Петропавл қаласының тұрғыны, отыз төрт жастағы Татьяна Култышева он екінші баласын өмірге әкелді. Жаңа жылдың алғашқы айының 8-ші жұлдызынан 9-ына қараған түні дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Даниил деп қойыпты. Сәбидің салмағы – 3 килограмм 900 грамм, бойы – 53 сантиметр. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың жағдайы жақсы. Оларды перзентханадан шығару үшін отағасы барлық баласын өзімен бірге ала келіпті.
“Алтын алқа” иегері тұңғышын 20 жасында босаныпты. Көпбалалы ана мемлекет тарапынан ай сайын жәрдемақы алады. “Бұл – мемлекетіміздің ана мен балаға деген ерекше қамқорлығының көрінісі. Балапандарымыздың барлығын бірдей жақсы көреміз. Оларды жан-жақты жетілдіріп, Қазақстанның толыққанды азаматы етіп тәрбиелеу үшін атсалысамыз. Ана үшін бұдан артық бақыт жоқ.”, – дейді Татьяна Култышева.
– Бұған дейін тоғызыншы, оныншы рет босанған әйелдер болды. Бірақ осы жаста осынша балаға жарық дүние сыйлау кез келген ананың қолынан келе бермейтін, өте сирек кездесетін жағдай, – деді акушер-гинеколог дәрігер Юлия Елькина.
(Өз тілшіміз).