Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысында «Ultradecor Trading Kazakhstan» серіктестігіне тиесілі жаңа зауыттың құрылысы туралы келісім бекітілді. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық технологияларды енгізуге ықпал ете отырып, экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналмақ. Қатар холдингі Солтүстік Қазақстан облысында зауыт салу жөніндегі ауқымды жобаға қаржы құюға ниетті.
Кәсіпорын өңірде OSB, ЛДСП тақталарын өндіруді көздейді. Өндіріс орны шикізат ретінде ағаш жоңқаларын кәдеге жаратады. Бұл бастама экономиканың басқа салаларын ынталандыруға мультипликативтік әсер ете отырып, облыстың өңдеуші өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосады. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 82 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Осылайша өңірде ағаш өңдеу кластері пайда болмақ.
Кәсіпорын құрылысын өз мойнына алған Қатар холдингі жобаны екі кезең бойынша жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Құрылыстың жалпы құны 267,5 млрд. теңгеге бағалануда. Мұндай ауқымды жоспарларды іске асыру қыруар ресурсты ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті мамандарды да талап етеді. Осылайша ірі өндіріс орнында жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары пайда болмақ.
Жаңа зауыттың арқасында өңірдің өндірістік қуаты артып, өңір дамуының жаңа көкжиегі ашылады. Сонымен қатар елдің экспорттық әлеуеті нығайып, дайын өнім ішкі-сыртқы нарықтың қажеттілігін өтейтін болады.
Қатарлық холдингпен мұндай ынтымақтастық Қазақстанның халықаралық инвестицияларға ашықтығын және оның шетелдік капиталдың қатысуымен ауқымды жобаларды іске асыруға дайындығын көрсетеді. Жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында мұндай жобалар орнықты дамудың маңызды талабына айналып отыр. Ірі инвестициялар ұлттық экономиканы нығайтып қана қоймай, елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».