Ресми дерек бойынша, елдегі жастар саны 5,7 миллионнан асты. Жыл өткен сайын кейінгі буын өкілдеріне деген мемлекет назары артып, қолдау шаралары кеңейіп келеді. Бүгінде өз бастамасын жүзеге асырамын деген адамға грант алып, мемлекеттік қолдаудың игілігін көрудің көптеген жолдары бар. Елдегі жастар саясатының ілгері басып, ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болып жүрген белсенділердің еңбегін де ұмыт қалдырмаған жөн. Оларға құрмет көрсетіп, сый беру арқылы өзге жастардың ынтасын арттырамыз. Алайда кейінгі кезде осы игі бастама науқаншылдыққа ұласып, қыз-жігіттерге жаппай марапат үлестіру сәнге айналып кеткендей.
Жастарға арнап мемлекет бекіткен ресми марапаттар тізімі биыл қайта толығып «Дарын» жастар сыйлығына қоса, «Jas Kenes Syilygy» да табыстала бастады. Бұған министрлік тағайындайтын жүздеген гранттар мен стипендияларды, салалық марапаттарды қосыңыз. Аталған марапаттардың тағайындалатын аталымдары да көбейген. Бұл мемлекеттік жастар саясаты ая сында берілетін ресми сый-сияпаттар ғана. Мұның сыртында жекелеген ұйымдар, орталықтар мен қорлардың берілетін дүниелерін санап тауысу мүмкін емес. Марапат көбейіп кеткендіктен болар, бүгінде біреу құрметке бөленіп жатса таңданбайтын болдық. Жастарға берілетін жүлделердің салмағы жыл өткен сайын жеңілдеп барады. Бұған мадақтаманы малтабар құралға айналдырған жекелеген ұйымдар мен соған желіккен жастар аз «үлес» қосып жатқан жоқ.
Бұрын үлкендер арасынан мемлекеттік марапатқа қолы жетпегендердің жекеменшік орталықтардан орден, медальдар, құрметті атақтар алып көңіл жұбататынын білуші едік. Тіпті «Ұлт ұстазы», «Қазақстанның құрметті азаматы» деген аты дардай болғанымен, салмағы жоққа тең атақтардың бір қойдың бағасына саудаланып жатқанын көрдік. Қазақтың бұл мінезін көрген шетелдік ұйымдар да «халықаралық» марапаттардың сатылымын қыздырды. Бұл дерттен қалай арыларымызды білмей жүрсек, зиянды әдет жастарға жұғып үлгеріпті. Сөйтіп, «Қазақстанның үздік студенті», «Жыл волонтері», «Түркі әлемінің үздігі», «ТМД-ның үздік студенті» дейтін марапаттарын сүйіншілеген қыз-жігіттердің қатары күрт артты. Естуімше, мұның бәрі 20-30 мың теңгенің айналасында сатылып жатқан мадақтамалар екен. Егер ақшаңыз болса 18 жасыңызда-ақ қайраткер атанып, кеудеңізде бірнеше медаль сыңғырлайды деген сөз ғой. Бір күн білек сыбанып еңбек етіп көрмеген жастарға мұндай жасанды жылтырақтың не керегі бар? Ең сорақысы, бұл үрдіс мектептерді де жайлай бастапты. Ә дегеннен білім ордаларында оң-солын танымай жатып-ақ «үздік оқушы» атанғандардың көбейгені осыны аңғартады. Білім мен тәрбиені шетке ысырған ата- аналар мен ұстаздар түрлі орталықтардың марапаттарын оқушыға сыйлық сыйлағандай алып беріп жатыр. Онда ешқандай да іріктеу-сараптау деген жоқ. Ақша берсе мектептің кез келген бұзақысы «үздік» болып шыға келеді.
Жастарымыздың да жылтыраққа құмар болып, баянсыз дүниенің соңын қуып өздерінің алтын уақыттарын өткізіп жатқаны өкінішті. Мұның үстіне ондайлар «еңбек сіңіріп» сатып алған марапаттарымен мақтанып, үнемі көзге түсіп, мақтауға ие болғысы келетінін қайтерсің. Бәлкім бар кінә өзімізде шығар. Егер шын мәнінде еңбекқор жастарға қолдау көрсете білсек, олар қоғам назарын өздеріне осындай жасанды жолмен аударуға тырыспас еді ғой.
Ерасыл БАҚЫТЖАН.
Аққайың ауданы.