Мамлют тас жолы маңындағы аумақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт салынады. «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техноэкопаркі осылайша өңірдегі қоқысты кәдеге жаратып, экологиялық жағдайды жақсартуды көздеп отыр. Жобаның құны – 37 млрд. теңге. Ол сәтті жүзеге асырылған жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Серіктестік директорының орынбасары Дәурен Қатрановтың сөзінше, аталмыш зауыт қоқысты түйіршіктерге айналдырып, одан қайта өңделген материалдар дайындап шығарады. Техноэкопарк құрамына дәретхана қағазы, майлықтар мен сүлгілер шығаратын фабрика, картоннан әзірленетін бұйымдар фабрикасы мен металл-пластикалық бұйымдар зауыты да кіретін болады. Соңғысы жиһаздарды, автокомпоненттерді және ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектерді шығарумен айналыспақ.
Компания басшылығы техноэкопарк жобасы экологиялық жауапкершілік пен экономикалық өсімнің үлгісіне айналатын, болашаққа жасалған нық қадам екендігін айтады.
– Жалпы біз қалдықтарды кәдеге жарату бойынша 15 жыл бойы тынбай жұмыс істеп келеміз. Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әзірленген жобамызды жергілікті билік өкілдері де мақұлдап отыр. Техноэкопарк жобасы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын ұйымдастыру және қалдықтарды өңдеу зауытын салуды қарастырады. Яғни қайталама шикізаттан дайын өнім алатын боламыз, – дейді «Радуга» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Қатранов.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».