Президенттік жастар кадр резерві үміткерлерінің қабілеттерін тестілеу аяқталды. Бұл кезеңде үміткерлер 24 сағат ішінде күрделі мәтіндік және сандық ақпаратты талдау қабілеттерін анықтауға бағытталған тест тапсырды. Әрқайсысы 25 тапсырмадан тұратын вербалды және сандық тесттен өтуге сәйкесінше 25 минуттан берілді. Бұл кезеңде қатысушылар шектеулі уақыт ішінде мәтіндік материалдар мен құжаттарды сараптап, сандық көрсеткіштері бар диаграммалармен, кестелермен жұмыс істеді. Тестілеу қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған 904 адам келесі кезеңге өтті.
Сандық және вербалды тестілердің күрделілігі ең үздік деген үміткерлерді іріктеуге мүмкіндік берді. Белгіленген талаптарға сәйкес 50-ден 30 балл жинағандар тестілеуден сәтті өтті деп деп есептеледі. Бұл үміткерлердің қабілеттерінің деңгейі жақсы екенін көрсетеді.
Тестілеудің келесі кезеңі – тестілеуді верификациялау. Бұл кезеңге өткен үміткерлердің тізімі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында және pkrezerv.kz онлайн-платформасында жарияланды.
Естеріңізге сала кетейік, іріктеуге қатысу үшін алғашқы тіркеуден 13212 адам өткен болатын. Соның ішінде 7312-сі қыркүйек айының соңына дейін тіркеу ресімін толығымен аяқтады. Тестілеуге 5745 үміткер қатысты. Президенттік жастар кадр резервіне барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша үздік деп танылған және барынша даярланған 300 жас алынатындығын ескерсек, бәсекелестік бір орынға 19 адамды құрады.
Тестілеуді верификациялау 19 қазанда өтеді. Одан өту үшін үміткерлерге вебкамерасы мен микрофоны бар стационарлық компьютер немесе осындай гарнитурасы бар ноутбук қажет.
Сурет https://24.kz сайтынан алынды.