Қызылжарлық бойжеткен Аяжан Қойшыбай қазақша фильм, мультфильмдер интернетте қолжетімді болуы үшін шетелдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүр.
Ол М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің соңғы курсында оқиды. Болашақ мамандығының дубляжға еш қатысы жоқ, жоғары оқу орнында «Дизайнер-сәулетші» кәсібін меңгеріп жатыр. Кейіпкеріміз дубляжға ойда-жоқта келгенін айтады.
Пандемия кезінде үйде отырып жалыққан бойжеткен әлеуметтік желідегі қатарластарының дубляж жасап жатқанын көріп, қызығушылығы оянады. Осылайша өз бетімен жаңа істі үйрене бастайды. Кейін ғаламтор арқылы осы салаға қызығатын орта тауып, тәжірибесін шыңдай түскен. Үш жылдың ішінде көп нәрсе үлгерген. Алайда кейіпкеріміз бұл іске негізгі жұмысы ретінде қарамайды. Хобби ретінде бос уақытында айналысуға бейім. Кейде тапсырыстар орындап, аз-кем табыс табады.
— Дубляж — топтық жұмыс, өйткені жоба дыбысталған кезде бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен туынды таңдалады, кейін ол аудармашыға жіберіледі. Аудармашы оны түпнұсқа тілінен қазақшаға аударады. Кейін рөлдерге бөледі. Біз танысып, дыбыстап болғаннан кейін монтажерге жібереміз. Ол дауысымызды жобаға қосып, өңдеп, тазалайды. Бұл саладағы ең басты талап — қызығушылық, ынтаның болуы. Өйткені дауыспен жұмыс істеу керек, тілдің мүкістігі болса, оны жаттығулар арқылы қалпына келтіруге болады. Сынды қабылдай білу де маңызды, өйткені жұмыс барысында біреуге дауысың ұнайды, біреу қабылдай алмауы мүмкін. Сондай-ақ қазақша дубляж нашар, орысша нұсқасын көреміз дейтіндер де кездеседі, — дейді Аяжан.
Алғашында дубляж жасаған адамның өз даусы өзіне ұнамай, ыңғайсыздық сезініп, тіпті бұл жұмысты тастап кететін кездері жиі болады екен. Бірақ мұның бәрі уақытша, талаптанып, тәжірибе жинап, білім алу керек. Әр істің тиімді-тиімсіз тұстары бар ғой. Бұл жұмыста ең бастысы — қазақша контенттің көбеюі. Қазақша фильм, мультфильмді интернеттен іздеп табу көрермен үшін қиын болмауы керек. Балаларға арналған дүниенің барлығы орыс тілінде жарыққа шығып жатады. Соның кесірінен қазақ балаларының тілі шұбарланып, өз ана тілінде сөйлей алмайтын халге жеткен. Мұны шешудің бір жолы — қазақша дубляжды дамыту. Әзірге өңірде қазақ тілді контентке деген сұраныс айтарлықтай жоғары емес. «Моана», «Муфаса: аң патшасы» мультфильмдері қазақша көрсетілетінін естіген өзге өңірлердегі тіл жанашырлары балаларын жаппай кинотеатрларға алып барды емес пе? Бізде ондай қозғалыс байқала қойған жоқ. Бұл істі ілгерілетуге кинотеатрлар да құлықсыз.
— Дубляж жасау хобби болғандықтан, ресми жобаларға әлі қатысып көрген жоқпын. «Dopamine Voice» дубляж тобында болған кезде жапондық режиссер Хаяо Миядзакидің «Жаяу қамал» атты туындысын қазақша дыбыстадық. «Титандар шабуылы» анимесінің оныншы бөліміне қазақша дубляж жасадық. Сол кезде басты кейіпкерлердің бірі Микаса Аккерманды дыбыстадым. Есімде қалған, мен үшін күрделі болған жоба. 20 минуттық фильмге дубляж жасамас бұрын 2 сағат дайындық жасайтынмын. Қазір негізінен дорамалармен жұмыс істеймін. Соңғы туындым — «Қарапайым бір күн» атты дорама, жақында оның қазақша нұсқасы шықты, — дейді Аяжан Қойшыбай.
Дубляж студиялары басқа қалада болғандықтан Аяжан онлайн жұмыс істейді. Ол үшін қажетті жабдықтың барлығын сатып алған. Қазіргі уақытта ол «Орда» дубляж студиясында еңбектенуде. Бұл студияның туындыларын «Dopamine Voice» дубляж тобының және «Орда» студиясының Telegram каналдарынан көруге болады.
Өнерлі бойжеткен меңгеріп жатқан мамандығы басқа болғандықтан болашақта қай салада жұмыс істейтінін әзірге нақтылаған жоқ. Егер уақыты болып жатса екеуін де қатар алып жүруге ниетті. Қалай десек те жаны сүйген істі тастағысы келмейді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».