Соңғы жылдары саламатты өмір салтын ұстанған солтүстікқазақстандықтардың саны артуда. Ресми мәліметке сәйкес, бұқаралық спортпен шұғылданатын жерлестеріміздің саны биыл 176 мыңға жеткен. Олардың қатарында зейнет жасына жетсе де, кәрілікке бой алдырмай жүрген қарттар да жетерлік. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны, марафоншы Қазыбек Бекеев.
Әдетте спортшылардың спорттық мансабы қысқа болатыны белгілі. Дегенмен, бұл қағиданы бұзып, адам ағзасының мүмкіндігі орасан зор екенін ісімен дәлелдеп жүрген солтүстікқазақстандықтар бар. Біз бұған дейін солтүстікқазақстандық гір көтерушілер – бірнеше дүркін әлем чемпионы, 10 рет әлемдік рекордты жаңартып, 58 жасында Гиннестің кітабына есімі енгізілген рекордшы Виктор Сайко және 63 жасында Ресейдегі Архангельск қаласында бір мезгілде өткен әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінде жеңіске жетіп, бір өзі 12 медаль алып келген Ерік Нұрпейісов туралы жазған болатынбыз. Елімізге танымал марафоншы, спорт шебері, 43 жастағы желаяқ Әскер Қожанов та республикалық және халықаралық марафондар мен ультра марафондардан бір қалып көрген емес. Бұл жолғы кейіпкерімізді де олардың қатырына жатқызуға болады.
Бүгіндері 66 жасты еңсерген Қазыбек Кәкімұлы – Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тумасы. Ауыл мектебінен соң, Петропавлдағы педагогикалық училищеде білім алған Қазыбек Кәкімұлы еңбек жолын Андреевка және Амангелді кеңшарларында бригадир болып жұмыс істеген. Өмір жолында екі ұл мен төрт қызды тәрбиелеген қария өз әулетінің жапырағы жайқалған бәйтерегіндей.
– Мен ұлдарымды ұяға қондырып, қыздарымды қияға ұшырған бақытты жанмын. Ондаған немерелерім мен шөбелерім бар. Бала-шаға ер жеткен соң денсаулығымды түзеу мақсатында спортпен айналысуға бел шештім. Мақсатыма жету үшін облыс орталығындағы жеңіл атлетика үйірмесіне барып, жастармен қатар жаттыға бастадым. Аллаға шүкір, бірнеше жылдан кейін тәжірибелі марафоншылармен тең дәрежеде өнер көрсететін деңгейге жеттім. Ел аумағында ұйымдастырылған марафондарға қатысып, өз жас тобымда бағымды сынай бастадым. Бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріме ризамын. Денсаулығым да нығайып, жыл сайынғы тұмау мен ангина сияқты аурулардан біржола құтылдым, – дейді Қазыбек Кәкімұлы.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.