Қарашаның 29-ы күнінің іңірінде “Мамлют орман шаруашылығы” КММ-ға қоңырау шалған А. Чуканов есімді аңшы Белое ауылдық округіндегі Мураш көлінің қасында ақ қарға таңба басқандай түз тағысының ізі және аққан қаны күдік тудыратынын хабарлап, жараланған аңды бұланға ұқсататынын айтады.
Оқиға орнына жетіп, із кескен инспекторлар Белое көлінен екі шақырым жерде “УАЗ-36629” маркалы көлікті тоқтатып, оны тексерген кезде-ақ күдік туғызады. Көліктің ішінде отырған үш адам Петропавл қаласының тұрғындары болып шығады. Олардың қарулары тіркелген, аңшылыққа рұқсат қағаздары қолдарында бар, бірақ бұл азаматтар атуға тыйым салынған жануарға мылтық кезеген. Өз істерінің заңсыз екенін жақсы түсінген аңшылар олжасын Белое ауылындағы таныстарының қорасына апарып сойған. Ол жерге жедел жеткен тәртіп сақшылары бұланның боршаланған етін, басы мен тұяқтарын және терісін оңай тапты. Сол жерде қылмыстық заңнаманың 298-бабының 2-1-тармағы бойынша екі хаттама толтырылып, құжат сотқа жіберілді. Олардың ісі әкімшілік сотта қаралып, айыптылар өз жазасын тартты. Қоршаған ортаға тигізген залалдары үшін олар 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды бөліп төледі. Мұнымен іс біткен жоқ. Браконьерлердің үшеуі де облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімінің жүргізушілері екендігін ескерсек, мекеме әкімшілігі оларды тәртіптік жазаға тартары сөзсіз.
Бұлан – сиреп бара жатқан түз тағысы. Бұл күнге дейін өңірімізде 38 бұлан бар еді, енді оның тағы біреуі кеміді.
Гүлмира СӘУЛЕБЕКОВА,
облыстық табиғат ресурстары және
табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы.