
Биыл шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем тағайындауға 17 тамызға дейін азаматтардан 2 млн. 564 мыңнан астам өтініш қабылданды. Төлем мөлшері ең төменгі жалақыға – 42 500 теңгеге тең. Төлемді 2 млн. 341,1 мың қазақстандық алды. Соның ішінде 2 млн. 328,2 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты ең төменгі жалақының жартысы – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. 2 млн. 564 мыңнан астам өтінімнің ішінде:
– 834,8 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген;
– 666,5 мың адам “еgov.kz” порталы және “telegram-боттар” арқылы;
– 401,9 мың адам “42500.enbek.kz” порталы арқылы;
– 660,7 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы;
– 0,3 мың адам штабтар арқылы өтініш берген.
Азаматтардың санаттары бөлінісінде:
– 834,8 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген (проактивті форматта);
– 252,4 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген;
– 1 млн. 477 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).
Төлем 2 млн. 350,3 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн. 341,1 мың қазақстандыққа аударылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан аумағында карантиннің 2 аптаға ұзартылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем алушыларға ең төменгі жалақының жартысы – 21 250 теңге мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
2020 жылдың шілдесінде біржолғы төлем алған қазақстандықтарға карантиннің ұзартылуына байланысты қосымша ақы автоматты түрде тағайындалады. Қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Карантин ұзартылғаннан кейін біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ең төменгі еңбекақысы немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.
Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Маржан ТІЛЕУБЕКОВА.