«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛСІЗ ЖАУ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басталғалы бері Қызылжарда тілсіз жау жайлы жайсыз хабарлар толас­тамай тұр. Жаңа жылдың алғашқы күн­дерінің өзінде бірнеше отбасының үйін өрт жалмап, баспанасыз қалды. Құтқару­шылар өрт қауіпсіздігінің қарапайым ере­желерін түсіндіріп, рейдтер жүргізгені­

 мен, оқыс оқиғалар азаяр емес.

Тұрғындардың салғырттығы төтенше жағдайға ұрындырып жатыр. Мал-мүлік қалпына келер, ал иіс тиіп уланған, де­несін күйік шалған жандардың жақын күндері аттай шауып кетпесі анық. Қы­зылжардағы биылғы қыс қатты болмаса да жылыту маусымы басталғалы өртсөнді­рушілердің жұмысы күрт артқан. Жеке сектордағы тұрғын үйлерден бөлек кәсіп­керлік нысандар мен мемлекет меншігін­дегі ғимараттардың өртке орану жағдай­лары жиілеп кетті.

10 қаңтар күні сағат 4.50 шамасында «Рахат» сауда үйінде өрт шықты. Оқиға орнынан құтқарушылар 68 адамды, оның ішінде 18 баланы эвакуациялады. Жалын­мен күреске 68 маман және 20 арнайы тех­ника жұмылдырылды. Өрт тек сағат 10.00 шамасында ғана толық сөндірілді. Жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыды. Пет­ропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтің айтуынша, 7 пәтерге зақым келген. Бұл баспаналарда шамамен 30 шақты адам тұрады.

Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы анықта­лып жатыр. Келген шығынды кінәлі тарап өтейді.

Осы оқиғадан кейін көп уақыт өтпей жатып облыс орталығындағы «Жастар» стадионында өрт шығып, жабық футбол манежі толық жанып кетті.

Мамандардың айтуынша, өрт стадионның жанындағы гараждан шыққан. Лапылдаған жалын жабық футбол алаңына ауысып, ол әп-сәт­те отқа оранды.

– Сағат 8.00 кезінде маған теле­фон шалып, гараждан түтін шығып жатқанын айтты. Ал гаражда екі трактор және ГАЗель көлігі болған. Олар жанып кетті. Жалын қасында тұрған футбол манежіне ауысып, лап ете түсті. Абырой болғанда ма­неждің ішінде адам болмады. Бала­лар жаттығуға енді келе бастаған еді. Киім ауыстырып жатып, өртті көріп, бірден қауіпсіз жерге шық­қан. Ешкім зардап шеккен жоқ, – дейді «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ди­ректоры Айсары Шәкіров.

Облыстық спорт және дене шы­нықтыру басқармасы баспасөз қыз­метінің мәліметінше, «Қызылжар» БЖСМ-ның балансына «Жастар» стадионы, екі қабатты әкімшілік ғимарат және жабық футбол манежі кіреді.

Футбол манежі 2018 жылы нау­рыз айында салтанатты түрде пай­далануға берілген болатын. Ол – өңірдегі футбол ойнауға арналған алғашқы жабық манеж. Құрылысы­на шамамен 45 млн. теңге жұмсал­ды. 2021 жылы нысанның жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілсе, былтыр жасыл желегі ауыстырыл­ған.

Манежде 8 бен 17 жас аралы­ғындағы 426 бала шынығып кел­ген. Олардың 184-і – футбол бөлімшесінде, 216-сы – футзал және 26-сы шөптегі хоккей бөлім­шесінде болған. Қазіргі уақытта жаттығу процесін үзбеу үшін арна­йы орын бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp