Өңірдегі жергілікті маңызы бар автожолдардың 84 пайызы нормативтік көрсеткішке сай келеді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, біздің өңіріміз еліміздегі жолдардың ұзындығы бойынша облыстар арасында 2-ші орында тұр. Автожолдардың ұзындығы 8416 километр болса, оның 2 мың шақырымға жуығы республикалық маңызы бар жол саналады.
«Жолдарды жөндеу жұмысы күн тәртібінен түскен емес. Соңғы екі жылда 1,6 мың шақырымнан астам жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолы жөнделді. Былтыр жергілікті автожолдарды дамытуға және көше-жол желісіне 52,6 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде өткен жылы 793,6 километр жөнделді, оның 630 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар және 163,6 километрі көше-жол желісі», — дейді басқарма басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов.
Маманның айтуынша, 2026 жылға дейін жергілікті желі бойынша нормативтік талаптарға сай жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды және көше-жол желісін жөндеуге 34,6 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 600 шақырым автожолды және 100 шақырымнан астам көше-жол желісін жөндеу көзделуде.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».