Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткізілген брифингте облыс жолдарындағы жедел жағдай туралы мәселе қаралып, құтқару жұмыстарының нәтижесі жария етілді.
Департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, қаңтардың 23-і мен 26-ы аралығында ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыс жолдарында қолайсыз жағдай туындап, 25 рет қар кептелісі орын алған. 149 адам қар құрсауынан құтқарылып, 61 адам эвакуацияланды. Соның ішінде 14 бала бар. 14 жеңіл автокөлік тазаланған учаскеге шығарылды.
«Құтқару шараларына полиция департаменті, жол қызметі, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен тұрғындар, барлығы 123 адам және 59 техника жұмылдырылды. Облыстың 4 ауданында (Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Тимирязев) өте күрделі жағдай қалыптасты. Бұл аудандарда 4 жылыту қосыны ашылып, онда 61 адам орналастырылды», – деп атап өтті Рамиль Фаткулович. Төтенше жағдайлар, ауа райының өзгеруі туралы халықты жылдам хабардар ететін “Дәрмен” мобильді қосымшасын смартфондарға орнатуды ұсынды, сондай-ақ ауа райы нашарлаған кезде төтенше қызметтің ұсыныстарына құлақ асуға шақырды.
Одан кейін «Қазгидромет» кәсіпорны бастығының орынбасары Наталия Левина алдағы ауа райы жағдайы туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, брифингте жол тазалау, қозғалысты реттеу және оқыс оқиғаға душар болған адамдарға көмек көрсеткен полиция департаментінің, «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының, «Казахавтодор» ЖШС өкілдері атқарылған жұмыс туралы баяндады.
Брифингті қорытындылай келе, Рамиль Фаткулович қыс басталғалы облыс жолдарында 53 төтенше жағдай тіркелгенін айтты. Атап айтқанда, 36 көлік қар құрсауынан құтқарылса, 2 автокөлік апаттық тоқтауға мәжбүр болған. Жол шетіндегі жыраларға түсіп кеткен 10 автокөлік шығарылып, 4 рет медициналық көмек көрсетілді, 1 рет іздестіру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 411 адам құтқарылды.