«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

3D ПРИНТЕРІ — ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӨНІМ

 

Сенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралады. Өңір басшысы алдымен ат басын “Солтүстік” көтерме-сауда базарына бұрды. Мұнда апта сайын сенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Тұтынушыларға ұсынылатын ет, сүт, ұн, көкөніс, жұмыртқа, бал өнімдерінің көптеген түрлері қаладағы басқа базарлардағыдан біршама төмен бағамен сатылады. Өңір басшысы базардағы сатушылармен әңгімелесті.

Ет сатылатын жерде он шақты адам кезекте тұр. Сиыр етінің бағасы әртүрлі, 970 теңгеден 1200 теңгеге дейін сатылуда. Қой еті де жеткілікті. Орташа бағасы – 1000 теңге. Мағжан Жұмабаев ауданынан картоп мол жеткізілгені көрініп-ақ тұр. Бағасы да қала базарларындағыдай 120-130 теңге емес, екі есе арзан – 65 теңге.

Жемістердің бағасы да қолжетімді. Тұрақтандыру қоры ұсынған тауарлардың бағалары да көңілге қонымды. Бұл жерде қарақұмық, қант, сәбіз, күнбағыс майы, қырыққабат, картоп, қызылша, күріш, тағы басқа тағамдық өнімдер қолжетімді бағамен сатылып жатты. Құс еті, шұжықтар, бал мен балық та жәрмеңкеге келген тұтынушыларға ұсынылған тауарлардың қатарында. Бұл базарда негізінен Қызылжар ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қызмет көрсетеді.

Бұдан кейін Ерік Сұлтанов заман көшіне ілесіп, жаңа инновациялық өнімдер шығарумен айналысып келе жатқан іргелі кәсіпорын – “Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында болды. Ерік Хамзаұлы жаңадан шығарылатын 3D принтерлерінің алғашқы үлгілерімен танысты. 3D принтерлерін болашақта сұранысқа ие болатындай сапалы шығару қажеттігіне тоқталып, мамандарға сәттілік тіледі. Бұл өнім үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында шығарыла бастайды. Оның бағасы 500 мың теңге шамасында болмақ. Онымен өңіріміздегі білім беру мекемелері қамтамасыз етіледі.

“Корона” сауда үйінде де жәрмеңкеге келіп, өздеріне қажетті азық-түлік өнімдерін сатып алып жатқандардың қарасы қалың көрінді.

Аталған сауда үйімен іргелес теңдесі жоқ жаңа нысан салынуда. Ол – үшқабатты, 23 мың шаршы метр жерді алып жатқан мәдени-сауықтыру кешені. Мұндағы жұмыс та күннен-күнге қарқын ала түсуде. “МДМ Сауда компаниясы” ЖШС-нің құрылтайшысы Мехти Дадашов облыс әкіміне бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді. Әңгіме барысында Ерік Хамзаұлы жұмысты сапалы атқаруды, кешен үстіміздегі жылдың тамыз айынан кешіктірілмей тапсырылуы керектігін айтты.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp