Өңірімізде оралман мәртебесін алу уақытын өткізіп алған 89 адам тұрады. Соның ішінде 26 отбасы Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында тұрып жатыр. Осы орайда облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін ауданға шықты.
– “Халықтың көші-қоны” заңына сәйкес оралман мәртебесі 1 жылға тағайындалады. Оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кетсе, оралман кейін азаматтық ресімдеген кезде жеңілдіктерден айырылады. Мәселен, ең алдымен бұрынғы азаматтықтан шығып, Қазақстанның аумағында 5 жыл тұру керек болады. Біздің қызметкерлер жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірге үй-үйді аралап, оралман мәртебесін ұзарту бойынша өткізілетін арнайы акцияның мағынасын түсіндіреді және аталған қиындықтардан шығар жолды көрсетеді, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция майоры Талғат Әбілов
Полицейлер оралмандарға Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін оралман мәртебесін ұзарту және жеңілдетілген түрде қазақстандық азаматтықты қабылдау мәселесін шешу мүмкіндігі беріліп отырғаны туралы түсіндірді. Қажетті құжаттар туралы толық ақпарат берілді.
Аудандардағы көші-қон топтары осындай жұмысты кең көлемде жүргізеді. Нәтижесінде 89 адамның 41-і оралман мәртебесін ұзартты. 38 адам Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға өтініш берді.