Облыстық әкімдіктегі аппарат кеңесі кадрлар тағайындаудан басталды. Виктор Викторович Молодовский Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен министрліктің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жаңа басшыны: “Виктор Молодовский – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тамамдаған, кеден ісі, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы. Еңбек жолын 2001 жылы Тайынша аудандық орталық аурухананың ақпараттық технологиялар маманы болып бастады. 2004-2005 жылдары “СҚО жастар ұйымдарының қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің әскери-патриоттық клубтарының үйлестірушісі болып істеді. 7 жыл “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының кеңесшісі, төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 2012-2015 жылдары Мамлют ауданындағы Ленин ауылдық округінің әкімі, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы қызметін атқарды. 2015 жылғы наурыздан бастап осы тағайындауға дейін ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді”, – деп таныстырды.
Аппарат кеңесінің күн тәртібіне медицина қызметіне ақы төлеу комитеті департаментінің жұмысы және мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығының аясындағы жобаларды жүзеге асырудың барысы туралы екі мәселе енгізілді.
Медицина қызметіне ақы төлеу комитетінің департаменті тегін медициналық жәрдемнің кепілді көлемінің қызметіне ақы төлеу саласындағы істерді жүзеге асырумен айналысады. Өткен 8 айдағы жұмыс нәтижесі туралы департаменттің басшысы Дәуренбек Бейсембаев баяндады.
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында облысымызда 2015-2019 жылдары 28,6 миллиард теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылады, 2006 жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыстардың барысы жөнінде СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Жүсіпов айтып берді.