«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУҚЫМЫ КЕҢ КЕЛІСІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы әлем елдерінің тұрақ­ты өркендеп, жаһандық мәселелерін шешуге бағытталған. Бағдарлама өкілдері 50 жыл ішінде 170 елде түрлі жобаларды жүзеге асырды. Ал Қазақстандағы даму бағдарламасы теңсіздікпен күрес, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, экономиканы әртараптандыру және климаттық өзгерулер мен табиғи апаттардың алдын алу сияқты бағыттарды қам­тиды. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ұйым өкілдері ел Үкіметімен ынтымақтастық орнатқан. Соның аясында Қызылжарда да аймақты дамытуға арналған бірнеше қанат­қақты жоба жүзеге аспақ. Аталған жобалардың жай жапсары өңірге ар­найы келген даму бағдарламасының елдегі тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің кездесуінде тал­қыланды.

Даму жобасын жүзеге асыру үшін ұйым өкілдері Қазақстанның бірнеше өңірін қарастырған. Нәти­жесінде Солтүстік Қазақстан облысына тоқталып­ты. Жоба құны – 2 млн. доллар. Бүгінге дейін БҰҰ- ның даму бағдарламасы жасыл технологияларды енгізу үшін 10-нан астам шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көрсетті. Ұйым өкілдері аз қара­жатпен барынша көп инвестиция тартуды көздейді. Бүгінге дейін 1 млн. доллар қаржыға 3 млн. доллар жеке инвестиция тартылған.

Кездесуде Катаржина Вавьерниа тұрақты эконо­микалық дамуды интеграциялауға бағытталған бір­лескен жобаны іске қосуды ұсынды. Бұл жоба ау­мақтарды дамытуға арналған бес жылдық бағдарла­маны әзірлеуді қамтиды. Онда ландшафттық жос­парлау, климаттың өзгеруіне бейімделу, ауыл ша­руашылығын дамыту, жасыл өндірісті және сауда тізбектерін қалыптастыру, биоәртүрлілікті сақтау және климаттық саясатты өңірлік жоспарлауға енгі­зу сияқты мәселелер қамтылған.

– Жоба биосфера, әлеуметтік белсенділік және мемлекеттік басқару салаларындағы кешенді жұ­мыстарды жүзеге асырады. Біз жергілікті басқаруды ғылыми жүйелеген негізде жүзеге асыруды ұсына­мыз. Алға қойған мақсаттарға жету үшін қажетті практикалық құралдар бар. Егер жергілікті билік қолдау көрсетсе бұл біздің елдегі жұмысымыздың ең үлгілі жобаларының бірі болады деп ойлаймыз, – деді БҰҰ-ның даму бағдарламасының Қазақстанда­ғы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Өңір басшысы мұндай жобалардың маңыздылы­ғын атап өтіп, бірлескен істі жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты. Қанатқақты жоба аясындағы жұмыс­тарға жетекшілік жасау облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа жүктелді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp