Бюджет қаржысын талан-таражға салған қылмыстық топқа қатысты сот отырысы басталды.
Сот отырысының қаулысына сәйкес Петропавл қаласы әкімдігінің бұрынғы қызметкерлері қылмыстық топ құрып, 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Олар 5 жыл қатарынан базар сатушыларынан салық жинап, оның басым бөлігін өзара бөліске салған. Сектор меңгерушісі болып қызмет еткен Әлім Шаймерденов пен бұрынғы аға бақылаушы Алмат Рақымжанов 2011 жылдан бері тергеу абақтысында отыр. Ал қалған күдіктілер – есепші Гүлмира Кәтиенова мен кассир Жұмабике Омарова ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
Қылмыстық материалдар 450 томды құрайды. Бастапқыда бұл іс бойынша 7 адам айыпталған болса, қосымша тергеу амалдарынан кейін олардың үшеуі куә ретінде қатыстырылуда.
Бір кездері осы қылмыстық оқиғаға қатысты іс қозғалып, орта жолда тоқтап қалған болатын. Енді қайта қолға алынып, қылмысқа қатыстылығы бар тұлғалар анықталмақ.
(Өз тілшіміз).