріп келгенде, шешесі шошып кетті.

 – Бісіміллә, баруыңнан қайтуың тез болды ғой, оқуға алмай қойды ма? – деді етегіне сүріне-қабына орнынан тұрып жатып.

 – Қалдарыңыз жақсы ма, апа?- деп амандасты баласы. Олжас жүгіріп келіп құшақтай алды, сағынып қалса керек.

 – Бәрі дұрыс. «Бір анықтама алып кел» деп жіберді ,- деп жай айта салды көп сөйлей бермейтін Жомарт.

 – Әу бастан неге құжаттарыңды түгендеп шықпадың, ары-бері жүргенше, «ақымақ бас екі аяққа дамыл бермес» деуші еді,- деп кейіді анасы.

Ертесі ауылсәбетке барып құжатын алды. Ол жерде анықтама беретін баяғы өзі «ғашық» болатын Айшархан тәтейінің күйеуі Бекет екен. Сондай ақкөңіл, бала сияқты аңқылдап жүріп, анықтамасын жасап қолына ұстатып:

 – Жолың болсын, Жомарт! Сені тәтейің үнемі мақтап жүреді, алғыр, талапты бала деп. Оқуға түсіп кет! – деп есік алдына дейін шығарып салды. Қоштасып былай шыққан соң осындай жақсы адамды бір кезде «Бекежан» деп жек көргені есіне түсіп ұялып кетті.

 – Ол не құжат? – деді апасы кешінде.

 – Әкемнің қайтыс болғаны туралы анықтама…

– Баяғыда өлген әкеңді қайтпек анықтап?

 – Оқуға түскенде жеңілдік жасайтын көрінеді.

 – Е, айналайын, өкімет-ай! Жасынан жетім өсті деп қарайласады екен ғой! – деп анасы риза болып қалды.

Мойнына бұршақ салып жалғызының амандығы мен талабының шағылмауын, жолының болуын тілеп ертесі таңғы автобусқа шығарып салды. «Жалғыздың жары Құдай! Аллаға тапсырдым! Ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңда жүрсін!» – деп күбірледі ұлы отырып кеткен автобус соңынан ұзақ қарап тұрып.

Апасы анау-мынау емес, тура Аллаға тапсырып жіберген соң, жолы болды! Апасы айтпақшы, жетім деп қарайласты ма, ауылдан білім іздеп келіпті деп есіркеді ме, төрт емтиханның үшеуін төртке, біреуін үшке тапсырса да Экономика университетіне ілінді де кетті. Бала боп бос жүру, ерігу дегенді білмегені былай тұрсын, бала болып ақтарыла күліп, қатты қуанған емес еді бұл Жомарт. Жаратылысынан салмақты, не нәрсеге де сабырмен қарайтын. Топырлаған ата-ана мен талапкерлердің ортасынан қысылып жетіп, мойнын үзілгенше созып өзін Жомарт Жолдыбайұлы деп тізімнің ортасында тұрғанын көргенде, онша сеніңкіремеді. Кейін шегінді де, кісі аяғы саябырсығанша күтті. Бәрі кетті-ау дегенде қайта жақындап барып, қолына қаламсабын алып жуан ортада қасқайып тұрған аты-жөнінің  астын сызып тұрып оқып шықты. Бас жағында «Қаржы және несие факультеті» деп үлкен әріптермен жазылыпты. Сонда ғана көңілі алып-ұшып, ішінде ерекше бір шаттық сезім пайда болды. Үлкен тақтаның алдында, маңайында бірен-саран адамдар қараңдайды. Біреулері қуаныштан айқайлап, қыздар жағы бірін-бірі құшақтап сүйіп те жатыр. Жан-жағына қарап еді, өмірінде бір көрген қуанышын бөлісетін тірі жан болмады. Қайткенде де, осы қуанышын біреуге айтуы керек сияқты. Апасына барып айтады ғой. Байғұс апасы қалай қуанар екен! Бір тоқтысын алып ұрып, өткенде банкке салып кеткен ақшасының біразын жаратып, той жасайтын шығар. «Әкең екеуміз оқымадық, сен оқы. Сен пәпкі көтер, ел биле!» деп қоймайтын. Ана арманының орындалуының басы осы шығар. Сол қуанған қалпы Алтынсарин көшесінің бойымен Захария ағасының үйіне тартты. Ең болмаса, Нұқама айтып бөлісейінші деп, қуанышы қойнына сыймай келеді.

    ДӘУЛЕТКЕ ЖОЛ

Күзде сабақ басталды.

Ауылдан келген балаға орыс тілінде жазылып, қазақшаға аударылған кітаптарды түсіну оңай емес еді. «Қазақ бөлімі» деп аталғандарымен, курстастары да, ұстаздары да көбінесе орысша тілдеседі. Қазақ тобының елден келген балалары өздерімен-өздері. Бәрі жатақханада тұрады. Бір-бірімен төсек-орын, ыдыс-аяқ, кітап-қағаз дегендері араласып, сапырылысып жатады. Бір-екі ай оқығаннан кейін ортаға үйреніскендері жиын-той, ойын-сауық дегенге бет бұра бастады.

Жомартпен бірге тұратын екі жігіт – Жасан мен Серік облыс орталықтарында мектеп бітірген, орысша-қазақшаға бірдей, кіммен де болса тіл табыса кететін азаматтар болып шықты. Бастапқыда өздерімен ертіп жүргілері келіп еді, ауылдың баласы ырық бермеді. Жомарттың ауыр мінезін түсініп, баратын жақтарына сүйремейтін болды. Қайта бөлмелестеріне орыс тілін үйретіп, кітаптарымен бөлісе жүрді.

Жомарт бірден «Жоғары математика», «Макроэкономика», «Эконометрика», «Экономикалық теория», «Қаржы сабағы» деген пәндерге ерекше ынтамен кірісті. Тіл сындыруға қиын сабақтардың лекциясын түсінгенінше жазып алып, қайта көшіріп, кітаптарын іздеп, кітапханаға жиі барды.

Таудай талабы бар, әр лекциясын ынтасымен тыңдайтын шәкіртті профессор Боранбай Жүсіпбеков бірден ұнатты. «Қаржы сабағы» пәнінен беретін соғыс ардагері, алдынан бүгінгі ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар дәріс алған тағылымды ұстаз Жомартқа бір күні сабақ үстінде:

– Жомарт Жолдыбайұлы, сенің фамилияң неге жоқ? Бауыржан батыр сияқты «Жолдыбайұлы» деп жазыпты,- деді.

Аудиториядағы студенттер ду күлді.

Жомарт ұялғаннан қызарып кетіп, орнынан тұрып:

 – Әкем солай жаздырған екен,- деп жауап берді.

 – Сен туғанда әлі Кеңес үкіметі тарамаған еді, әкең тегін адам емес қой, қайда істейді? – деп профессор жанарын сығырайта баланың жүзіне зер сала қарады да, ақ бурыл шашын оң қолымен бір сипап өтті.

 – Әкем жоқ, отыз жасында өліп қалған,- деді студент даусы шаңқ етіп, ұстаздың тергей бергенін жақтырмай.

Профессор өзінің балаға қадалғанына ыңғайсызданды ма:

 – Кешір, айналайын! Ол кезде «ұлы» деген жалғау тек Бауыржан Момышұлында ғана болатын. Ол өте ұлтжанды, намысқой азамат еді. Соғыста жүргенде «Қазақта фамилия болмайды!» деп, фамилиясын сұрап, тергей бастаған генералға қасқая жауап берген екен. Содан ғой сенің «Жолдыбайұлы» дегеніңе таңырқап қалғаным. Қайран әкең отыз жасында арманда кеткен екен. Сен сол батырдың тілегіне сай батыр бол! – деді де, орнынан тұрып, жанына келіп қолын созды.

Бағанағы ду күлген балалар енді тынышталып профессор мен курстастарына мойын бұрды.  Жомарт үстелдің шетіне шығып:

 – Мақұл, Боранбай Жүсіпбекович! – деп, оқытушыға ілтипат білдірді.

Содан бастап бірге оқитындар оны «Батыр» деп атап кетті. Ұстазының айтқаны да, курстастарының қойған аты да Жомартқа бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктеп, оқуына ынтасын арттырды.

Бірде баспалдықпен түсіп келе жатыр еді, Боранбай Жүсіпбекұлы алдынан шықты.

 – Ой, батыр, қалайсың? – деді жымия жақын тартып.

 – Ассалаумағалайкүм,- деді Жомарт ауылдағыдай екі қолын соза.

 – Міне, қазақ! Қалада дәл осылай амандасатын адам көрмегелі қашан, уағалайкүмассалам! – деп, профессор ризашылығын білдіріп, қолын алды.

 – Бері келші,- деп терезе жаққа қарай ыңғайлады, майданда жаралы болған оң аяғын сылти басып.

 – Мәшине айдай білесің бе? – деді оңаша шыққан соң.

 – Жоқ, ағай,- деді Жомарт соны білмейтініне қатты ыңғайсызданып.

 – Қап-ай, ә! – деп үлкен кісі қиналып тұрып қалды.

 – Сізге бір көмек керек пе? – деді Жомарт, өзінің адамды айтқызбай түсінетін мінезімен.

 – Иә, керек болып тұр. Жеңіс мерекесі қарсаңына соғыс ардагерлеріне кең пәтер беріп жатыр еді, сонда көшуім керек. Баламның мәшинесі тұр, жүргізетін адам жоқ. Ол өзі шет елде қызметте,- деді ақтарыла. Жомарт өзінің кез-келген істің шешімін бір демде ойластыра қоятын әдетімен:

 – Ағай, уайымдамаңыз, мен көшірісем. Көлік жүргізетін адам да табамыз,- деді.

 – Онда жақсы болды! Қашан бастаймыз? – деп профессор қуанып қалды.

 – Ертең сізге айтамын, – деді Жомарт.

Сол күні оған «мәшине айдауды үйрететін курсқа оқуым керек»,- деген ой түсті. Ауылда үйрететін әкесі жоқ, мәшине де болмады ол жармасып үйрене қалатындай, содан ба, көлік айдауды үйреніп алу деген нәрсе ойына да келмепті. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген, әлі де кеш емес. Розыбақиев көшесінің бойындағы «ДОСАФ мектебі» дегенге барып, кешкі уақытта оқытатын ақылы курсқа жазылды. Енді сабақтан соң сол жаққа қарай жүгіретін болады.

Нұрмұқаның  Захария ағасы профессордың мәшинесімен бір күн жүріп беруге келісті. Жомарт жанына Нұрмұқа мен Жасанды ертіп, үлкен кісінің үйін көшіруге келді. Қосымша тағы бір жүк көлігіне келісті.  Боранбай Жүсіпбекұлы  кемпірі екеуі ғана тұрады екен. Ұлы шет жақта қызметте, қызы басқа облыста күйеуде. Әлі жүгін буып-түймепті де. Төрт жігіт кіріссе қойсын ба, қараңғы түсіп, көз байланғанша екі қарияны жаңа үйіне көшіріп, жиһаздарын орын-орнына жайғастырып берді. Профессор балаларға батасын беріп, қолтаңбасымен пышақтың қырындай кітабын да сыйлады.

Содан бастап Боранбай ағаймен жақын туыстай болып кетті. Көмек керекте үйіне барып қолғабыс жасайды. Ол кісімен реті келгенде әңгімелескеннің өзі қандай! Соғыста көргендері мен өмірде жиған-тергендерін майын тамыза әңгімелеп береді. Профессормен достығын  өзі «Бастау» деп атады. Бұл бір жақсы істің бастауы, жақсы өмірдің бастауы деп қабылдады. Өзінің бай болу арманы – осы кісінің сабақтары мен ақыл-кеңесінен басталатындай.

Ең кереметі, Жомартқа жетпейтін теориялық білімді «Қаржы сабағынан» беретін «данышпанның» өзінен тікелей алып, санасына сіңіре берді. Әсіресе, қаржы жинау мен бизнес жайлы айтқанда жаңа ой, жаңа жігер береді. Жомарт ұстазына өзінің бизнеспен айналысқысы келетінін, бай болуды, миллионер болуды армандайтынын жасырмады.  Шәкіртінің арманын алғаш естігенде ұстазы жылы ғана жымиып:

 – Әй, балалар-ай! Бәріңнің де көп ақшаға ие болып, рахат өмір сүргілерің келеді-ә,- деп бір қойды.

 – Жоқ, ағай. Мен сол көп ақшаны еңбек жасап тапқым келеді,- деді де өзінің ауылда Роза тәтемен бірге жасаған «бизнесі» жайлы тәптіштеп айтып берді. Содан жинаған ақшасының көлемін де жасырмады.

 – «Теңге тиыннан, тиын – қиыннан құралады» дегенді ерте ұғып, бала болып бос сандалып жүрмей, сонша қаржы жинағаның әрі үлкен еңбек, әрі жігерлі екендігіңнен. Өзіңе талап қоя білгенің аман болсаң алдыңа қойған мақсатыңа жететін табандылығыңды көрсетеді,- деп ұстазы бұның талабына ризашылық білдірді.

 – Сананы тұрмыс билеген мына заманда қай-қайсымыз болсақ та ақша мәселесіне бейжай қарай алмаймыз. Отыра қалсақ, айтатынымыз – қарыз бен несие тақырыбы. Жата қалсақ ойлайтынымыз: «қалай ақша тапсам екен?». Ал ақша тиыннан құралады! Ақша деген жақсы! Ақша тауарлар мен қызмет көрсету өлшемі. Кез-келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болашағын айқындауға септігін тигізетін айналым құралы. Авербах деген данышпан: «Көп ақша табу – батырлық, оны сақтау – ақылдылық, ал үнемдеп жарата білу – өнер» деп сен сияқты байығысы келгендерге айтып кеткен екен. «Тиыннан теңге құралады» демекші, ақшаны тапқан, оны дұрыс пайдаланған жақсы, оның қызығына түсіп кетпей жан-жағыңдағы жоқ-жақыбайды ойлаған да дұрыс. Ақшаға арыңды сатпа, ақшаны көріп жолдан тайып кетпе, әкең айтқандай жомарт бай болған жақсы! – деп санасына бір сәуле құяды.

Боранбай Жүсіпбекұлы шәкірттеріне: «елге қызмет етем десеңдер, қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері  Ахмет Байтұрсыновтың: «басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», – дегенін ұмытпаңдар,- дейтін. «Әлихан Бөкейханов сияқты «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»,- деп бастаңдар әр істі. «Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» деген ұстанымын еске сақтап, «қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс»деген аманатын сендер орындайсыңдар. Елдің ертеңі, елтұтқасы мына сендерсіңдер!» деп, дәрісінде зор дауысымен аудиторияны жаңғыртып, көкейлеріне құйып, болашақтарына ұшатын қанат байлайтын.

 БИЗНЕС – CONSTANT

Екінші курстың сабағы басталған.

Бөлмедегі кезекшілігі келіп қалған соң жақын маңдағы дүкеннен нан, сүт алуға жүгіріп шықты. Жолдың арғы жағындағы дүкенге барайын деп, бағдаршамнан өткен кезде, бұрылыстағы үйдің қабырғасына ілінген хабарландыруға көзі түсті. Бұрын ондайға назар аудармайтын. Өмірде бір жолы ашылып, тіршілігіне өзгеріс енгелі тұрды ма?! «Жеміс-жидек, ұсақ-түйек сататын шағын-маркет сатылады» деп, астына бірнеше жерінен қиып байланыс телефонын көрсетіпті.  Желбіреп тұрған телефон нөмірі жазылған тілдей қағазды жұлып алды. Қалтасына сүңгіте салып, дүкенге кіріп кетті. Керек-жарағын алып, қайтадан жатақханаға қарай жүгірді. Бөлмеге келіп, Жасын мен Серік оралғанша тездетіп қуырдақ жасап, дастархан жайды. Бағанағы алған телефон нөмірін мүлдем ұмытып кетті.

Ертесі сабақтан шыққанда қолын қалтасына салып бірдеңе іздеп еді, бір тілім қағаз ілесті. Есіне түсті: «Жеміс-жидек, ұсақ-түйек сататын шағын-маркет сатылады» деген хабарландыру еді. «Жиған-тергенім жетсе, осы шағын-маркетті сатып алып, өз бизнесімді бастасам қайтер екен? Сатушылыққа біреуді жалдасам, сабақтан босағанда өзім келіп тексеріп, керек тауарын демалыс күндері толтырып берсем…» деген қиял жатса-тұрса маза бермей қойды. Сабақ үстінде де, кітапханада да, бөлмеге келгенде де сол ойда жүрді. «Жасынға айтып көрсем қайтеді?» деп қанша оқталса да, батылы бармады. Айнытардай ой айтып қойса, күллі мақсаты, бала кезден «бай болам» деген арманы көкке ұшатындай қорықты. Есіне Боранбай Жүсіпбекұлының дәрісі түсе берді:

 «Бизнес – пайда табуға бағытталған әрекет, экономикалық қызметтің бір түрі. Әрбір кәсіпкер жеке кәсібін ашу үшін алдымен бизнес-жоспар жасайды. Ал, кәсіпкерлікке енді бет бұрғандар бизнес-жоспар деген жеке кәсіпкерге арналаған, несие алуға арналған, инвестор тартуға арналған болып басталып, жергілікті және шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорынға арналған, жаңа қызметкерлерді тартуға арналған және басқа компаниямен бірігуге арналған бизнес жоспар болып қызметіне қарай ұлғаяды» деп еді-ау ұстазы. Жомарт профессордың айтқандарын есіне түсіріп, дәптерлерін ақтарып, дәріс үстінде жазған конспектілерін қайта ашты. «Істі алғаш бастайтын кәсіпкерге, ең алдымен, немен айналысатынын шешіп алу қажет, яғни ол бизнес-идея табуы тиіс. Бұл күрделі және жауапты саты. Бизнестің қалай құрылатыны осыған байланысты. Бұл жерде кәсіпкер өз білімі мен дағдыларын, жұмыс тәжірибесін, хобби мен қызығушылықтарын ескеруі керек» деп жазып қойыпты бір жерінде. Одан әрі: «Кәсіпкер жаңа бизнестің мүмкіндіктерін, өзінің мүмкіндіктерін және идеяны жүзеге асыруға керек өзге ресурстарды бағалауы тиіс» депті. Оқып-тоқығандарын ойша қорыта келе: 

 «Иә, бұл мини-маркет – менің үлкен мақсаттарымның жүзеге асуының алғашқы мүмкіндігі. Не де болса, бизнесті саудадан бастайын» деген шешімге келді де, бабалары айтқандай, шешінген судан тайынбас деп, бір байламға тоқтады. Сөйтті де, қалта телефонын ала салып, көрсетілген нөмірді тере бастады. Арғы жақтан бір ер адам «Әлөу!» деп жауап қатқанда, Жомарт амандасты да:

 – Хабарландыру бойынша хабарласып тұр едім, дүкен сатасыз ба? – деді.

 – Иә.

 – Қай жерде екен?

– Жандосов пен Алтынсариннің бойында. Бұрынғы «НарХоздың» жанында.

 – Бағасы қанша? – деді салғаннан, басқа нені сұрасын. Ауылда жинап жүрген азғантай қаржысы жете ме, соны білгісі келіп тұр.

 – Мен тәпішке сатып тұрған жоқпын ғой, дүкен сатайын деп отырмын.  Алдымен кел, көр, алатын болсаң, бағасын содан кейін сөйлесеміз ғой,- деді дүкен қожайыны. Жомарт тез жиналып, айтылған адреске тартты. Көңілі алып-ұшып жетті де, сыр білдірмеуге тырысып, сатылатын дүкенді көрді. Іші әжептәуір кең екен. Күнделікті тұрмысқа керек деген ұсақ-түйек, сусын-тәтті, нан-сүт, темекі, бір бұрышында жеміс-жидек самсап тұр. Бір бұрышында салқын сусын толтырылған қос тоңазытқыш иық тіреседі.  Жомарт іші-сыртын айналып қарап жүргенде, қожайын мұны сөзге тартып:  

 – Қалай бауырым, ұнады ма? – деген.

– Жақсы екен, аға, енді тұратын бағасын айтсаңыз,- деді Жомарт сауда тілімен.

 – Лимон жарым,- деді қожайын да саудагер тілінде жауап қатып. Жомарт оның «бір миллион бес жүз мың теңге» деп тұрғанын бірден түсінді де, аз ойланып:

 – Аздап жиғаным бар еді, жетіңкіремейді, – деді.

 – Өзің бұрын саудамен айналысып па едің?  

 – Бұрын ауылда біраз айналысқам, қазір студентпін, – деп шынын айтты.

 – Атың кім?

 – Жомарт.

 – Менің атым – Қайырбай. Өзің әлі студент болсаң да, бұлай талпыныс жасап жүргенің ұнап тұр, болашағың бар жігіт екенсің. Сонда қанша ақшаң бар? – деп сұрады дүкен қожайыны. Атын айтып, танысып, мұны жақын тартқысы келіп тұрғаны байқалды.

 – Бір миллионым бар ауылда.

 – Жақсы. Екі жүзін түсірейін, жетпегенін туыстарыңнан ала кел ауылдан,- деп, аз-мұз кеңесін де берді.

 – Туысым жоқ, аға. Жетім жігітпен, жалғыз шешем бар ауылда.

 – Миллионды қалай жинадың? – деп таңырқады.

 – Алдында ауылда дүкенде істедім. Оқуға түскен соң бос уақытымда базарда, вокзал маңында біраз қара жұмыстар істеп жинастырдым.

 – Өзің қайда оқисың? – деп Қайырбай басын шайқап, қызығып қалды.

 – Мында,- деп, жолдың арғы шетінде менмұндалап тұрған университет ғимараты жаққа қолын сілтей салды.

 – НарХозда ма?

 – Иә…

 – Онда нағыз бизнесмен боласың ғой. Мынау саған шынында бизнестің бастауы болғалы тұр,- деп риза болды.

Жомарт үндемей, «екі жүз түсірсе, ар жағындағы үш жүзін қайдан тапсам екен? Роза тәтемнен сұрасам ба?»,- деп жылдамдата қарыз іздеп тұрған ішінен. Әлден уақты Қайырбай қожайын:

 – Жомарт, сен талабы таудай бала екенсің. Кейін байып кетсең, бұлақтың көзін ашқан ағаңды ұмытпассың. Үш жүзін кейін бөліп-бөліп төлей аласың ба? – деп кеңшілік жасай қойды.

 – Аға, рақмет! Қалай қолыма ақша түседі, солай қайтарамын,- деп Жомарт қатты қуанып, қолын ұсынды. Екі азамат келісті.

Жаңа ой, жаңа талап жігер беріп Жомарт ауылға тартты. Апасы мен Роза тәтесінің басын қосып жағдайды айтты. Кішкентайынан жанына ертіп, сауданың әліппесін үйреткен Роза тәтесі шәкіртінің талабына қатты қуанып, сүйіншіге жүз мың теңге берді. Екі жүз мыңды қашан жағдайың келсе, сонда қайтарарсың деп тағы қосты. «Сауда – сақал сипағанша»,- дегендей Қайырбайдың дүкені солай студентке сатылып кетті.

Сонымен, Жомарт Жолдыбайұлының еңбегі жанып, маңдай тері береке беріп, Алматының ортасында жекеменшік сауда орны пайда болып, бизнеске жолы ашылды.

Сабақтан бос уақытында профессор Боранбай Жүсіпбекұлына барып, өзінің кішкентай бизнесін бастағанын айтты. Университеттен алатын дәрісі бір бөлек те, өзінен алатын тәлімі бір төбе болатын ардақты ұстазы Жомартқа  американдық кәсіпкер, инвестор  Роберт Тору Кийосакидің  «Ауқатты әке, кедей әке» деген бестселлер кітабын сүйіншіге сыйлады.

 – Миллиардерлер тарихына №1 болып енген Джон Рокфеллер күнделікті шай-пұлға бөлінген ақшаның басын қосып, оған кәмпит сатып алып, оны бөліп, өзінің бауырларына екі есе бағасына сатып, үстіндегі табысын қажетіне жаратады екен. Жеті жасында күркетауық өсіріп, шағын кәсібін ашқан. 12 жасқа келгенде 50 долларды көршісіне жылына 7 пайыздық өсіммен қарызға беруді әдетке айналдырған.  Бизнесі солай басталған. “Ауқатты әке, кедей әке ” бестселлерін жазған Роберт Кийосаки «баланың болашағы жақсы тәрбие мен білімде емес, ақшаны бала жастан қалай жарата білгендігінде» дейді. Себебі, қоғамның деңгейі немесе ата-анасының байлығы жайлы баланың түсінігі күнделікті шай-пұлға деп берген ақшаның мөлшеріне қарап қалыптасады екен. Сен де солардың жолымен келе жатыр екенсің,- деп жылы жымиды профессор.

 – Енді бар күш-қайратыңды саудаға ғана емес, өзіңді дамыту бағытына да қатар жұмса. Бизнес те адам өмірі сияқты. Өмірге келеді. Қаз-қаз басады, тәй-тәй жүреді, алға талпынады. Өседі. Жығылады, сүрінеді. Соның бәрінде сен де жандүниеңмен бизнесіңмен бірге өмір сүресің, ісің сәтті болсын!- деп батасын беріп сыртқа дейін шығарып салды. Қолын беріп қоштасып, аз ойланып алып:

– Математика, физика ғылымында constant деген термин бар. «Тұрақты, еш өзгермейтін» деген түсінік береді.  Бұдан былайғы мақсатың – бизнесің – констант болсын. Сенің үлкен бизнес жасап, елге пайдаң тиетініне, жомарт жүректі бай азамат болатыныңа сенем,- деді.

Жомарт үлкен кісінің батасын алып, Алматының үстінде қанат байлап ұшып жүргендей болып қайтты.

Қысқы сессияда  емтихан алып отырғанда Боранбай Жүсіпбекұлы Жомарттың жауабына риза болып, жанында бірге қабылдап отырған докторантына:

– Иосиф  Карпович, мына Жолдыбайұлы бар ғой, аман болса бір жерден шығады,- деді есікті жауып шығып бара жатқан студентінің соңынан ризашылықпен. Докторант көзілдірігінің астынан өз ұстазына таңырқай қарап:

– Бір жерден шығады дегеніңізді қалай түсінуге болады, Боранбай Жусупбекович?,- деді.  Профессор ақшулан шашын әдетімен маңдайынан кері қарай бір сипап қойып:

– Әзірге ауылдан келген бала ғой. Болашақтың тілімен айтқанда түбінде Премьер-министр болады!,- деді көзі күлімдеп.

Ұстазының берген Роберт Тору Кийосакидің  «Ауқатты әке, кедей әке» деген деген кітабын Жомарт жата-жастана оқып, әр сөзіне мән беріп жаттап алды деуге болар. «Бір рет те құламай, сәби жүруді үйренбейді, себебі біз жүруді құлай-құлай үйренеміз. Бизнестің жолы да солай. Неліктен қоғамның көп бөлігі ауқатты адамдардан тұрмайды, себебі олар жеңілуден қорқады. Ал жеңіс тұғырынан көрінгендер – жеңілістің дәмін де татқандар. Сәтсіздік ол жетістікке жетудің бір бөлігі. Сәтсіздікке жолағысы келмеген адамдар жетістікке де жете алмайды» дегенін көңіліне тоқып, әрдайым есіне алып жүрді.

– Бизнесіңді ұлғайта беру үшін білім жинайсың. Алдымен университетіңді аяқтайсың. Одан соң магистратураға түсесің, шет тілдерін үйренесің. Бизнес тренингтерге қатысасың. Білім үйренсең, Қазақстан ғана емес, оның арғы жағында тұтас әлем жатыр. Сендей ұлының қызығын көрмей кеткен әкең сенің алдыңда болады әрдайым. Бір қадам ілгері бассаң қуанады,- деп Боранбай ұстазы ұлы жолдың басында өзін шақырып тұрғандай.

ЭПИЛОГ

Жомарт ұстазы Боранбай Жүсіпбекұлының  сенімі мен әкесінің үмітін ақтап, он жылдың ішінде елдегі бай да жомарт азамат болып, өз тағдырының қожасына айналып қана қоймай, жоқ-жітікке көмектесетін, талапты жастарға қол ұшын беруді міндетім деп санаған нағыз атымтай жомартқа айналды.  

Бала кезіндегі арманын орындап – апасына ауылдағы ең үлкен де әдемі үйді сатып алып берді. Ақылбек жездесі де ауылға келген медбике қызға үйленіп алды. Дастан мен Кәмшатты өзі Астанадағы университетке оқытты. Олжас Ақтамда қарашаңырақ иесі болып үйленіп апасына келін түсіріп берді.

Алматы мен елордадағы «Жомарт»  азық-түлік дүкендер желісінің  құрылтайшысы  Жомарт Жолдыбайұлының жүріп өткен жолдары қазағымның әр баласына үлгі болсын, кеуделерінде жаны барда ұлқа қызмет етсін, мақсатына жетсін деген ұлы арманмен осы хикаятты жазып шықтым.

Сәуле ДОСЖАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp