«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ЖЫЛТЫРАҚТЫҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресми дерек бойынша, елдегі жастар саны 5,7 миллионнан асты. Жыл өткен сайын кейінгі буын өкілдеріне деген мемлекет назары артып, қолдау шаралары кеңейіп келеді. Бүгінде өз баста­масын жүзеге асырамын деген адамға грант алып, мемлекеттік қолдаудың игілігін көрудің көп­теген жолдары бар. Елдегі жастар саясатының ілгері басып, ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы бо­лып жүрген белсенділердің ең­бегін де ұмыт қалдырмаған жөн. Оларға құрмет көрсетіп, сый беру арқылы өзге жастардың ынтасын арттырамыз. Алайда кейінгі кезде осы игі бастама науқаншылдыққа ұласып, қыз-жігіттерге жаппай марапат үлестіру сәнге айналып кеткендей.

Жастарға арнап мемлекет бекіткен ресми марапаттар тізімі биыл қайта толығып «Дарын» жастар сыйлығына қоса, «Jas Kenes Syilygy» да табыстала баста­ды. Бұған министрлік тағайын­дайтын жүздеген гранттар мен стипендияларды, салалық мара­паттарды қосыңыз. Аталған ма­рапаттардың тағайындалатын аталымдары да көбейген. Бұл мемлекеттік жастар саясаты ая­ сында берілетін ресми сый-сия­паттар ғана. Мұның сыртында жекелеген ұйымдар, орталықтар мен қорлардың берілетін дүние­лерін санап тауысу мүмкін емес. Марапат көбейіп кеткендіктен болар, бүгінде біреу құрметке бө­леніп жатса таңданбайтын бол­дық. Жастарға берілетін жүлде­лердің салмағы жыл өткен сайын жеңілдеп барады. Бұған мадақта­маны малтабар құралға айнал­дырған жекелеген ұйымдар мен соған желіккен жастар аз «үлес» қосып жатқан жоқ.

Бұрын үлкендер арасынан мемлекеттік марапатқа қолы жет­пегендердің жекеменшік орта­лықтардан орден, медальдар, құрметті атақтар алып көңіл жұ­бататынын білуші едік. Тіпті «Ұлт ұстазы», «Қазақстанның құрметті азаматы» деген аты дардай болға­нымен, салмағы жоққа тең атақ­тардың бір қойдың бағасына сау­даланып жатқанын көрдік. Қа­зақтың бұл мінезін көрген ше­телдік ұйымдар да «халықаралық» марапаттардың сатылымын қыз­дырды. Бұл дерттен қалай арыла­рымызды білмей жүрсек, зиянды әдет жастарға жұғып үлгеріпті. Сөйтіп, «Қазақстанның үздік сту­денті», «Жыл волонтері», «Түркі әлемінің үздігі», «ТМД-ның үздік студенті» дейтін марапаттарын сүйіншілеген қыз-жігіттердің қа­тары күрт артты. Естуімше, мұ­ның бәрі 20-30 мың теңгенің ай­наласында сатылып жатқан ма­дақтамалар екен. Егер ақшаңыз болса 18 жасыңызда-ақ қайрат­кер атанып, кеудеңізде бірнеше медаль сыңғырлайды деген сөз ғой. Бір күн білек сыбанып еңбек етіп көрмеген жастарға мұндай жасанды жылтырақтың не керегі бар? Ең сорақысы, бұл үрдіс мек­тептерді де жайлай бастапты. Ә дегеннен білім ордаларында оң-солын танымай жатып-ақ «үздік оқушы» атанғандардың кө­бейгені осыны аңғартады. Білім мен тәрбиені шетке ысырған ата- аналар мен ұстаздар түрлі орта­лықтардың марапаттарын оқу­шыға сыйлық сыйлағандай алып беріп жатыр. Онда ешқандай да іріктеу-сараптау деген жоқ. Ақша берсе мектептің кез келген бұза­қысы «үздік» болып шыға келеді.

Жастарымыздың да жылты­раққа құмар болып, баянсыз дү­ниенің соңын қуып өздерінің ал­тын уақыттарын өткізіп жатқаны өкінішті. Мұның үстіне ондайлар «еңбек сіңіріп» сатып алған мара­паттарымен мақтанып, үнемі көзге түсіп, мақтауға ие болғысы ке­летінін қайтерсің. Бәлкім бар кінә өзімізде шығар. Егер шын мәнінде еңбекқор жастарға қолдау көрсете білсек, олар қоғам назарын өздері­не осындай жасанды жолмен ауда­руға тырыспас еді ғой.

Ерасыл БАҚЫТЖАН.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp