«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

5 қазаннан мектептер ерекше тәртіп бойынша жаппай тексеріледі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында еліміздегі жалпы білім беру мектептерінде санитарлық нормалардың сақталуы талқыланды.

 

Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов оқу жылының басынан бері мектептерде жүргізілген тексеру мониторингінің қорытындысын баяндады. Мәселен, 697 мектептің 134-інде санитарлық нормалар бұзылғаны анықталған. Бұл ретте, бұзушылықтардың негізгі бөлігі ауылдық мектептерде анықталған. Тексеру кезінде, көптеген мектептерде пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын жинауға және жоюға арналған арнайы қоқыс жәшіктерінің және мектеп ішінде жүру кезінде ара қашықтықты сақтауды қамтамасыз ететін белгілердің болмағаны анықталды. Сондай-ақ, қызметкерлердің бетперде режимін сақтамау фактілері анықталды. Мысалға, Орал қаласындағы № 46 мектепте, Нұр-Сұлтан қаласындағы № 55 орта мектепте және Солтүстік Қазақстан облысындағы №2 Бескөл орта мектебінде, Павлодар облысының Жаңатілек ауылындағы Хайдаров атындағы мектепте, Баянауыл ауданындағы Уынбұлақ орта мектебінде мұғалімдер мен оқушыларға термометрия жүргізілмеген.

15 мектептің кіреберісінде ара қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету белгілері жоқ (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, СҚО және Қарағанды облыстары).

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары әкімдерге бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Биылғы оқу жылының екінші тоқсанында мектептердің қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің дайындық жағдайын бағалау ескерілетін болады. Ағымдағы жылдың 5 қазанынан бастап жалпы білім беру мектептерін ерекше тәртіп бойынша жаппай тексеру жұмыстарының басталатынын атап өту қажет.

“ҚазАқпарат”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp