– Тілек Әйтімұлы, сіз саналы ғұмырыңызды байланыс саласына арнаған жансыз. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан пошташыларға жиі сын айтылып жүр. Газет-журнал оқырмандары мерзімді басылымдардың тұрғындар қолына дер кезінде жетпейтініне алаңдаулы. Сала ардагері ретінде бұл мәселені шешудің жолдарын айтып бересіз бе?
– Бұл мәселе көп жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Әлі шешімі табылған жоқ. Біз 461 елді мекенге қызмет көрсеттік. Аудандық, облыстық газеттер оқырмандарға жұмасына бір рет қана жеткізілетін. Республикалық газеттер келуіне қарай аптасына бір мәрте апарылады екен. Жауапты мамандарға бұлай жасауға болмайтынын, жұмысты ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажеттігін айттым. Облыс аумағын аралап шығып, елді мекендерге апаратын жолдарды зерттедім. Ол кезде қазіргідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» мүмкіндік жоқ. Елді мекен пошта мекемесінен 20 шақырым қашықтықта орналасса, пошташы сөмкесін арқалап, сол жерге жаяу аттанатын. Көп өтпей газет-журналдарды жаздырып алған адамның ауылына дейін көлікпен жеткізу қызметі іске қосылды. Бұл мақсат үшін қаншама көлік пайдаланылды, қыруар қаржы жұмсалды. Менің бұл бастамама қарсы шыққандар да табылды. «Күн сайын көліктер жүйткіп нан мен сүт тасуда. Газеттерді де таситын көлік керек» дегенімнен кейін гу-гу әңгіме аяңы саябырсығандай болды. Аптасына 3 рет шығатын аудандық газеттер, 5 рет жарық көретін облыстық басылымдар оқырман қолына дер кезінде тиіп жүрді. Біздің облысқа келетін орталықтың газетін баспадан Омбыға ұшақпен матрица әкеледі. Қағазға басылып шыққан соң ол 9 облысқа таратылуы керек. Баспадағылар жұмысты түнгі 12.00-де бастайды екен. Таңғы жетіге дейін газет ашылмаған күйі арнайы бекеттерде жатады. Орталық комитеттің сол кездегі төрағасы Василий Иванович деген кісіге жұмысты бұлай үйлестіруге болмайтынын айттым. Ол кісі «Түнгі бірлерде дайын болатын газетті түнгі пойызға салып жіберу қажет» деген ұсынысымды бірден қабылдады.
Менің ойымша, бұл мәселені қазіргі уақытта шешуге әбден болады. Мерзімді баспасөз оқырман қолына дер кезінде тиюі үшін көлік күн сайын қатынауы қажет. Мамандар мәселені пошташылар жалақысының аздығымен байланыстырады. Бұл мәселені қосымша жұмыс беру, қаражат бөлу есебінен шешуге болады ғой. Қазіргі поштаның жұмыс ауқымы біршама кеңейген. Халықаралық жеткізу қызметі, одан да басқа бағыттары бар. Алайда поштаның негізгі міндеті – оқырманға газет-журнал тарату. Осы үдеден шығу үшін әдіс-тәсілдің барлығын жасау керек.
– Қазір қоғамда түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Тілін, ата дәстүрін сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Жеті ата құндылығын құлаққа ілмейтін жастарды көргенде жаның күйзеледі. «Қазақ қоғамы өзінің бет алысынан ауытқып кетті» деген пікірлерді де естіп жүрміз. Көпті көрген ақсақал ретінде сіз неге күйінесіз, нендей жайтқа сүйінесіз?
– Күйінетін дүние көп, қуанатын жағдайлар да аз емес. Елімізде ұлт көсегесін көгертетін игі бастамалар жүзеге асырылуда. Жаңадан зауыттар салынып жатыр, жұмыс орындары ашылуда. Бірақ сол кәсіпорындардың иелерінің дені өзге мемлекет өкілдері. Қазақтың құнарлы, бай жерінің рақатын солар көруде. «Неге бұлай болды?» деген сұрақ мазалайды. «Инвестор дегеннен қорқудың қажеті жоқ» дейді мамандар. Бұл сөздің түбірі инвестиция ғой. Яғни ақшасы бар адам деген сөз. Инвестиция салумен неге қазақтың ұл-қыздары айналыспайды? Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Осыны ұмытпауымыз керек. Қандай мәселе болмасын ұлттық мүдде жоғары қойылса деймін.
– Абай атамыз бір өлеңінде: «Алдыңғы буын ағалар, кейінгі буын інілер, кезекпенен өлінер, бұрынғыдай көрінер», – дейді. Бұл шумақты оқып отырып аға буын мен кейінгі толқын арасында көзге көрінбейтін ықыласты байланыс жібінің арқауы тұрғанын аңғарамыз. Біз бұл нәзік жіпті үзіп алған жоқпыз ба?
– Бұл қиын сұрақ. Қиын сұрақ дейтінім, бұрынғы уақытта, атасы, баласы, немересі бір шаңырақтың астында тұрды ғой. Қазір ондай отбасылар аз. Баланы үйленер-үйленбестен бөлек шығаруға тырысамыз. Бөлек өскен бала үлкеннің әңгімесін тыңдай ма? Жоқ. Біз жас кезімізде аталарымыздың айтқанымен жүрдік, тапсырмаларын екі етпедік. Осы үлгіні балаларымызға көрсетуге тырыстық. Туған әке мен шешеден алыстаған адам ұрпағына нені үлгі етеді? Бұл олқылықты білім беру мекемелері арқылы ғана түзете аламыз. Балабақшалар мен мектептердің жұмысы этнопедагогика негіздеріне сүйенсе жағдай жақсы арнаға бұрылар, бәлкім.
– Кез келген дүниенің екі тұсы болады. Жақсы не жаман. Күнделікті тіршілігімізге еніп кеткен телефонның да пайдасынан зияны басым. Алайда онсыз өмір сүре алмайтын халге жеттік. Телефонға телмірген ұрпақ өсуде. Бұдан қалай құтыламыз?
– Бұдан құтылудың бір ғана жолы бар, ол – газет-журнал, кітап оқу. Өркениетті елдердің көбі сабақ кезінде телефонды п а й д а л а н у ғ а тыйым салу туралы қаулы қабылдап жатыр. Олар мұндай қадамға еріккеннен барып отырған жоқ. Телефонның денсаулыққа ғана емес, тұтас тіршілікке тигізер зиянын телефонды ойлап тапқан өнертапқыштың өзі де айтып кеткен.
– Біз денсаулықты бірінші байлыққа балаймыз. Алайда оның қадіріне жете бермейтін сәттер кездеседі. Сіз біраз жасқа келдіңіз. Алла тіл көзден сақтасын, әлі де тыңсыз. Жас көрінудің, денсаулықты күтудің сіз ұстанатын сыры бар ма? Дені сау, айналаға шуақ шашып жүру үшін не істеу керек?
– Ең бастысы адам баласы адал, сосын маңайына қамқор болуы керек. Адамның өмірі адалдық қағидасы негізінде өрілсе, оның өкінетін дүниесі аздау болады. Біз қазір балаларды жалқаулыққа тәрбиелеп жатырмыз. «Ауыр көтертпе, алысқа жұмсама, анау болмайды, мынау жарамайды», – дейміз. Мен 8 жасымнан кеңшарда жұмыс істедім. Алты жасқа толғанда соғыс басталып кетті. Шешеміздің жанында жүріп, қара жұмыспен жетілдік. Қимыл- қозғалыстың бәрі адамның денесін ғана емес, ойлау жүйесін де шынықтырады. Қазақта «қастық» деген сөз бар. Қазір адамдардың көбі өзгеден гөрі өздеріне көп қастық жасайды. Шылым шегеді, арақ ішеді, өсек-өтірік айтады. Өз басым тағдырға сенемін және бумеранг заңының жұмыс істейтініне иланамын. Бүгін әлдекімді ғайбаттасаң, ол кісінің бойындағы кемшілік келесі күні сенің балаңның бойынан көрінуі мүмкін. Бұрынғылар «қылғаның қырық жылда қайтады» дейтін. Қазір қырық күн өтпей өзіңе оралып жатыр. Жемқорлық та – адамның көсегесін көгертпейтін індет. Біз қызмет еткен жылдары мекеменің әр тиынына жауапты болдық. Пойыздарға газеттерді тиейміз. Егер сол газет уақытынан кешігіп жетсе, жауапты мекеме осы олқылыққа жол берген жанға қатаң сөгіс немесе жұмыстан шығару туралы бұйрық шығаратын. Тәртіпке бағынған адам айналасына үнемі шуақ шашып жүреді.
– 2024 жыл еліміз үшін оңай болмады. Алапат су тасқынынан қаншама адамның үйі бұзылды. Қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Қызылжарда жаңа шағынаудан бой көтерді. Оны өңір басшысымен бірге жүріп аралаған аға буынның ішінде өзіңіз де болдыңыз. Қандай ой түйдіңіз?
– Президентіміз былтырғы су тасқынын осыдан 80 жыл бұрын орын алған алапатқа теңеді. Мен 80 жыл бұрынғы су тасқынын өз көзіммен көрген жанмын. Ол кезде бала едім, қазақ ауылындағы төбесін шыммен жапқан үйдің төбесінде ойнап жүргенбіз, қасымда әпкем мен қарындасым бар еді. Бір уақытта Смирновтан біздің ауылға қарай бірдеңе жалт-жұлт етіп келе жатқан сияқты болды. Әп-сәтте ауылды су басты. Біздің үйіміз ең шетте, ағаштың бауырында орналасқан еді. Жиегіне келіп тоқтай қалды. Сол су бір жұма тұрды. Анам марқұм еденнің үстіне жұбаяқ қойып, киім-кешек пен төсек-орынды солай сақтап қалды.
Былтырғы су тасқыны халықты әбігерге салды. Ойқала шағынауданын су басқанын алғаш рет көруім. Зардап шеккендердің барлығына жаңа үй берілді. Мұның бәріне біз ауызбіршіліктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан атқарылып жатқан шаруаларға ризашылық білдіруіміз керек. Кемшіліктер орын алады. Ол – заңдылық. Алайда оның барлығын дабыра қылып, елді дүрліктірудің қажеті шамалы.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Аққайың ауданы, Мөжікбай ауылы
Туған жылы: 1935 жылғы 29 желтоқсан
Марапаты: Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Қазақстанның құрметті байланысшысы» төсбелгісінің иегері.