«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

550 МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ

Облыстық әкімдікте өткен отырыста жылыту маусымының өту барысы және  «Таза Қазақстан» республикалық акциясының жүзеге асырылуы  қаралды.

Бүгінгі таңда жылумен 585 білім беру нысаны, 1435 көппәтерлі тұрғын үй және 363 денсаулық сақтау нысаны қамтамасыз етілген. Барлық 490 қазандық штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар мен технологиялық бұзылу деректері тіркелмеген.

«Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында 7 блок-модульдік қазандық орнатылды. Бұл 20 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанға тұрақты жылу беруді қамтамасыз етті. Сондай-ақ Пресновкада 2 көпқабатты үй мен 7 әлеуметтік нысан қосылды. Аудандарда 7 қазандық алмастырылды. Келесі жылыту маусымында Саумалкөл және Новоишим ауылдарында орталық қазандықтар мен жылу желілерін іске қосу жоспарлануда, Талшық ауылында да жылу желілері тартылады. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тимирязев аудандарында жаңа блок-модульдік қазандықтар орнатылады», – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуандық Шақубаев.

Бүгінде облысқа жылу беруді №2 жылу-электр орталығы, 24 орталық қазандық және 466 автономды қазандық қамтамасыз етеді. Стансада 8 қазандық пен 6 турбина агрегаты жұмыс істейді, резервте 2 қазандық пен 1 турбина бар. Бір қазандықты күрделі жөндеу басталды, сондай-ақ жаңа мұржаны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар қатты тасқыннан зардап шеккен 53 шақырым жоғары вольтты электр желісі мен 737 баған қалпына кел-тірілді.  

Жиында облыс әкімі энергетика саласында маман тапшы екенін атап өтті. Қазір энергетикалық кәсіпорындарда 550  жұмыс орны бос. Әсіресе электрмонтерлер, электрослесарьлер, инженерлер мен дәнекерлеушілер жетіспейді. Осыған байланысты «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңір басшысы оқу орындарын облысқа қажетті мамандарды даярлауға қайта бағдарлауды тапсырды.

Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғаннан бері облыста 271 іс-шара ұйымдастырылып, 2,8 мың экологиялық акция өткізілді. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүр-гізіліп, 638 кездесу ұйымдастырылды, онда санитарлық талаптар мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Өңірде былтыр рұқсат етілмеген 116 қоқыс орны анықталды. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, анықталған заңсыз қоқыс орындары бойынша аудандық және қалалық әкімдіктерге тиісті хат жолданған. Алайда заңсыз полигондардың 91 пайызы ғана жойылды. Шара қолданбаған 9 ауылдық округ әкіміне 221 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылы маңындағы қоқыс полигонына қатысты мәселе әлі шешілмеген. Осыдан төрт жыл бұрын департамент Бескөл ауылдық округі әкімінің аппаратына қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, 8 га аумақта рұқсатсыз қоқыс полигонының жайылып жатқанын анықтады. Нәтижесінде Бескөл ауылдық округінің әкіміне 87,5 мың теңге айыппұл салынып, олқылықты жою туралы ұйғарым берілді.

Жалпы Петропавлда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны және қоқысты қайта өңдеу мәселесін шешу мақсатында техноэкопарк салынады.

Әкімдік отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік органдарға экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі  тұжырымдаманы  жүзеге асыруға арналған өңірлік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету, ағаш отырғызу және аумақтарды тазарту жұмыстарын жандандыру бойынша тапсырмалар берді. Сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет-тілігі атап өтті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp