Өткен демалыс күндері өңірімізге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев облысымызда су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралардың барысымен және жеке құрамның қызмет ету жағдайларымен танысты.
Елордалық мейман облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановпен бірге инфрақұрылымды нығайтуға және тәуекелдерді азайтуға бағытталған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенімен танысты. Содан кейін Петропавл қаласындағы №1, №4, №5 өрт сөндіру бөлімдерінде және «Береке» шағынауданында салынып жатқан өрт сөндіру бекетінде болды. Петропавл қаласындағы, Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное және Большая Малышка ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту бойынша жұмыстардың нәтижелерін тексерді.
Сондай-ақ вице-министр Петропавл және Сергеевка су тораптарының жұмысымен танысып, Есіл өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргізу орындарын көрді. «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі бірінші көтеру стансасын нығайту және жаңғырту барысын бағалап, бөгеттер салуға қажет полипропилен материалы өндірілетін «SMB Group Family» кәсіпорнына барды. Аталған орындарды аралағаннан кейін халықты және аумақты ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу іс-шараларын одан әрі іске асыру бойынша мүдделі сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.
– Біздің міндетіміз – төтенше жағдай қызметкерлері сапалы жұмыс істеу үшін қауіпсіздік талаптарын барынша сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ халықты болуы мүмкін табиғи апаттардан қорғау. Сапар барысында инфрақұрылымды нығайтуға, мамандардың еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты бірқатар өзекті мәселелер зерделенді. Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларға қатысты дайындықты арттыру үшін барлық жедел бөлімшелерді қолдауды және дамытуды жалғастырады, – деп атап өтті кездесуде вице-министр Кеген Тұрсынбаев.
Сонымен қатар вице-министр өрт сөндіру бөлімдерін аралап болған соң басшылық құраммен кездесіп, Төтенше жағдайлар министрінің өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысының тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны және жеке құрамның қызмет атқару жағдайларын жақсарту жөніндегі талаптарын жеткізді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».