Өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккендерге арнап «Бірлік» шағынауданында тұрғын үйлер салған құрылыс компанияларына төлем толық көлемде өтелмеген.
400 млн. теңге берешек. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының салалық кеңесіне жүгінген «Ash stroy» серіктестігінің өкілдері айтты. Белгілі болғандай, 13 серіктестік үйлерді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына өткен жылдың күзінде тапсырған. Тасқыннан зардап шеккендер жаңа баспананың кілтін 1 қазанда алды. Ал «Qyzyljar Asar» қорымен арадағы келісімшарт 2024 жылдың маусым айында жасалыпты.
– Толық атқарылған жұмыстар мен сапа кепілдігіне қарамастан компанияларға толық төлем жасалған жоқ. Мәселен, «Ash stroy» серіктестігіне келісімшартта көрсетілген соманың 25 пайызы ғана берілген. Бұл тіпті келісілген қаражаттың жартысына да жетпейді, – дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер.
Сарапшы үшжақты келісімшарттың кей тұстарына назар аударып, тапсырыстың ақысын «Qyzyljar Asar» қоры төлеуі керек болғанын айтты. Кәсіпкерлікпен айналыспайтын аталған қор тек жеке жарналар есебінен жұмыс істейді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құжатқа сай есептеулер жүргізіп, құжаттарды қабылдап, қорға төлем жасау туралы ақпаратты беруі тиіс болған. Яғни тапсырыстың есеп-қисабын кәсіпкерлер емес, басқа тарап жүргізген. «Qyzyljar Asar» басқарма берген мәліметтер негізінде ғана төлем жасаған.
– Жергілікті билік жедел түрде құрылысты бастау керектігі туралы өтініш жолдағанда, біз қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Көп компаниялар несие алып, қарызданып, тіпті жұмысшылардың жалақысын кешіктіріп жатты. Біз қиын жағдайда қалып, спортзалдар мен жатақханада тұрып жатқан ағайынның барынша тез баспаналы болғанын қаладық. Алғашқы үйлердің төлемі кешіккен жоқ. Артынша осындай жағдай орын алады деп ешкім ойламады. Менің серіктестігім 118 млн. теңгеге келісімшарт жасасқан. Оның 88,5 млн. теңгесі әлі төленген жоқ. Біздің көбіміз келісімге қол қойылғанын күтпей, жұмысты ерте бастап кеткенбіз, – дейді «Ash stroy» серіктестігінің директоры, құрылыс бойынша өңірлік кеңес төрағасы Әміржан Шәкей.
Кәсіпкерлер төлемнің кешіктірілуі бизнеске қыруар шығын әкеліп жатқанын айтады. Жиынға қатысқан «Qyzyljar Asar» корпоративтік қорының директоры Қанат Омаров құрылыстың негізгі демеушісі «KAZ Minerals Бозшакөл» компаниясы екенін айтты. Ал жергілікті қор тек демеушінің қаржысын тиісті бағытқа жұмсайтын оператор саналады.
– Демеушімен арадағы келісімге сай «KAZ Minerals Бозшакөл» қаржыны үш транш арқылы беруі керек. Алғашқы транш маусымда, екіншісі шілдеде жасалды. Ал үшінші транштың қаржысы осы күнге дейін берілген жоқ. Өйткені үйлерді қолданысқа беру актілері жаңа жылға дейін жасалған жоқ. Бұл құжаттарды демеушіге ұсыну керектігін басқарма өкілдеріне де жеткіздік. Күте-күте шаршаған демеушілердің өзі бізбен байланысқа шығып, 80 үйдік актісі қашан дайын болатынын сұрады, – дейді Қанат Омаров.
Сарапшы Ольга Достлердің айтуынша, төлем жасалуы үшін атқарылған жұмыстар туралы актінің көшірмесі, жұмыстардың құны туралы анықтама, істелген істің есебі мен төлем шоты керек екен.
– Аталған құжаттар негізінде төлем түгел дерлік жасалуы тиіс еді. Ал нысанды қабылдау актісі берілгеннен кейін қалған 5 пайыз төлем 5 күн ішінде түсуі керек. Келісімшартта осылай жазылған. Сондықтан бұл төлемнің басым бөлігінің кешігуіне себеп емес. Тиісті актіге тек соманың 5 пайызы ғана байланысты. Қалған ақшаның қандай негізде кешіктіріліп жатқаны қызық. Бұл қор тарапынан жіберілген олқылық, – дейді сарапшы.
Бұл сауалдан кейін қор өкілі 10 компанияның электронды шот-фактура туралы ақпаратты жібермегенін айтты. Алайда шағымданғандардың арасында құжаттардың толық пакетін тапсырса да төлем ала алмай отырғандар бар. Бұған жауап берген қор өкілі барлық компаниялар қағаздарын түгел реттемейінше төлем кешігетінін жеткізді. Ал жиынға келген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитканов қорға қажетті құжаттар түгел жіберілгенін айтып ақталды.
– Мердігерлер салған 80 үйдің құрылысы толық аяқталды, тұрғындар жаңа үйге қоныстанды. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Мердігерлер ұсынған құжаттар әділет органдарында тіркеліп, қорға жаңа жылға дейін жіберіліп қойған. Қажетті қағаздар толығымен жинақталған, – деді Серікжан Шитканов.
Бұл айтылғандар жиынға қатысқандарды одан сайын тығырыққа тіреді. Егер қорға құжаттардың толық пакеті жолданса, 10 компанияның электронды шот-фактуралары қайда кеткен? Бизнес қауымдастық бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Бұған дейін мердігерлер аталған сұрақ бойынша облыс әкімінің орынбасарына жүгінген. Әкімдіктегілер ақша әне- міне түседі деп сендіріпті.
– Біз бұл мәселе туралы бірнеше мәрте айттық. Билік өкілдері қаржы болады деп уәдесін берді. Ол кезде құжаттардың толық еместігі туралы ешкім тіс жарған жоқ. Егер шот-фактуралар расымен болмай шықса, біз екінші рет жолдар едік. Бірақ бұған дейін ешкім ол туралы ескерткен емес. Кімге сенеміз? – дейді «Ash stroy» серіктестігінің директоры Әміржан Шәкей.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша кеңес бұл мәселені өз бақылауына алды. Кәсіпкерлер 1 тәуліктің ішінде жетіспеген шот-фактураларды беретін болды. Ал қор өкілдері құжаттар толық жиналса, ақша бір аптадан кешіктірілмей жіберілетінін айтты.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер
палатасының
баспасөз хатшысы.