“Бизнестің жол картасы – 2020” шеңберінде кәсіпкерлік жобаларды ұйымдастыру мен іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру 2010 жылдан бері қолға алынып келеді. Бұл қолдау шарасы шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруға бағытталған. Бағдарлама шарты бойынша байқауға өз кәсібін дөңгелетуге ниетті жастар, әйелдер мен мүгедек жандар және жасы 50-ден асқандар қатыса алады. Елімізде байқау биыл 5-ші рет өткізіліп отыр. Былтыр мемлекеттік грантқа үміткерлер саны 20-ға жуық болса, биыл 43 кәсіпкер өтініш білдірді.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарованың айтуынша, мемлекеттің қайтарымсыз демеуқаржысы экономиканың басым секторларында жаңа идеясы бар жобаларға беріледі. Байқауға қатысып отырған кәсіпкерлердің бағыттары әртүрлі. Олардың бастамаларына әділ баға беретін комиссияның құрамы ұлттық палата өкілдерінен, ғалымдардан, сондай-ақ, білдірілген өтініштердің бағытына қарай сала мамандарынан құралған.
Байқау үміткерлері бірінші кезеңнің сынынан өту үшін комиссия алдында бизнес-жоспарларының бағыттары мен мақсаттарын баяндап, өздерінің грант алуға лайық екендерін дәлелдеуге тиіс. Әлбетте, мемлекеттік қордан бөлінген қаржы шектеулі болғандықтан, 43 үміткердің ішінен бизнес жобалары ұшқыр 4-5-еуі ғана жеңіс тұғырына көтеріле алады. Солтүстікқазақстандық жеңімпаздар биыл мемлекеттік қордан бөлінген 11 миллион теңгені бөліске салады. Бір жобаның құны 500 мың теңгеге бағалануы мүмкін, сондай-ақ, шекті 3 миллион теңгеге де жетуі ықтимал. Ол таңдалған жобалардың қаржылық талаптарына байланысты. Әрине, іріктеу кезінде жаңа, ерекше бизнес-жоспарларға, бұдан бұрын қазақстандық нарықта болмаған тауарлар мен қызметтерді ұсынған кәсіпкерлерге басымдық беріледі.
Аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері облыста 12 жоба іске қосылған. Оларға мемлекет 30 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз демеуқаржы берген. Байқауда жеңімпаз атану өз алдына, сондай-ақ, мемлекеттің білдірген сенімін ақтап, қаржыны мақсатты жұмсап, белгіленген мерзім ішінде бизнестен нәтиже шығару – кәсіпкерге міндет. Ал оны “Даму” қорының өңірлік филиалы қадағалайды.
Әр үміткер комиссия алдында өзінің бизнес-жобасын жеке-дара қорғап, олардың қосымша сұрақтарына жауап берді. Сыннан сүрінбей өткендерге хаттама толтырылып, ол құжаттар аумақтық үйлестіру кеңесінің отырысына жіберілді. Үміткерлердің қайсысы мемлекеттің қайтарымсыз қаржысына қол жеткізгені осы жылдың тамыз айының басында белгілі болады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.