Өңірімізде жыл басынан бері 40 жүргізуші көлікке мас күйінде отырғаны үшін әкімшілік қамауға алынды.
Облыстық полиция департаменті алкогольдік ішімдік қабылдап жолға шығатын жүргізушілермен күресті күшейтті.
– Мас адам жол қозғалысына қатысушылардың барлығына да қауіп төндіреді. Жыл басынан бері осындай жүргізушілердің кесірінен үш бірдей жол-көлік апаты орын алып, төрт адам жарақат алды, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Сол оқиғалардың бірі Петропавл қаласының Мир және Абай көшелерінің қиылысында болып, 60 жастағы әйел көлік астында қалды. Ал Батыр Баян көшесінің бойындағы жол-көлік оқиғасында жолаушы әйел зардап шекті. Аударылып қалған көліктің жүргізушісі мас болған. Тайынша ауданында “Mazda” автомобилін тізгіндеген мас адам ВАЗ 2107 көлігін соғып кетіп, екі жүргізуші де жарақат алды.
Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 312 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Бүгінде олардың жартысы үш жылға дейінгі мерзімге жүргізу куәлігінен айырылды, қалғандары соттың шешімін күтуде. Мас күйінде рульге отыруды әдетке айналдырған 40 шақты жүргізуші 15-тен 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынды. Олардың дені – бұған дейін жүргізу құқығынан айырылғандар.