«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТАЙДЫ ДА ТАСТАЙДЫ ОРТА ЖОЛДА ҚАЛҒАН «ОЗЫҚ» ЖОБАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан жаппай индустрияландыру бағытына бет бұрды. Ондағы мақсат – өнеркәсіпті жаңғырта отырып, инвестициялар тарту, инновацияларға барынша серпін беру, заманауи технологияларға негізделген өндіріс орындарын ашу, жаңа өнімдер мен тауарлар түрін көбейту, тұрақты жұмыс орындарын құру. Биік белестерді бағындыру мақсатымен индустрияландырудың бесжылдық бағдарламалары қабылданып, негізгі басымдықтардың кең ауқымы нақтыланды. Обалы нешік, бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, тың жобалар, жеңілдікті несиелер, лизингтік қолдаулар іске қосылды. Тұтастай алғанда, даму үрдісі жақсы жалғасқанымен, уақыт өте келе алға басқан аяқ кері кетіп, сиырқұйымшақтанып сала берді. Оның бірден-бір себебі, жан-жақты ойластырылған индустрияландыруға көңіл бөлудің орнына даңғазалық, жалған мәліметтер беру мен көзбояушылық көбейді. Соның салдарынан бірқатар жаңа тұрпатты өндіріс ошақтары аз күн ғана жұмыс істеп, тоқтап қалды. Кей лауазымды тұлғалар мемлекет бөлген қаражатты шүлен таратқандай талады. Мұндай даурықпа әрекет біздің өңірді де айналып өткен жоқ.

Ғұмыры қысқа кірпіш зауыты

Облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Сергей Тимофеевтің кірпіш зауытын салу мәселесін көтеріп келе жатқанына 20 жылдан асыпты. «Жасыратыны жоқ, өңірде кірпіш шығаратын зауыт біреу ғана. Оның өзі сұранысты толық өтей алмағандықтан, амалсыздан көрші өңірлерден, Ресейден сатып алуға, уақыт пен ақша шығындауға тура келеді. Осы себепті нысандарды мерзімінен кешіктіріп беру, кес­теден қалу жағдайлары аз кез­деспейді», – дейді тәжірибелі маман. Ол Затон стансасында орналасқан кірпіш зауыты жаб­дықтардың тозуы салдарынан толыққанды жұмыс істей алмай жабылып қалғанын қынжыла жеткізді. «Жансая» ЖШС да со­ның кебін киген.

Тұрғындарды «көгілдір» отынмен қамтамасыз ететін «Алаугаз» ЖШС 2013 жылы кірпіш зауытын салып, алғашқы өнімдерін ішкі нарыққа жө­нелтті. Алайда жылдық жобалық қуаты 3,5-4 млн. дана кірпіш өндіруге лайықталған кәсіпо­рынның ғұмыры қысқа болды. Өйткені екінші дәрежелі банк ар­қылы ресімделген несиені қайта­руға дәрменсіз болып, керамика­лық кірпіш өндіру жөніндегі үміт үзіліп тынды. 2022 жылы Ре­сейдің Түмен облысымен бірік­кен кірпіш зауытын салу жөнінде уағдаластық жасалғанымен, кәсіпкерлер палатасының дәр­менсіздігінен жап-жақсы баста­ма аяқсыз қалды. Жалпы істің көзін таппағаннан кейін кез кел­ген жақсы жоба қағаз жүзінде ғана қалып қоятыны анық.

Аты бар, заты жоқ

Шал ақын ауданында пайда­лануға беріледі деген қант зауы­ты да «Трансагроинвест» компа­ниясы қомақты қаржы құйға­нына қарамастан, аты бар да заты жоқ «озық» жоба күйінде қалып қойды. Бәрінен бұрын жарнамасының жер жарғанын айтсаңшы! Жылына 8 мың тон­наға дейін қант өндіріп, қызыл­жарлықтарды қарық қылмақ болған кәсіпорын үшін жер телімдері бөлініп, тиісті құжат­тар ресімделіп, тіпті қызылша дақылын өсіруге 400 гектар ал­қап бөлініп қойылса да, әлдекім­дер «көзіне су құйып» жібергенге ұқсайды.

Құрдымға батқан «Батыр»

Жергілікті ауыл шаруашы­лығы техникаларын шығаруға маманданған кәсіпорын мен Петербор машина жасау зауы­тының бірлескен жобасы шең­берінде «К-704» тракторы «Ба­тыр» деген атпен құрастырылып, индустрияландыру картасынан ойып тұрып орын алды. Жал­пыұлттық телекөпірде жұртшы­лыққа таныстырылды. Жылына 120 техника шығаруға лайықтал­ғаны, бөлшектердің үштен бірі осы жерде жасалып, 50 жаңа жұ­мыс орны құрылатыны, инвес­тиция мөлшері 1,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылатыны айдай әлемге паш етілді. Кейін белгілі болғандай, ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялауға са­лалық министрлік келісім бер­мегендіктен «Батыр» құрдымға батқан.

Фин технологиясы негізінде өндіріске жолдама алған «SAMPO ASIA» комбайнын «Казтехмаш» машина құрасты­ру зауыты сериялап шығаруды қолға алғанымен, қаржылық және экономикалық қиындық­тарды еңсере алмаған күйі на­рықтан кетулеріне тура келді.

Желдей есіп, желпініп…

«Алекри» және «БиоТЕС» серіктестіктері журналистермен өткізген брифингте биогаз жо­басын «2016 жылдың аяғына дейін іске қосамыз» деп желдей есіп, желпінгені есімізде. Бағ­дарлама жетекшілері 1,1 млрд. теңге қарастырылған жобаға жер телімдері бөлінгенін, құры­лыс алаңында монтаждау жұ­мыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар әкелінгенін, толық технологиялық циклді қамти­тын модуль түріндегі биогаз қон­дырғысын ресейліктер әзірле­генін, күніне 9500 текше метр биогаз алуға бағдарланғанын, 40 тоннаға дейін шикізатты қайта өңдей алатынын мақтанышпен мәлімдеген.

Жұртшылық құс шаруа­шылығы қалдықтарын қайта өңдеу бойынша биогаз қон­дырғысын салу мемлекеттік бағдарлама аясында орында­лып, жаңартылған энергия көздерін пайдаланудың озық технологиясына кенелеміз деп сүйіншілеп жүргенде «жер ас­тынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері болды. Ресейліктер уәделерінен тай­қып кетті деген жорамал шын­ға айналды.

Кен игеру кешеуілдеуде

Облыс аумағында анықтал­ған және әртүрлі дәрежеде зерт­телген 300-ден астам пайдалы қазбалар кеніші бар екен. Олар­дың 34-і – металлдық, 217-сі – құрылыстық және технология­лық шикізаттық. Минералдық ресурстар ішінде қалайы, уран, цирконий, титан, вольфрам, тантал қорына бай. Осы талда­малар негізінде өңірдің 2015-2020 жылдарға арналған мемле­кеттік индустриялық-иннова­циялық даму картасына енгізіл­ген 23 жобаның 20-сы мақұлда­нып, 7,9 млрд. теңге бөлу қарас­тырылған. Соның бірі – құра­мында қалайы бар кенді өңдеу жөніндегі «Сырымбет» кен ба­йыту кешенінің құрылысы.

Өкінішке қарай, әзірге электр тарату желісі мен қуатты­лығы 50 мегаВатты құрайтын қосалқы станса орнатумен ғана шектелген секілді. Жоспарлан­ған жұмыстың атқарылуы кесте­ден қалыңқы. 2020 жылы бой көтеруі тиіс тау-кен байыту комбинатының қашан салына­ры белгісіз. «600 адам еңбек етеді, жылына 10 мың тонна қа­лайы өндіріледі» деген міндетте­ме шындықтан гөрі қиялға көбі­рек ұқсайды. Бүгінгі күні қыж-қыж қайнап жатқан тіршілік сезілмейді. Қазіргі таңда кен ор­нының 55 пайыздық үлесі Ре­сейдің ең ірі алтын өндіруші­лерінің бірі – «Polymetal» компа­ниясының құрамына енетін «Resoursces» ЖШС-ға тиесілі.

«Малахит» Касс Тал» ЖШС- ның шыныдағы минералды су шығару өндірісін дамытпақ идеясы арман күйінде қалып отырған сыңайлы. Қулыкөл ауылдық округі аумағынан та­былған шипалы судың құрамы­на Украинадағы тәуелсіз ғылы­ми-зерттеу орталығы жоғары баға берген. «Жобаға 63 млн. теңге бағытталады, 27 жаңа жұ­мыс орны құрылады» деген уә­денің орындалуы неғайбыл.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Коллажды жасаған

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

ТҮЙІН:

Өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Үкімет бекіткен ке­шенді жоспары бар. Ол бойынша 4 бағыттан, 87 іс-шарадан тұратын жоғары әлеуетті бағдарламалар іріктеліп алынған. Ұланғайыр міндеттерді жүзеге асыруға 1,8 трлн., оның ішінде 1,3 трлн. теңге жеке инвестиция АӨК, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларына бағытталып отыр. Енді осы қыруар қаржыға салынуы тиіс тың жобалар алдыңғылары сияқты орта жолда тоқтап қалмай, көздеген міндеттер аяғына дейін жүзеге асырылса екен деп тілейміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp