«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

341 СЕРІКТЕСТІК ЕГІН ЖИНАУДЫ АЯҚТАДЫ

Ауа райының қиындықтарына қарамастан, облыста орақ жұмыстары жалғасуда. Қызылжар өңіріндегі 341 шаруашылық күзгі науқанды толығымен аяқтады. Солардың бірі – Аққайың ауданының қиялы ауылындағы “Гагарино” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

“Гагарино” ЖШС-нің иелігінде бүгінгі таңда 1418 гектар егістік алқап бар. Үстіміздегі жылы шаруашылық 680 гектарға – бидай, 200 гектарға – арпа, 430 гектарға рапс сепкен болатын.

– Биылғы орақ науқаны барысында ауа райының қолайсыздық танытуына қарамастан, күзгі орақ науқанын ойдағыдай аяқтап шықтық. Әр гектардан орташа есеппен 20 центнерден өнім алдық, – дейді серіктестік басшысы Серғазы қарымсақов.  

Агроқұрылым басшысының айтуына қарағанда, Үкімет дәнді дақылдардың әр гектарына – 12 мың теңге, арпаға 1,5 мың теңге жәрдемқаржымен көмек көрсеткен. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай берген. “Бұл – біз сияқты агроқұрылымдар үшін үлкен қолдау”, – дейді жергілікті диқандар.

Аталмыш агроқұрылым күзгі орақ науқанын аяқтай салысымен, көршілес шаруашылықтарға көмек беруге кірісіп кетіпті.

– Аудандағы 163 мың гектар алқаптың 120 мың гектардайы толығымен жиналып алынды. Гектар басына 16-17 центнерден айналуда. Бұйыртса, күзгі науқанды 5-6 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жанар-жағармай барлық серіктестіктерде жеткілікті мөлшерде. Бүгінге дейін аудандағы 10 шаруашылық орақ науқанын толықтай аяқтады, – дейді Аққайың ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы және шұғыл мәселелер жөніндегі орынбасары Еркін Жақыпов.

Бақыт СӘДУАҚАСОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp