«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЛЫ ТУЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарих парағына қанмен қат­талған 1986 жылғы Желтоқсан ыз­ғарында бодандық бұғауын бұзып, бостандық тілеп бұлқынған қазақ жастарының жүрегінде қазақ хал­қының арман-аңсары бұрқ-сарқ қайнап жатқан еді. Сол жүректен жанқиярлық ерлік те туды, мөлді­реп ән де туды. Ел басына күн ту­ған алмағайып уақытта дүйім ха­лық тебірене шырқаған «Қара бауыр қасқалдақ» әні дәл сол жылы өмірге келген.

Әннің сөзін қазақтың ақмаң­дай ақыны Есенғали Раушанов­тың жазғанын өлеңсүйер қауым жақсы біледі. Музыкатанушылар бұл әнге тағдырлы, тарихи туынды деп баға беріпті. Оның себебі әннің Желтоқсан қасіретіне арналғаны­нан болар.

Ол кезде баламыз. Әйгілі «Та­маша» театрының әр қойылымын теледидарға телміре отырып тама­шалаймыз. Театр әртістерінің ке­зекті концертінде осы әннің тари­хы әсерлі баяндалды. Болат Құса­йынов орындаған әнді алғаш рет тыңдауым. Кейіннен туындыны «Наз» тобы шырқады. «Қара бауыр қасқалдақтың» сазын композитор Лесбек Аманов жазған. Ол кісі Есенғали Раушановтың «Жұлдыз» журналында жарияланған топтама өлеңдерін оқып отырып, осы туындысын жанына жақын көреді. Ішінен қайталап оқи беріпті, оқи беріпті. Туындының әнге сұранып тұрғанын аңғарса керек.

«Ойын астарлап жеткiзген өлеңде ақынның Колбиндi қаңғып келген шүрегейге теңеп отырғанын бiрден түсiндiм», – дейді Л.Аманов бір естелігінде. Алайда ақын Есен­ғали Раушанов бұл деректі жоққа шығарады. «Бұл өлең мені аз әуре­леген жоқ. Өз басым оның әніне көңiлiм тола бермейді. Неге? Қа­зақта қай өлең әнге сұранып тұр? Әуелі осы мәселені пысықтап алу керек қой. Өнердің ішкі әлемінің кабысуы деген болады. Кейбіреу­лер бұл өлеңнің сөзін өзінің ыңға­йына қарай бұрып, шумақтар қо­сып айтады. Өнерде одан өткен сорақылық, қиянат жоқ. Менде кезінде кітапқа енбей калған өлең­дер баршылық. Үлкен күшпен жа­рық көрген кiтабымда «Қасқалдақ» бұрмаланып шықты. «Қаңғып кел­ген шүрегей, көлге пана болмай­ды» деген жолдардағы «қаңғып» сөзі «адасып» деп түзелген. Бұл де­генің өлеңді түсіну түгілі, қарапа­йым техникалық құрылымын біл­меу, болмаса түсінуге тырыспау деген сөз емес пе? Біреулер бұл әнді Қонаевқа арналған десе, біреулер Колбинді айтады. Бұл бекер. Кол­бинге шүрегей келмейді. Қайдан білейін, бәлкім, Қонаевты қасқал­дақтан гөрі ірірек құсқа теңеген дұ­рыс шығар… «Қасқалдақ» ешкімге арналмаған. Ол сол төгілген қанға оқылған дүние…», – дейді ақын сұхбаттарының бірінде.

Ақынның «Бұл өлең мені аз әу­релеген жоқ» деуінің астарында бір сыр жатыр. Бұл туындының Кол­биннің құлағына жеткенін кейін білдік. Генадий Василевичтің «Бұл өлең нені меңзеп тұр?» деп қатқыл­дау қойған сауалына Есекең: «Бұл өлең Арал теңізінің проблемасына арналған. Қасқалдақ деген құстың қаны тоқсан түрлі дертке шипа. Ал қазақтың түсінігі бойынша шүре­гей деген құс сол қасқалдақты түрткілеп көлден қуып жібереді екен», – деп жауап беріпті. Осы­лайша ақын сол кездегі КГБ-ның жандайшаптарының қолынан аман қалған көрінеді.

…Туынды авторлары қалай десе де, қазақ поэзиясын жауһар жырларымен байытқан ақынның нәзік жүрегін жарып шыққан жыр жолдарының сазгердің сырлы пер­нелеріне қона кетіп өмірге таңға­жайып туындының келгені ғажап емес пе?!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Қара бауыр қасқалдақ

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.

Қайырмасы:

Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,

Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт.

Ұя қалса иесіз — айдын үшін сол қайғы,

Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.

Өз босағаң — бұл жердің тауы, қыры, белесі,

Босағасын басқаға тастай ма екен, о, несі.

Қайырмасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp