Тайынша аудандық және облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесе жүргізген жедел тексеру барысында «ЗиЛ» жүк көлігі тоқтатылған. Көлікте салмағы 4,5 тонна «artemia salina» шаяны салынған 105 қап табылған. 1987 жылы туған жергілікті тұрғында көліктегі жүкке қатысты ілеспе құжаттары болмаған. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді, ал жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды. Шығын сомасы анықталуда. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға қатысты жұмыс жүргізуде.
– «Аrtemia salina» шаяны – бұл фармакологияда қолданылатын құнды биологиялық ресурс, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтанов. – Ол «қара базарда» сұранысқа ие және қылмыстық әрекеттердің нысанасына айналып отыр. Шаян тәрізді жәндіктері бар көлдер жалға алынады, ұрлау фактілері бұрын да тіркелген. Бұл жағдай жыл басынан бері Тайынша ауданында шаян тәрізділерді тәркілеудің ең ірі көлемі болып отыр.