Елімізде 2011-2020 жылдарда жүзеге асырылуға тиіс “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасының қолға алынғаны белгілі. Осы орайда облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі туралы “Қазсушар” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның “Есіл су” филиалының директоры Серік Ысмайыловты әңгімеге тартқан едік.
– Серік Нұртазаұлы, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қалай жүргізілуде?
– Су – тіршілік көзі. Сондықтан сусыз өмір сүре алмайтынымыз анық. Ал біздің басты мақсатымыз – тұрғындарды сапалы ауыз-сумен қамтамасыз ету. Осы бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Өздеріңізге белгілі “Ақ бұлақ” бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама облыста қарқынды жүргізілуде деп толық айта аламыз. Аталмыш бағдарлама бойынша Соколов топтық су құбырының бірінші кезеңі қараша айында іске асуы керек. Топтық су құбыры іске қосылған соң 13 елді мекен сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмек. Оның екінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттары жыл соңына дейін дайындалып берілсе, келесі жылдан бастап құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Негізінен, топтық су құбырларын жөндеу жұмысы 2-3 жылды қамтиды. Екінші кезең де ойдағыдай аяқталса, тағы 33 елді мекен сапалы ауызсуға жариды.
– Облыс бойынша бізде неше топтық су құбыры бар? Және шалғайдағы ауылдардың, ауызсуға мұқтаж барлық елді мекендердің мәселесі қалай шешілуде?
– Өңірде Булаев, Соколов, Есіл, Преснов сынды төрт топтық су құбыры бар. Судың сапасын қадағалайтын төрт зертхана да жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардан судың сапасына қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Топтық су құбырларының ең ірісі Булаев топтық су құбыры болып саналады. Оған Ақжар, Тайынша, Аққайың, Мағжан Жұмабаев пен Қызылжар ауданының жартысы кіреді. Ал Есілдің қарамағында Тимирязев, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар бар. Соколов Қызылжар ауданын қамтыса, Есіл, Жамбыл, Мамлют аудандары – Преснов топтық су құбырының еншісінде. Сонымен қатар, Есіл топтық су құбырын Қостанай облысының Сарыкөл, Қарасу аудандары да пайдаланады.
– 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша қанша жоба жүзеге асырылды?
– Булаев топтық су құбырының бірінші, екінші, үшінші кезеңі жүзеге асты. Өткен жылы бір жоба жүзеге асса, жоғарыда айтып өткенімдей, биыл Соколов топтық су құбырының бірінші кезеңін қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Соколов су құбырына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ал былтырдан бері Преснов топтық су құбырының бірінші кезеңі бойынша жұмыс атқарылуда. Былтыр 800 миллион теңге қаражат жұмсалса, биыл 780 миллион теңге игерілуі керек. Ал Сергеев су қоймасының жанындағы Көкшетау топтық су құбыры Айыртау ауданының бірқатар елді мекені мен Шал ақын ауданының алты ауылын қамтамасыз етеді. Преснов топтық су құбырында жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда, шамамен алғанда 2018 жылы пайдалануға берілмекші.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ауызсуға қолжетімділік 2020 жылға дейін 100 пайызға жуықтауы қажет деп айтқан болатын. Бұл белесті біз бағындыра аламыз ба?
– Біз сол межеге жету үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Елбасымыздың тапсырмасына орай 2020 жылға қарай облыс тұрғындары 80 пайызға жуық сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Келесі жылы Соколов топтық су құбырының төртінші, бесінші кезеңдері аяқталса, Тайынша, Ақжар аудандарына су жаңа құбырмен беріледі. Негізінен су құбырлары ескі. Олардың барлығы 60-70-ші жылдар аралығында салынған. Сондықтан, судың да сапасы нашар болады. Қазір олардың әбден тозығы жетіп тұр. Өйткені, темір су құбырының пайдалану мерзімі 20-25 жылдан әрі аспайды. Бүгінгі таңда олар полиэтилен құбырларға ауыстырылуда. Бұл құбырлардың пайдалану мерзімі – 60 жылдай.
– Бүгінгі таңда облыста қанша елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді?
– Булаев топтық су құбыры арқылы 41 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізіліп, 31297 адам таза сумен қамтамасыз етіліп отыр. Ал Есіл топтық су құбыры бойынша 15690 адам “Ақ бұлақтың” шапағатына бөленуде. Соколов топтық су құбыры биылғы жылдың қарашасында пайдалануға берілсе, 16 елді мекендегі 12000 адам ауыз-сумен қамтамасыз етілмекші. Сондай-ақ, 468 шақырымы жаңартылғаннан кейін Преснов топтық су құбыры арқылы 2018 жылы 42 елді мекенге ауызсу жеткізілетін болады. Бүгінгі таңда облыстағы 215 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп отыр.
– “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қанша қаражат бөлінді? Оның игерілуі қалай?
– Осы күні бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінуде. Биыл 2 миллиард 300 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін оның 75 пайызы игерілді. Жыл соңына дейін толық игереміз. 2020 жылға дейінгі барлық құрылыс-монтаж жұмыстарына 52 миллиард теңге қаржы керек.
– Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, біраз елді мекендер ауызсуға қол жеткізген. Десек те, облыста әлі ауызсуға жарымай отырған елді мекендер бар ғой.
– Облыс бойынша қазіргі күні 18 елді мекенде ауызсу жоқ. Өңір басшысы бізге нұсқау беріп, елді мекендерге суды жеткізуді тапсырды. Бүгінде нақты жұмыс атқарылуда. 2020 жылға дейін барлығы сапалы ауызсуға қол жеткізеді. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша 504 елді мекен ауызсуға қол жеткізуі тиіс болса, қазір жұмыстың елу пайызы орындалды.
– Алдағы жылдың жоспарларына да тоқтала кетсеңіз.
– Біздің алға қойған мақсатымыз көп. Негізі топтық су құбырларын уақытында іске қосып, пайдалануға беру. Преснов топтық су құбыры бойынша бірінші, екінші кезеңде 44 елді мекенді сапалы ауызсуға қосуды жоспарлап отырмыз. Булаев топтық су құбырының үш кезеңі аяқталды, енді 4, 5, 6, 7 кезеңдер іске асырылмақ. Алдағы уақытта Соколов топтық су құбырының екінші кезеңі басталмақшы. Осы орайда, мен тәжірибесі мол Қайыржан Қашкенұлы, Валерий Гудзенко, Сейітжан Жанпейісов, Дулат Қалиев сынды мамандардың еселі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жастардың да талпынысы көңіл қуантады. Өз ісінің білікті де білімді мамандары халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге сүбелі үлестерін қосуда. Осындай елдің қамын ойлаған азаматтарға ризашылығым шексіз.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.