Италияның Турин қаласында 2025 жылғы қысқы универсиаданың ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шарада ел құрамасынан ту ұстап шығу құрметіне хоккейші Абылайхан Сүлейменов пен фристайл шебері Аяулым Әмренова ие болды.
Абылайхан Сүлейменов – Қазақстан хоккейінің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Ол бұдан бұрын АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада еліміздің хоккей құрамасы сапында үшінші орын иеленген болатын. Ал Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
32-ші рет өтіп жатқан дүниежүзілік қысқы универсиада алауын жағуға Италия футболының аңыз ойыншысы, туриндік «Ювентус» клубының экс-капитаны, Евро-2020 жарысының чемпионы Джорджо Кьеллини де қатысты.
Дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысуда. Жарыс барысында 11 спорт түрі бойынша 90 медаль жиынтығы сарапқа салынады. FISU ережесіне сәйкес, универсиадаға 17-25 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады. Қатысушы сол елдің азаматы болуы, жоғары оқу орнында оқып жүрген немесе универсиада басталғанға дейін бір жыл бұрын бітірген болуы тиіс.
Қазақстандық студенттер 10 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Ел құрамасы сапында 103 спортшы бар. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай- ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.
Универсиаданың алғашқы күні Қазақстан спортшылары үшін сәтті болды. Шайбалы хоккейден ерлер құрамасы Швецияны 9-2 есебімен ойсырата жеңді. Николай Шульга, Данил Цыбин, Андрей Буяльский дубль жасап, Максим Мусоров, Әділ Бейсембаев, Денис Чапоров бір-бір шайбадан соқты.
Хоккейшілер екінші ойынын Оңтүстік Кореяға қарсы өткізді. Кездесу барысында қазақстандықтар сенімді ойын өрнегін көрсетті. Бірінші кезеңде Александр Панченко есеп ашса, араға бір минут салып Николай Шульга басымдықты арттырды. Ойынның 18-минутында Руслан Демин мергендік танытты. Екінші кезеңде Андрей Буяльский 35-минутта гол соқса, 38-минутта Кирилл Никитин көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Үшінші кезеңде кореялық хоккейшілер есеп айырмасын бір шайбаға қысқартса, қазақстандық Семен Симонов 51, Денис Чапоров 57-минутта нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша ел құрамасы екінші жеңісіне ие болды.
Ал Қазақстан қыздар құрамасы бірінші ойында Жапонияға 0-10, одан кейін Чехияға 1-11 нәтижесімен есе жіберді.
Универсиаданың екінші күні Анастасия Городко фристайл-могулдан 79, 79 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Өскеменнің тумасы 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан, бірақ екінші іріктеу кезеңінде 11-ші орын алып, финалға өте алмаған. Дәл сол жылы көктемде Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн. Универсиадада отандасымыздан кейінгі орындарға жапониялық Харуко Накао (76,29 ұпай) мен германиялық Ханна Уисе (75,04 ұпай) жайғасты. Финалда сайысқан тағы бір отандасымыз Аяулым Әмренова 5-ші орынға тұрақтады.
15 қаңтар күні Қазақстан қоржынына тағы бес медаль түсті. Парашаңғышы Денис Зинов 10 шақырымдық жарыста күміс медаль иеленсе, Роман Құрбанов қола медальға қол жеткізді. Ал Анастасия Городко Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды. Бұл жолы ол жұптық фристайл-могулдан жеңіс тұғырына көтерілді. Жұптық фристайл-могул сайысында ел намысын қорғаған спортшымыз Аяулым Әмренова екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Антон Бондарев те универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Фристайлдан жұптық-могулдың финалдық бәсекесінде отандасымыз жапониялық спортшыға есе жіберді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан студенттер құрама командасы ең үздік нәтижені 2017 жылы Алматыда өткен универсиадада көрсетіп, жүлде саны бойынша екінші орын (11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль) иеленген болатын.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».