Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі», «Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі» және «Б.Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжіне» барды. Облыс әкімі колледж директорларымен және ондағы мамандармен кездесіп, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылуы тиіс істерді талқылады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қабылданған өңірлік жоспар аясында облыста 47 шара өткізу көзделуде.
– Мемлекет жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін өсіруге, жастарға кәсіби бағдар беруге ден қойды. Ендігі міндет – мектеп түлектері бұл мамандықтардың маңыздылығын түсініп, оларды болашақ кәсібі ретінде таңдауына ықпал ету, қызықтыру. Жұмысшы мамандар да жұмыс іздеп қиналмауы тиіс, – деді Ғауез Торсанұлы.
Қазіргі таңда облыста 24 колледж бар, олардың 13-і жұмысшы кадрларды даярлайды. 11 мың студенттің 3,8 мыңы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда. Заманауи қондырғылармен жабдықталған колледждер студенттерге сапалы білім алып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде еңбек нарығында механизатор, инженер, электрик, токарь, құрылысшы, дәнекерлеушілер сұранысқа ие. Осы мәселені шешу үшін колледждерге жұмысшы мамандықтары бойынша қосымша 105 грант бөлініп, оның жалпы саны 1742-ге жетпек. Дуальды оқыту бойынша студенттер саны 2,6 мыңнан 3 мыңға дейін көбейтілмек. Аталған бағдарлама аясында колледждер 300-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтасып, 1 мыңнан астам келісімшарт жасасқан.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».