Газетімізде «Титан үшін талас» деген тақырыппен жарық көрген журналистік зерттеу мақалада Тайынша ауданында шетел нарығында үлкен сұранысқа ие қымбат металл өңдеумен айналысатын «Тиолайн» ЖШС құрылтайшыларының бірі Виктор Долгалевтың жер қойнауын мақсатсыз пайдалану, заңсыз табыс табу, салық төлеуден қасақана жалтару, басқа да майшелпекше сорған алаяқтық әрекеттері әшкере болып, оның ақыры күдіктінің соттың санкциясымен тұтқындалғаны жайлы айтылған болатын.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін заң талаптарын белден басқан оның кейбір қаржылық былық-шылықтарына тоқтала кетейік. Ол ұлымен бірге «Обуховский ГОК» деген даулы кәсіпорын құрып, жер қойнауы қазбаларын пайдалану жөнінде құқығы жоқ болса да, титан-цирконийді заңсыз өндірумен айналысқан. Сот шешімімен кәсіпорынның мүлкіне тыйым салынғанына қарамастан, шикізатты алыс-жақын елдерге жөнелтіп отырған. Үш жылдың ішінде ғана шетелге кеткен шикізат көлемі 100 мың тоннадан асып жығылған. Серіктестікке іргелес жатқан жер телімдерін «сатып алып», ұзын-ырғасы 2 млрд. теңге мөлшерінде бюджет төлемдерін жасырып қалған.
Алайда «апам да аң-таң, атам да аң-таң» дегендей, қылмыстық істі қараған алқабилер шешімімен тау-кен бизнесімен заңсыз айналысты деп айыпталған кәсіпкер, ұлы және тағы екі азаматтың ақталып шығуы, яғни қылмыстық құрам жоқтығын алға тартуы көңілге күдік ұялатқаны рас. Прокуратура Қылмыстың кодекстің 334, 214 және 367 баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, бұлтартпайтын нақты айғақтар келтірсе де, алқабилер «судан таза, сүттен ақ» етіп шығарған.
«В.Долгалев Қылмыстық кодекстің 334, 214, 367 баптары бойынша кінәсіз деп танылсын. Данил Долгалев, Сағат Құрманбаев, Тимур Сәдуақасов та кінәсіз деп танылсын. Қылмыс құрамы анықталмағандықтан, ақталсын», — делінген үкімде.
Прокуратураның аппеляциялық шағымы негізінде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Долгалев ісі» бойынша бірінші сатыдағы сот отырысының күшін жойды. Істі қайта қарауға жіберді. Заңсыз кен өндіруге қатысы бар 4 күдікті қамауға алынды. Мұндай жағдай өңірде бірінші рет тіркеліп отыр.
Облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралинның түсіндіруінше, алқабилерге, олардың туған-туыстарына қысым жасалған. Бірінші сатыдағы сот келіп түскен өтініштерге назар аудармаған. Кімнің тарапынан қоқан-лоқы көрсетілгенін анықтауды қажет деп таппаған. Осылайша сот алқасы қылмыстық істі жүргізу процесі өрескел бұзылды деген шешімге келген.
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы осымен төртінші істі қайта қарауға жолдап отыр. Олардың барлығында да алқабилер айыпталушыларды ақтап алған болатын.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».