Жануарлар дүниесін қорғау – мемлекет жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Өңірдегі табиғатты қорғау органдары мен ұйымдары тиісті заңнама аясында заң бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Өкінішке қарай, браконьерлік фактілер әлі де орын алуда. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында аң аулауға байланысты заңнаманы өрескел бұзудың 8 фактісі тіркелді. Заңсыз аң аулаушылардың көздейтіні – Сібір елігі.
Анықталған фактілер бойынша жануарлар әлеміне келтірілген залал шамамен 19 383 000 теңгені құрады. Браконьерлер 14 Сібір елігін заңсыз аулаған. Барлық 8 факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның бесеуі сотта қаралып, залалды өтеу туралы талап- арыздар толық көлемде қолдау тапты. Жануарлар әлеміне келтірілген залалдың төленген сомасы – 4 153 500 теңгені құрады.
Қазіргі уақытта жануарлар дүниесі саласында жасалған қылмыстар үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі баптарының нормалары қатаңдатылды. Бұған соттардың үкімдері дәлел бола алады. Егер бұрын заң бұзушылар заңсыз аң аулағаны үшін әкімшілік айыппұл төлесе, бүгінде браконьерге нақты мерзімге сотталу қаупі төніп тұр.
Мәселен, 2024 жылғы ақпанда Қызылжар ауданы сотының үкімімен жергілікті екі тұрғынға бір Сібір елігін заңсыз атқаны үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығынан және 4 жыл мерзімге аң аулауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ өткен жылғы ақпанда Петропавл қалалық соты 53 Сібір елігін заңсыз аулаған топтың бір мүшесіне 11 жыл мерзімге бас бостандығынан және 10 жыл мерзімге аң аулауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім шығарды. Үш қатысушы 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 9 жыл мерзімге аң аулауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын арқалады. Қылмыс жасалған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленгендей 100 айлық есептік көрсеткіштен және одан да көп есе залал келтіргендер сөзсіз қылмыстық қудалауға ұшырайды.
Олег БЕСПАЛОВ,
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық инспекциясының бөлім меңгерушісі.